18.06.2025, 18:00
Оқылды: 529

Ара шаруашылығы кенжелеп тұр

Облыста қырықтан астам жеке омарташы бар. Солардың бірі – «Золотая пчелка» шаруа қожалығының иесі, омарташы Руслан Досмұхамбетов. Ол биылдан бастап өңірде алғаш рет ара шаруашылығына қажет пенополиуретанды ұялар жасап шығара бастады.

руслан (2)

2006 жылы ара өсіруді әуесқойлықпен қолға алған азамат 2021 жылы жеке кәсіпке бет бұрған. Бүгінде өндірілген балы «Даринский мед» брендімен саттықа шығып жүр. Қазір 300 ара омартасы бар.

– Менің негізгі жұмысым – селекциялық-асыл тұқым алу. Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-мен, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасымен бірлесіп жұмыс істеймін. Биыл облыста пенополиуретанды ұялар жасауды қолға алдым. Омарталар экологиялық таза материалдан және заманауи үлгіде жасалады. Ара шаруашылығында селекциялық-асыл тұқым алу үшін жергілікті бюджет есебінен бір бал ара ұясына маусымына 5 мың теңге субсидия төленеді. Омарташыларға мемлекеттен бұдан басқа берілетін ешқандай көмек жоқ. Жалпы, ара шаруашылығында қиындықтар өте көп. Облыстағы, жалпы Қазақ-стандағы сауда орындарында импортталған арзан, жалған бал толып тұр. Ресейлік бал өте көп. Ал жергілікті, тіпті қазақстандық бал өнімдері жоқтың қасы. Айта кету керек, көрші елден арзан балды әкеліп, құтысына өтірік қаптама жапсырып сататындар да бар. Олар осылайша өздерін «омарташы» етіп көрсетеді. Ал біздің өңірдің балын Ресейдің нарығына шығару, сауда орындарында сату мүмкін емес. Еліміз Кеден одағына кіргеннен кейін ара шаруашылығында қиындықтар көбейді. Шекаралас елден тауар үздіксіз келеді. Жалпы, халық арасында жергілікті балдың сапасына күмән келтіріп, өзге елдің өнімін жоғары бағалайтын түсінік қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Ара шаруашылығында ветеринарлық-санитарлық қадағалау жоқ. Облыста Бәйтерек, Бөрлі және Теректі аудандарында ара өсірумен айналысатын омарташылар бар. Араларды жайылым жерге шығару үшін ауыл шаруашылығы құрылымарының басшыларынан рұқсат сұраймыз. Ал олар егістіктерін улайтын болса, омарташыларға ескертулері керек, – деді омарташы Руслан Қазбекұлы (суретте).

Жалпы облыстағы ара шаруашылығының халі қандай? Жергілікті омарташылар бал өндіре ме? Осы орайда Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ветеринария-агротехнология институтының аға оқытушысы, эколог Гүлдана Қайырғалиеваны сөзге тарттық. Оның айтуынша, 2020 жылы университет басшылығы өз қаражаты есебінен ара шаруашылығын жүргізу жобасын қолған. Соған сәйкес облыста омарта шаруашылығын жандандыру, азық-түлік нарығын табиғи ара өнімдерімен толтыру міндеті тұр. Осы мақсатта тәжірибелік, үлгілі омарта шаруашылығын құруға қажет ұялар мен жабдықтар сатып алынған. Университет ғалымдары өңірге бейімделген омарта шаруашылығының технологиясын жасауды, балды ветеринариялық-санитариялық сараптайтын және ара ауруларын зертейттін зертханалар құруды жоспарлап отыр.

Айта кету керек, 2021 жылдың 18 наурызында «Золотой улей» шаруа қожалығының негізінде «Батыс Қазақстан облысының омарташылары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Оның төрағасы болып осы ШҚ-ның басшысы Сергей Кривобоков тағайындалды. АӨК құрамында ара өсірумен айналысатын 50 шақты шаруашылық пен омарташылар бар. Облыс әкімдігі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың базасында «БҚО омарташылары» АШӨК-пен бірлесіп, «Батыс Қазақстан облысының ара шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын» бекітті. Бұл тұжырымдама омарта шаруашылығын, бал өндіруді және ара өнімдерін терең өңдеуді дамыту жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру аясында әзірленген.

– Университеттің бастамасымен ғылыми негізде жүзеге асып жатқан ара шаруашылығын ешбір мекеме қаржыландырмайды. Жобаның талабына сәйкес тең қаржыгер болуы керек. Бүгінде жеке кәсіпкер Руслан Қазбекұлы қолдау көрсетіп, қаражатын қайтарымсыз негізде беріп отыр. Жоба барысында облыста өндірілетін балдың сапасын тексереміз, аралардың ауруларын зерттейміз. 2022 жылы «Атамекен» ҰКП-ның 5 млн теңгеге жуық грантын ұтып алдық.  Оған ара шаруашылығында өндірілген өнімдерді терең қайта өңдейтін алты құрал-жабдық сатып алынды, – деді Гүлдана Зейноллақызы.

2024 жылы университет ғалымдары үш жылға арналған қомақты мемлекеттік грант қаражатын ұтып алған. Университеттің ресми сайтындағы (https://wkau.edu.kz/zhobalar_kaz/ap23489173-kushaliev-k-zh/) ақпаратқа сүйенсек, жобаға ветеринария ғылымдарының докторы, профессор К. Көшалиев ғылыми жетекшілік етеді. Былтыр қаңтар айында басталған жоба 2026 жылы аяқталуы тиіс. Отыз алты айға жоспарланған жобаның құны – 118 млн 311 мың 409 мың теңге. Қаражат «Батыс Қазақстан облысында аралар ауруларына қарсы ветеринариялық-санитариялық шаралар кешенін және экологиялық таза ара шаруашылығы өнімдерін алу технологиясын әзірлеу» жобасы бойынша жүргізілетін зерттеулерге жұмсалады. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері ветеринариялық тәжірибеге енгізіледі және ара ауруларымен күресу үшін емдеу-алдын алу іс-шараларына пайдаланылады. Қазір ғалымдар жоба барысында балдың түр-түрін дайындап жүр.

БҚАТУ балы (1)

– Бір өкініштісі, облыста ара шаруашылығы әлі дамымаған. Қазақстанның шығысы мен оңтүстік облыстарында, Алматы, Өскемен қалаларында қарқыны жақсы. Біріншіден, ара шаруашылығы азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін, балмен қамту үшін қажет. Яғни әлеуметтік қажеттілік бар. Себебі адам балды күнделікті тұтыну керек. Тіпті балабақшалар мен мектептерде, шипажайларда, қарттар үйінде, ауруханалардағы рационда бал болуы тиіс. Әлемде бір адамның балды жылдық тұтыну нормасы  екі келі деп мойындалған.  Интернат үйлерінде тұратын, медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оңалту орталықтарында, мүгедек балаларға арналған білім беру ұйымдарында қызмет алатын адамдар үшін бал тұтыну нормасы бар. Тәулігіне ересектер – он грамм, балалар жеті грамм жеуі керек. Бұл норма «Медициналық-әлеуметтік мекемелерде, оңалту орталықтарында, мүгедектігі бар балаларға арналған оқу орындарында, аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында, күндіз болу бөлімшелерінде, әлеуметтік бейімдеу орталықтарында қызмет көрсетілетін адамдар үшін заттай тамақтану нормаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 27 қарашадағы №896 бұйрығымен бекітілген. Екіншіден, импортталатын бал өнімдеріне тәуелді болмас үшін де ара шаруашылығын дамытқан жөн. Біздің облыста да бал өндіруге болады. Бұл – араның экономикалық тиімділігі. Себебі жұмыс орны ашылады, салық түсімі молаяды. Мәселен, біздің жобаны жүзеге асыру барысында үш жұмыс орны ашылды. Араның тіршілігі гүлдермен тығыз байланысты. Олар не-гізгі қорегін – тәтті шырындар мен тозаңды гүлдерден жинайды. Аралар ұшып-қонып жүргенде гүлдерді тозаңдандырады да, өсімдіктің өнімділігін арттырады. Ғалымдар аралар өсірілген жерде өнімділіктің 60%-ға артатынын дәлелдеген. Еуропада омарташылар бал өндіріп емес, аралардың тозаңдандыратын қасиетінің арқасында көп пайда табады. Мысалы, шетелде араларды жалға алу құны – бір ара жанұясына 50 доллардан 70 долларға дейін. Жалпы облыста ара шаруашылығының мәдениеті қалыптаспаған. Бұл сала дәстүрлі түрде жолға қойылмаған. Жас омарташылар жоқ. Жыл сайын университетте ветеринария мамандығына оқитын студенттер стационарлық және көшпелі омарталарда өндірістік тәжірибеден өтеді. Ара шаруашылығының қыр-сырымен танысады, – деді Гүлдана Зейноллақызы.

Ара туралы айтқанда, ең алдымен, бал еске түседі. Бал – дәмді, диеталық тағам әрі емдік қасиеті мол. Құрамында глюкоза мен дәрумендер бар. Араның да пайдасы шаш-етектен. Араның уы (пчелинный яд), аналық сүт (маточное молочко), балауыз (воск), ара желімі (прополис, пчелинный клей) сияқты өнімдері ауадай қажет. Гүлдана Зейноллақызы айтып өткендей, ара шаруашылығы – қалдықсыз жалғыз сала. Өлген араның денесінен дәрі-дәрмек жасалады. Тіпті араның иісі, ызылдаған дыбысының өзі денсаулыққа пайдалы. Медицинада апитерапия қолданылады. Яғни адамды араға шақтырып емдейді. Апитерапияның неврология, ревматология, дерматология, эндокринология, хирургия, көз аурулары, урология, гинекология, кардиология, отоларингология сияқты басқа да көптеген ауруды емдейтіні дәлелденген.

Экологтың айтуынша, таза бал тығыз, қою болады. Дайындалғаннан кейін кем дегенде үш ай ішінде сұйық қоспаға айналып кетпеуі керек. Сұйық балды тұтынуға болмайды. Негізі, балды бал өндірушінің өзінен немесе омартадан алған дұрыс. Бір ерекшелігі, бал ешқашан ескірмейді. Балды күн сәулесі түсетін жерде және тоңазытқышта сақтауға болмайды. Маман балды қолдан жасап сататындар да бар екенін айтты. Мысалы, қант дайындайтындар түрлі химиялық қоспаларды араластырып, бал жасайды. Ал мұндай өнімді жеген адам қант диабеті аруына шалдығуы мүмкін.

Ара шаруашылығын зерттеп жүрген мамандар өңірде сатылатын балдың құнын есептеп көрген. Олар бір келі балдың құны 3 мың теңгенің айналасында дейді. Алайда бұл бағаға еңбек уақыты мен құралдарды (жанар-жағармайды, араларды) қоспаған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Батыс Қазақстан облысы омарта шаруашылығының дамуы бойынша республикада артта қалып отыр. Мәселен, елде 2024 жылы 5,0 мың тонна бал өндірілсе, облыстың үлесі – 2% ғана. Өңірде тіркелген 40-тан астам жеке омарташыда 1 840 бал ара ұясы бар. Олар өткен жылмен салыстырғанда 181 бірлікке немесе 10,9%-ға артқан. Ара ұяларының 69,7%-ы немесе 1280-і шаруашылықтарда тіркелген. Былтыр омарташылар 97,3 тонна бал өндіріпті. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 38,4%-ға немесе 27 тоннаға артқан. Алайда бұл аймақ жұртшылығының балға деген қажеттілігін өтей алмайды.

Облыстағы ара шаруашылығын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасақталғанға дейін өңірдің бал өндірісі 0,5%-ды құрапты. Тұжырымдаманың мақсаты – аймақтағы ара шаруашылығын дамытуды қолдау, арамен тозаңдату арқылы этномофильді дақылдардың өнімділігін арттыру, 2026 жылға қарай бал өндірісін 200 тоннаға дейін арттыру, 100 шақты жаңа жұмыс орнын құру. Облыстағы омарта шаруашылығын дамытуға қолайлы жерлердің (көл маңы) әлеуеті – 61,9 мың га. Сонымен қатар 50 шақты өзен, көл, су қоймасы бар. 2021 жылы Орал және Атырау қаласының, Бәйтерек және Теректі аудандарының 797 ара ұясы бар 37 омарташысы «БҚО омарташылары» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріккен. Облыста ара шаруашылығын қолдау мақсатында жылма-жыл жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаражат бөлініп отыр.

Руслан

Ара шаруашылығындағы жағымды жаңалықтың бірі – Қазақстан енді Еуропалық одақ елдеріне бал экспорттай алады. Бұл жаңалықты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі (https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/944971?lang=kk) хабарлады. Еуропалық комиссияның тиісті қаулысы 2025 жылдың 21 ақпанында жарияланған. Бұл жетістік – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Еуропалық одақ елдеріне өнім экспорттауға рұқсат берілген кәсіпорындар комиссия мақұлдаған тізімге енгізілуі үшін ЕО нормативтік актілерінің барлық талабына сәйкес келуі қажет.

Алматы қаласындағы республикалық «Бал-Ара» омарташылар одағының бірінші вице-президенті, омарташы Ғабит Нұрәділмен сөйлескен едік. Омарташының айтуынша, қазақстандық бал негізінен Өзбекстанға, Ресейге, Сауд Арабиясына, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Қытайға экспортталады. Былтыр елде 5 мың тонна бал өндірілген. Соның 400 тоннасы ғана экспортталыпты. Бұл – өте аз көрсеткіш. Ал елде 12 мың омарташы бар.

– Еуроодақ біздің елдің  балына қызығады. Қазақстандық омарташылар таза табиғи бал экспорттауға дайын. Енді тек елдер арасындағы тиісті қадамдар жасалуы тиіс. Қазақстандағы экспортқа қатысты ең күрделі мәселе – балды Еуропа елдерінің талаптарына сай тексеретін зертхана жоқ. Бұл экспортқа кедергі болып отыр. Дүниежүзінде балды ең көп өндіретін елдер – Қытай мен Түркия. Қазір көрші елге санкциялар салынғандықтан, Ресейдің дүниежүзіне шығаратын балы біздің елге келіп жатыр. Олардың ішінде араласы да,  жасандысы да, табиғиы да бар. Сонымен қатар бұл өнімдер өте төмен бағамен әкелінуде. Сондықтан жергілікті омарташылар олармен бәсекелес бола алмайды. Бәлкім, ресейлік бал Орал қаласындағы сауда орындарында да қаптап тұрған шығар. Ал тұтынушы тауардың бағасына қарайды да арзанын сатып алады. Сапалы бал шетте қалып қояды. Сондықтан жергілікті нарықты қорғауымыз керек, – деді Ғабит Нұрәділ.

Омарташының сөзіне сүйенсек, бал экспортын дамыту үшін ара шаруашылықтарының деңгейі көтерілуі керек. Яғни зертханаларды заманауи қондырғылармен жасақтаған жөн. Өйткені жаңа технологиялармен дайындалған балдың сапасы жоғары болады.  «Бал-Ара» омарташылар одағының бірінші вице-президенті бұл салада пайда тапқысы келетін адам барлық мүмкіндікті пайдалануы тиіс деп санайды. Мысалы, «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдікпен берілетін несиені алуға болады.  Алайда ол кейбір омарташылардың жеке кәсіпкер немесе қожалық ретінде жұмыс істегісі келмейтіндеріне қынжылыс білдірді. Себебі заңды түрде тіркелген кәсіп иесі мемлекет көмегінің игілігін көрер еді дейді.

студенттер

– Біздің, омарташылардың, Үкіметке, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетіне қояр талаптарымыз бар. Біріншіден, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан ара жанұясын әкелуді тоқтату керек. Себебі бұл аралармен түрлі аурулар бірге келеді. Мәселен, араларды сәуір-мамыр айларында әкеледі. Алайда жаз бойы «жұмыс істеген» араларды қыс мезгілінде қыстатпай, өлтіріп тастайды. Келесі жылы тағы да сатып алады. Негізінде, аралар қыстау керек. Араның аналығы орта есеппен 4-5 жыл өмір сүреді. Тәулігіне 3000-4000 ұрық тастайды. Осы қасиетін тиімді пайдалану керек. Қазақстандық омарташылар да араларға селекция жасап, өсіре алады. Осыдан 100 жыл бұрын араны Өзбекстанға ең бірінші Қазақстаннан алып барған. Ол елде ара шаруашылығы болмаған. Ал қазір онда көктемнің ерте тууына, күннің ерте жылуына байланысты араларды біздің елге сатып жатыр. Екіншіден, омарташылардың біліктіліктерін арттыру керек. Үшіншіден, экспортқа жол ашу қажет. Төртіншіден, алқаптарда ауыр тыңайтқыштарды пайдаланбау керек. Бесіншіден, ара шаруашылығына инвестициялық субсидия беру қарастырылғаны жөн. Елдегі омарташылардың ең үлкен мәселесі – балды тұтынушыға жеткізу. Қазақстандық балдың көп мөлшерін Өзбекстан сатып алады. Олар балдың бір келісін 900 теңгеден алады. Ал соңғы 15 жылда елдегі балдың бағасы өзгерген жоқ. Оның бағасы өзіндік құнына байланысты есептеледі. Мысалы, монофлоралды бал бар. Жоңышқа, акация, жантақ балының бір келісі 2000-3000 теңге тұрады. Менің Оралға барғанда байқағаным, омарташылықпен егде жастағылар айналысады екен. Бұл кәсіп жастарға қызық емес. Шындығында, омарташы болу қой-сиыр баққаннан гөрі тиімдірек. Себебі жыл сайын малдың қора-қопсысын, жем-шөбін дайындау керек. Бақташыға бақтыру үшін ақша төлейді. Ал ара табиғатқа шығып, қорегін өзі жинайды. Альберт Эйнштейннің «Егер жер бетінен ара кетсе, төрт жылдан кейін адамзат та болмайды» деген сөзі бар. Омарташылар аграрлық өнімдерді тозаңдандыру арқылы өнімді әлденеше есе мол алады. Мысалы, омарташы күнбағыс алқабының жанына көшіп барып, тозаңдандырса, өнім еселеп артады. Сондықтан омарташылардың маркетингпен айналысуға ден қоюлары ләзім.  Балдың 15-20 сортын өндірген жөн. Табиғатта бәрі гүлдейді. Орман да, ой мен қыр да гүлдейді. Бірақ олар шіріп кетеді. Өйткені омарташы жетіспейді, – деді алматылық омарташы Ғабит Нұрәділ. Жалпы, «Бал ара шаруашылығы туралы» ҚР заңы 2002 жылы қабылданды. Жеке және заңды тұлғалардың бал ара шаруашылығымен айналысуға құқығы бар. Өңірде кенжелеп қалған саланы дамыту мәселесі күн тәртібінен түспесе керек.

 

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале