Теректіде мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп, жеке кәсіппен айналысып отырған көпбалалы ананың бірі – Ақшойын Қаражанова.

Ол 2023 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, шағын ателье ашқан. Бір адамды жұмысқа қабылдаған. Ісмер ана тұрғындардың сұранысына сай киімдер тігеді, қысқартады, жөндейді.
– Әсіресе мереке-мейрам қарсаңында тапсырыс көбейеді. Түрлі ұлттардың ұлттық киімдерін, костюмдер тігемін. Балабақша, мектеппен қоштасу кештеріне қажет ұсақ-түйек заттарды тігуге тапсырыс береді. Қажетті мата-жіптерді Орал қаласындағы базарлардан сатып аламын. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттың кәсіп ашқысы келетін адамдарға зор пайдасы бар. Мысалы, менің тігін машинам ескі еді. Грант қаражатына киім тігетін және ою-өрнектерді кестелейтін жаңа жабдықтар сатып алдым. Осылайша, бұрынғы құралдарымды жаңаладым. Бұл тауарлардың сапалы болуына, тапсырысты дер кезінде аяқтауға мүмкіндік береді. Сондықтан қолынан іс келетін азаматтар мұндай мүмкіндікті пайдалануы керек деп санаймын. Игі бастамаларды ұдайы насихаттап отыратын аудандық мансап орталығының басшысына, мамандарына ризашылығымды білдіремін, – деді Ақшойын Ибрайқызы. Көпбалалы ананың алаңсыз жұмыс істеуіне жұбайы жан-жақты қолдау көрсетіп отыр.
Аудандық мансап орталығының маманы Алпамыс Диясов айтып өткендей, мемлекеттік қайтарымсыз гранттар стартап жобаларға беріледі. Грант алғысы келетін адам жұмыссыз әлде өтілі үш жылдан аспаған жеке кәсіпкер болуы керек. Соның ішінде көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек баланы тәрбиелеушілер, асыраушысынан айырылғандар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар және қандастар алады. «Олар ең алдымен «Бастау-бизнес» бизнес жобасы бойынша онлайн білім алады. Онда бизнес жүргізуге қажет бастапқы білім мен дағдыларды оқиды. Гранттар қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықты, жануарларды, малдарды, құстарды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды, көшеттерді сатып алу, үй-жайларды жалға алу ақысын төлеу үшін беріледі. Биылғы қайтарымсыз грант мөлшері – 400 айлық есептік көрсеткіш, яғни 1 млн 572 мың 800 теңге. Бұл өте жақсы бағдарлама деп ойлаймын. Мысалы, тігіншілікке оқыған, жоғарыда айтылған санаттарға жататын қыз-келіншектер бар. Бірақ осы бағытта кәсіп бастауға қаражаттары жоқ. Олар грант қаражатын осы бағытқа жұмсай алады. Арнайы комиссия грант ұтқан азаматтардың мемлекет қаражатын мақсатына сай пайдаланып жатқанын білу үшін бір жыл бойы, яғни әр тоқсан сайын тексереді», – деді орталық маманы. Алпамыс Жанболатұлының айтуынша, биыл ауданда мемлекеттік қайтарымсыз грант алуға 38 өтініш түскен. Соның 20-сы грантқа ие болады. Жалпы, грант алуға көбінесе көпбалалы отбасылар өтініш білдіреді дейді. Ауылдық жерде тұратындықтан көпшілігі ірі қара мал сатып алғысы келеді. Сонымен қатар ателье және наубайхана ашуға ниет білдіретіндер көбірек.

– 2023 жылы ауданда 44 адам грант алды. Соның 17-сі грантты қайтарып берді. Олардың арасында қаражаттың белгілі бір бөлігін қайтарғандар да бар. «Не үшін қайтарады?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Әу баста бизнес-жоспар жасағанда сатып алатын жабдықтарды атап көрсетеді. Талап сондай. Алайда тізімде көрсетілмеген затты сатып алатындар да бар. Бірақ бұл затқа жұмсалған грант қаражатын қайтаруға тура келеді. Себебі тек бизнес жоспарда бар заттар алынуы тиіс. Сондай-ақ мал-құс өсіретіндер оның жемін сатып алады. Бұл да дұрыс емес. Себебі жұмсалып, жойылып кететін өнімдерді алуға болмайды. Осы орайда грант беретін конкурсқа қатысқысы келетін азаматтардың https://business.enbek.kz порталындағы барлық ақпаратпен мұқият танысқандары жөн екенін айтқым келеді. Барлық шартпен танысса, кейін ешқандай өкініш болмайды. Грант ала алмай қалғандардың арасында реніш білдіретіндер де бар. Олар комиссияның шешімімен келіспейді. Сондықтан 2023 жылдан бастап грант беретін комиссияның отырыстары тікелей эфирде өте бастады. Яғни видеожазба жазылады. Бұл кейін қандай да бір дау болғанда қажет, – деді Алпамыс Диясов.
Ясипа Рабаева,
Теректі ауданы