Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасында ауыл жастары мен тұрғындары өз кәсібін ашуға мүмкіндік алып келеді. Қайтарымсыз грант арқылы кәсібін бастаған жастар мен тұрғындар саны жыл сайын артып келеді.

Казталов ауданында 2024 жылы жергілікті Мансап орталығы арқылы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған "Бастау бизнес" жобасы жүзеге асырылуда. Осындай мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Қошанкөл ауылының тұрғыны Амирхан Жапахов қайтарымсыз гранттың ІІ-ші легіне қатысып, комиссия мүшелерінің алдында өзінің бизнес жобасын қорғап, қайтарымсыз грантты ұтып алды. Алған қаржыға ол тігін машинасы мен қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, тігін шеберханасын ашты. Бүгінде күнделікті тұрмысқа қажетті түрлі өнімдер тігумен айналысады. Сонымен қатар тауық өсіріп отыр. Құс шаруашылығын өрбітіп, қазіргі таңда өнімін ауыл тұрғындарына қолайлы бағада сатып отыр.

- Армандарымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген бұл грант – мен үшін үлкен қолдау. Мемлекеттің бұл қолдауы - ауыл экономикасының дамуына, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң әсер ететін нақты қадам деп айта аламын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейткім келеді, - дейді Амирхан Боранбайұлы.
Қазіргі таңда еңбек еткен әрбір жанға мемлекет тарапынан мүмкіндік өте көп. Ерінбей уақытылы атқарылған жұмыс бақытқа, жақсы өмір сүруге жетелейді. Сол мүмкіндікті жіберіп алмай, еңбек етіп отырған Амирхан ағаға бастаған кәсібінің табысты болуын тілейміз!
Гүлнұр Бөлешова
Казталов ауданы