13.06.2025, 10:45
Оқылды: 350

Казталов ауданы: Қараөзен мектеп-лицейі күрделі жөндеуден өтуде

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осындай бастама Казталов ауданы Қараөзен мектеп-лицейінің де тынысын ашып, білім ордасы ғимараты мен оның интернатына күрделі жөндеу жүргізілуде.

IMG-20250610-WA0035

Жалпы, Қараөзен мектеп-лицейі ұзақ жылдардан бері ауыл балаларына білім нәрін сеуіп, талай шәкірттің қанатын қатайтып, болашақ өмірге ұшырған Казталов ауданындағы іргелі білім ордасының бірі. Мектептен түлеп ұшқан шәкірттердің арасында облыс, республикаға танымал болған еліміздің экономикасын дамытып, әлеуметтік жағдайын жақсартуға түбегейлі үлес қосқан, қазіргі таңда әлі де елге еңбек етіп жүрген азаматтар қатары аз емес. Мектеп-лицей түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден грант үлесі бойынша жоғары нәтиже көрсетіп жүр.
- Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде айтылып жүрген Қараөзен мектеп-лицейі мен оның интернатына күрделі жөндеу жұмыстары 2025 жылы нақты қолға алынып, бүгінгі таңда жұмыс өнімділігі қарқын ала бастады. Бұл жергілікті ауыл тұрғындары мен осы мектепте оқитын болашақ ұрпақ үшін үлкен қуанышқа айналуда. Оны оқушылардың ата-аналары – алақандай шағын ауылдың әлеуметтік дамуына серпін беретін маңызды оқиға теңеп отыр. Алдымен аталмыш жобаның басталуы мен дайындық кезеңін сөз етер болсақ, күрделі жөндеу жұмыстары жүрмес бұрын мектептің ғимараты мен интернаттың техникалық жағдайы толық зерделеніп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттамасы мектебіміздің түлектері – Бауыржан Шангереев пен Ержан Тойғожиннің демеушілігімен әзірленіп, құрылыс барысы мен жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін мердігер мекеме конкурс нәтижесінде «Жайық-Сити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі таңдалды. Таңдалған серіктестік құрылыс саласында тәжірибесі мол, өз кезегінде өңірде бірқатар әлеуметтік нысандарды сапалы аяқтап шыққан беделді ұйымдардың бірі. Жөндеу жұмыстарының мерзімі 5,5 айға жоспарланған. Осы аралықта мектеп ғимаратының шатырын ауыстыру, электр, жылыту және су жүйелерін толық жаңарту, ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізу, интернат бөлмелерін заманауи талаптарға сай жабдықтау, спорт залы мен асхананы қайта жөндеу жұмыстары жүзеге асырылуы тиіс. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімі тарапынан ерекше бақылауға алынып, жіті қадағаланып отыр. Жөндеу жұмыстарына апта сайын мониторинг жүргізіліп, орын алған мәселелер жедел шешілуде. Бұл бақылаулар жұмыс сапасының сақталуына және белгіленген мерзімнен кешікпеуге тікелей ықпал етеді деп үміттенеміз. Оның сыртында ауыл жұртшылығы құрылыс барысына тікелей қолдау білдіруде. Күрделі жөндеудің әлеуметтік мәні мен болашаққа әсері жөнінде маңыз бере айтар болсақ, бүгінгі күнге дейін Қараөзен мектеп-лицейі – ауылдың бірнеше буын түлегін тәрбиелеп шығарған киелі білім ордасы болып табылады.

IMG-20250610-WA0038

Мектеп-лицейдің интернаты  шалғайдағы елді мекен оқушыларына заман талабына сай сапалы білім алуларына үлкен көмек көрсетіп келеді. Күрделі жөндеуден кейін мектеп пен интернат толықтай жаңа кейіпке еніп, мұғалімдер мен оқушылар үшін қауіпсіз әрі жайлы, заманауи білім ордасына айналатынына кәміл сенеміз. Оның өзі оқу сапасының артуына, балалардың мектепке деген ынтасының көтерілуіне және жалпы білім беру деңгейінің жақсаруына кеңінен жол ашады. Күрделі жөндеу жұмыстарының сапалы әрі уақытылы аяқталуы – бірінші кезектегі мақсат болса, екіншіден аталмыш жоба – ауылдан шыққан азаматтардың туған жерге деген шынайы сүйіспеншілігінің, отансүйгіштігінің жарқын үлгісі деп есептейміз. Қараөзен мектеп-лицейінің қайта жаңғыруы – тек білім ғимаратының ғана емес, ауыл болашағының жарқын болуына бағытталған маңызды қадам деп бағалануда, - дейді мектеп базасында іске асып жатқан жобаның жұмысына көңілі толған Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Қайырлы Байжанов.
Ел болашағының жарқын жолындағы игілікті іске сәттілік серік болсын!

Қыдыр Харесұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале