18.06.2025, 16:15
Оқылды: 460

Сапаны сарапқа салған көрме

Оралда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік конкурс-көрмесі өтті.  Іс-шара отандық  өндірісті  дамытуды  ынталандыруға,  қазақстандық  тауарлардың  бәсекеге  қабілеттілігін  арттыруға  және  жергілікті  кәсіпкерлерді  қолдауға  бағытталды.

-Облыста сапа байқауларын ұйымдастыру жыл сайынғы игі дәстүрге айналды. Бұл жергілікті тауар өндірушілердің әлеуетін арттырып, сапалы әрі сұранысқа ие өнім өндіруге ынталандырады. Сонымен қатар тұтынушылардың сенімі мен сұранысын қамтамасыз етуге жол ашады. Бүгін ұйымдастырылған іс-шара сапа мәдениетін артыруды көздеді. Бұл жай ғана талап емес. Бұл – жарқын да табысты болашақтың кепілі, – деді конкурстың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз. Аппарат басшысы аймақтың, тұтас ел экономикасының дамуына үлес қосып жүрген тауар өндірушілерге алғысын білдіріп, толағай табыс тіледі. Ол әсіресе Батыс Қазақстан облысы өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша республикада үшінші орында тұрғанын ерекше атап өтті.

Көрмеге азық-түлік өнімдері, өнеркәсіптік тауарлар мен құрылыс материалдары шығарылып, инновациялық жобалар ұсынылды. Қатысушылар келген қонақтарға әкелген өнімдерін таныстырды. Кәсіпкерлер өзара тәжірибе алмасты әрі жаңа іскерлік байланыс орнатты. Солардың бірі – «Оқжетпес Life» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлнұр Төлеген. Гүлнұр Меңдіханқызының айтуынша, он шақты жылдан бері жұбайымен бірге отбасылық бизнеспен айналысып келеді. Олар халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын жандарды жұмысқа орналастырып, әлеуметтік кәсіпкерлікке ден қойған. Бүгінде бірлестікте мүгедектігі бар 24 адам нәпақа тауып отыр.

Розовыйдағы Гүлнұр

– Біраз жылдан бері жұмсақ ойын модульдерін, медициналық оңалтуға қажет құралдар, спорт жабдықтары және дидактикалық материалдар шығарамыз. Барлық өніміміз балалар үшін қауіпсіз. Себебі біріншіден, гипоаллергенді, екіншіден, ұзақ уақыт пайдалануға жарамды, үшіншіден, ойыншықтарды түрлі тазалайтын сұйықтықтармен жуып, сүртуге болады. Балалар мен ересектерге арналған төсек жаймаларын да тігеміз. «Оқжетпес Life» ҚБ – Қазақстан бойынша осындай тауарларды шығаратын жалғыз өндіруші. Барлық өнім индустриялық және тауардың шығу тегі туралы СТ-KZ нысанындағы сертификаттарға ие. Қоғамдық бірлестіктегі мүгедектігі бар жандар бұл заттардың бәрін ерекше ынта-ықыласпен дайындайды. Балабақшалар, мектептер, медициналық оңалту орталықтары, ауруханалар бірлестікпен тығыз байланыс орнатты. Бізге әрқашан қолдау білдіретін БҚО кәсіпкерлер палатасына алғысымыз шексіз, – деді қоғамдық бірлестіктің төрайымы Гүлнұр Төлеген (суретте сол жақта).

Мария

Ал оралдық Мария Наурызбаева көрмеге шоколадқа оралған құлпынай мен «Дубай» шоколадтарын әкелген. «Бұл тәттілерді дайындап келе жатқаныма үш жылдан асты. Құлпынайды бельгиялық сапасы өте жоғары Callebaut шоколадына ораймын. «Дубай» тәттісін де осы шоколадпен дайындаймын. Ал оның ішіне қосатын күтірлек кадайфиді қолдан пісіремін», – деген Мария ханым (суретте) бұл тәттілерге сұраныстың өте көп екенін айтты.

ҚР Президентінің 2006 жылғы 9 қазандағы №194 Жарлығына сәйкес «Қазақстанның үздік тауары» республикалық конкурс-көрмесі жыл сайын болады. Бұл конкурстың бірінші кезеңі өңірлік деңгейде өткізіледі. Биыл үздіктерді анықтайтын байқаудың облыстық кезеңіне 44 тауар өндіруші  өтінім берген. Олардың арасынан үш жеңімпаз үш аталым бойынша анықталды. «Азық-түлік тауарларын немесе ауыл шаруашылығы өнімін шығаратын үздік кәсіпорын» аталымына «Фирма Родник» ЖШС, «Толецкий О. В.» ЖК және «Қазақбас» ЖШС ие болды. Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымына «ВодЭкоФильтр» ЖШС, «Стекло-Сервис» ЖШС және «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС лайық деп танылды. «Халыққа арналған үздік тауарлар» аталымымен «Конденсат» АҚ, «Zhulduz» ЖК, «Мария ханым сән үйі» және «Нұртана» ЖШС марапатталды. Енді бұл кәсіпкерлер республикалық байқауда бақ сынайды. Республикалық көрме өткізілгеннен кейін сараптама комиссиясының шешімімен онлайн дауыс беру үшін 27 компания іріктеліп алынады. Әр аталым бойынша үш жеңімпаз  анықталады.

DSC05344

Өңірлік конкурс-көрмені облыстық кәсіпкерлік және индустриялдық-инновациялық даму басқармасы мен БҚО кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырды. Іс-шара соңында басқарма басшысы  Нұржан Өтепбаев пен кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев байқаудың өзге қатысушыларына алғысхаттар мен ақшалай сыйлықтар  табыстады.

Ясипа Рахимқызы,

 «Орал өңірі»,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале