Әйел – отбасының ұйытқысы ғана емес, ғылым мен білімнің, қоғам дамуының да белсенді мүшесі. Осындай жандардың бірі – химия ғылымдарының докторы, профессор Бағадат Селенова. Ол өзінің бүкіл саналы ғұмырын ғылым мен білім саласына арнап келеді.

Бағадат Саматқызы 1958 жылдың 5 наурызында Казталов ауданындағы «Қошанкөл» совхозында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының тәлімін көрді, еңбекқорлық пен адалдықты санасына сіңірді. Әкесі Самат ағай – шындықты бетке айтатын, жағымпаздыққа жаны қас, турашыл адам. Оның ең басты жетістігі – балаларына берілген тәрбие мен білімі. Ол жары Ғазиза апаймен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, перзенттерінің үлкен өмірден өз орындарын табуына барын салды.
1975 жылы орта мектепті аяқтаған соң, туған жерінде еңбек жолын бастап, 1978 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) химия факультетінің дайындық курсына оқуға түседі. Келесі жылы аталмыш факультетке студент ретінде қабылданып, 1984 жылы үздік аяқтайды. Жас маман алғашқы еңбек жолын А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында бастайды. Ізденісін жалғастыра жүріп, 1985 жылы КСРО Ғылым академиясының химиялық физика институтына (Мәскеу облысы, Черноголовка қаласы) тағылымдамадан өтуге жіберіледі. Сол жерде металл кешендік катализаторлар зертханасында зерттеулер жүргізіп, химия саласындағы алғашқы іргелі еңбектерін жазады.
1990 жылы Қазақстанға оралып, республикалық олимпиадалық резерв мектебінде есепші болып қызмет атқарады. 1993 жылы ғылымға қайта оралып, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Органикалық катализ және электрохимия институтында (ИОКЭ) ғылыми зерттеулер жүргізеді. Осы жылдары «Синтез және каталитикалық қасиеттері бекітілген палладий және кобальт-полимерлі қосылыстар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының кандидаты атанады. 2002-2004 жылдары Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде ұстаздық етсе, 2004 жылы ИОКЭ-нің күндізгі бөлім докторантурасына оқуға түседі. 2010 жылы «Нанокаталитикалық жүйелер және олардың селективті гидрогендеу мен тотығу процестеріндегі рөлі» атты докторлық диссертациясын қорғап, химия ғылымдарының докторы атанады. 2005 жылдан бастап ғылыми қызметін педагогикалық жұмыспен ұштастырып, Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ, қазіргі Satbayev University), Қазақстан-Британ техникалық университетінде, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дәріс береді. 2010 жылдан бері Қ. Сәтбаев университетінде доцент, профессор, зертхана жетекшісі сынды түрлі қызметтерді атқарып келеді. Бүгінде ол – еліміздің мұнай-газ химиясы, полимерлер және катализ саласында тәжірибесі мол ғалымдардың бірі ретінде танымал.
Бағадат Саматқызының өмір жолы – ғылым жолына түскен жас қыз-келіншектерге үлгі боларлықтай. Ол – студенттер мен жас ғалымдардың бірнеше буынына бағыт-бағдар берген ұлағатты ұстаз. Оның жетекшілігімен көптеген жас маман ғылымға қадам басты. Шәкірттеріне тек теориялық білім берумен ғана шектелмей, оларды ғылыми ізденіске баулып, жаңалық ашуға, өз саласында биік белестерді бағындыруға жігерлендірді. Б. Селенованың еңбегі Қазақстанда, бұған қоса, халықаралық деңгейде де мойындалып, ғылыми ортада үлкен беделге ие болды.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»