19.06.2025, 9:45
Оқылды: 249

Әкімнің кабинеті - елдің іші

- Бейімбет әкім болып сайланыпты! - деген хабар Қособадан Жырақұдыққа кешкі самалмен қалқып жете қалды. 

- Құтты болсын, Бейімбеттің жаңа қызметі!

- Дұрыс! Мектепті басқарып көрді, енді ауылды да басқарсын! 

- Өзіміздің бала ғой! Біледі айналаны. Сәттілік! 

Міне, жүгіртпе жаңалыққа ел-жұрттың осындай жылы тілегі бірге ілескен-ді. 

Басқа басқа, сол түні Бейімбеттен маза қашты. Санада жалғыз ой: “Әкім болу қолымнан келер ме екен?! Тып-тыныш мектебімде жүре беруім керек пе еді?!”

PHOTO-2025-06-18-14-58-42

“Тып-тыныш” дегенді тек бой үйреткен жұмысы болғаны үшін айтқаны болмаса, мектеп директорының да қызметі тап бір тыныш емес-ті. Алдыңда - оқушы, оқушының артында - ата - анасы. Әр педагог - сенің сарбазыңдай. Олардың жетістігі - жеңісің, қателігі - мәселең.

Бірақ, тәжірибе деген бар. Бейімбет Жайманов 80-інші жылдардың соңында Орал педагогикалық училищесін аяқтап, сол жағынан Отан алдындағы әскери борышын өтеп, ауылына оралды. Жырақұдық мектебінен алғашқы еңбек жолын бастады. Дене шынықтыру мен алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі “Бір, Екі…Бір, Екі…” - деп саптық жүріспен талай шәкіртті үлкен өмір жолына шығарып жіберген.

2012 жылы оған мектеп басшылығы сеніп тапсырылды. Сержанттың формасын шешіп, костюм кию сол шамада басталды. Араға жылдар салып Сырым аудандық білім беру бөлімі Бейімбетті орталықтағы үш қабатты Қособа мектебінің директоры қылып бекітті.

2019 жылы оған жергілікті активтен, ауыл азаматтарынан округ әкімі болуға ұсыныс түсті. Таңдау өзіне тоқтағаннан кейін Есетұлы “Тәуекел!” - деді. Ол жылы округ әкімін аудандық мәслихат депутаттары таңдаған.

2023 жылы “Amanat” партиясы Сырым аудандық филиалы Бейімбет Жаймановты Қособа әкімінің сайлауына қайта ұсынды. Бұл жолы Бейімбетте жүрексіну болмады, жауапкершілік болды. Басталған ісін жалғап, тиянақтау үшін уақыт керек. Сондықтан, әкімдікке үміткер болып тіркелді. Бұл жолы ол ауылдастарының дауыс беруімен лауазымына қайта сайланды.

Қособаның осыдан он жыл бұрынғы келбеті мен бүгінгі бейнесін салыстыруға болмайды. Үш қабатты мектеп жөнделді. Жаңадан мәдениет үйі салынды. Жымпитымен екі ортаны жалғайтын 25 шақырымдық жол асфальтталды. Жолдың Жырақұдық жағындағы бүйіріне мешіт салынды. Күмбезі көкке сәуле ұшырып тұрған Алланың үйі - жұрттың да, жолаушының да бас сұғар шаңырағы.

Иә, мұның бәрін жалғыз әкім тындырды деуге болмайды. Халықтың ұсынысы, мемлекеттің қолдауы, қайраткер азаматтардың жанашырлығы - бәрі-бәрі осы берекеге жеткізді. Бірақ, қолға алынған қай шаруаны да қиюластырып, елге келе жатқан игіліктерді оқсатып “қабылдап алу” үшін де әкімнің іскерлігі керек-ақ. Бұл жағынан алғанда, әкім “еті тірі”.

Білім саласында 27 жыл қызмет қылыпты.

- Әр еңбектің өз қиыншылығы бар. Әкімдікке ұсынылғанда, халық қолдап, жолға салып жіберді. Әйтпесе, қызметім мінсіз деп айта алмаймын. Елдің ескертуінен, пікірінен оң нәтиже шығарамын.  Әкім болу - кабинетте, креслода теңселіп отыру емес екен. Ауыл әкімінің кабинеті - елдің іші, халықтың арасы. Ауылдағы ең бірінші мәселе - жұмыссыздықпен күрес. Мақсатым - әр жанұядан жоқ дегенде бір адам тұрақты жұмыста болса деген ой. Жолды тегістеуге, жарықшамды жайнатып қоюға болады. Алайда, ең әуелі отбасылардың әлеуметтік мәселелері шешілуі тиіс. Берекелі ауыл табысты жанұядан басталады, -  дейді мемлекеттік қызметтегі алтыншы жылын аяқтап, жетіншісіне аяқ басқан  Бейімбет Есетұлы.

PHOTO-2025-06-18-14-58-45

“Әкімнің кабинеті - елдің іші” - дегенді дұрыс айтты. 2024 жылы 27-28 наурызда Сырым ауданында төтенше жағдай орын алғанда, суға шайылуы ықтимал ауылдың бірі - Қособа еді. Өлеңті өзенінің жолында, дарияның етегінде тұрған ауыл тілсіз жаумен күресті ымырасыз жүргізді. Кілкіген су шабындықтарды, көлдерді толтырып, ауылға қарай жайыла бастаған. Ең әуелі - тұрғындар қауіпсіз жерге көшірілді. Мектеп пен мәдениет үйі бұқараның бекінісіне айналды. Ал, ауылдың ер азаматтарының бірі де эвакуациялық пунктке бармай, күректерін алып судың ауызында тұрды. Жыра салды, құм қаптап, қалқан соқты. Жағдай күрделі сипат ала бастағасын, көмекке әскерилер мен ТЖ басқармасы жіберген арнайы көлік келді. Бейімбеттер де етігімен су кешіп, елмен бірге жүрді. Батыс Қазақстан облысыны әкімі Нариман Төреғалиев пен ауыл әкімі Бейімбеттің үй-үйді аралап, балаларды көтеріп алып, көліктерге отырғызып жатқанын кейін бейнежазбалардан көрдік. Міне, мемлекеттік қызметшілер міндеттерін мәртебемен орындап, ел басына күн туғанда ту астынан табылған.

PHOTO-2025-06-18-14-58-41

- Су іргеде тұрды. Қора - қопсы кетті, мал шығын болды. Бірақ, үйлерге кірмеді. Халық топан суға бөгесін бола білді, - дейді сол сәт туралы округ әкімі.

Мемлекеттік қызметкерлер күні қарсаңында ауылым деп шауып жүрген Бейімбеттей азаматты айналаға бір таныстырып қоюды жөн санадық.

Аман жүріңіз, Биеке!

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

 

Суретте: Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов

ауылдастарымен топанның алдын алу жайын кеңесуде.

28 наурыз, 2024 жыл. 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале