19.06.2025, 11:15
Оқылды: 363

Ақын ақындығымен қоса, ойшыл болса...

Философтар негізінде ақынжанды болып келеді. Үйімдегі сөрелерде философиялық шығармалармен бірге әдеби туындылар, әсіресе поэзия жауһарлары тізіліп тұр.  Ақындар қаласа да, қаламаса да ойға көп беріледі, философияға жақын болып келеді. Жырауларға да ойға шому, даналық теңізінен маржан теру тән. «Таза, мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» дейді Асан қайғы. Махамбет те өмір философиясын жырлады. Абай да «телміріп терең ойға берілетін» еді.

А копия

Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Мінезіме көз салдым,

Тексеруге ойландым, – дейді Абай.

Философтың, ойшылдың кәсібі осы емес пе? Өзін-өзі тану, өзіне өзі есеп беру, ойлану, толғану... Декарт деген философ «Мен ойлаймын, демек мен өмір сүремін» деп айтқан. Қадыр Мырза Әлиді де философияға алып барған «Ой орманы» еді: «Ой дегенде ну орман, талай бастар қуарған» дейді ол.

Поэзия – сезім әлемі, Есениннің поэзиясы сондай, Мұқағалидің өлеңдері де осындай. Кейде оқу, білім, ғылым деп сезім әлеміне үңілуге, сезімді тәрбиелеуге мән берілмей жатады. Поэзияда ойдың, зерденің басым болуы оның табиғатына нұқсан келтіруі де мүмкін. Қадекеңмен университтетте болған бір кездесуде мен осы жөнінде айттым. Ағамыз келіскендей болды да, «бірақ екі түрлі поэзия бар ғой» деп түсіндірді. Қадыр  ақынның өлеңдерін сүйіп оқитындар көп болар, бірақ оның мәніне үңіліп жатқандар  көп  болмас.

Екі түрлі философия бар: біреуі – кез келген адамға, көпшілікке бағытталған  қарапайым философия. Бұл арада «қарапайым» деген сөзді тайыз, жеңіл-желпі нәрсе деп түсінуге болмайды. Сократтың ілімі тайыз емес, Абайдың ілімі тайыз емес. Екіншісі – кәсіби, ғылыми философия. Айталық, Гегелдің ілімі. Мұндай философияны кез келген адам түсіне бермейді, бұған көп әзірлік керек. Аристотель Платон мектебіне бару үшін үш жыл дайындалған екен. Сол сияқты поэзияны да екі тұрғыда қарастыруға  болады: кез келген адамға бағытталған халықтық поэзия және оқуды да, тоқуды да қажет ететін  пәлсапалық  поэзия.

Ақын философияға еріккеннен бармайды. Бұған оны қайшылыққа толы өмір заңы мәжбүр етеді. Бахтин деген орыс философы айтады: «Нағыз философтар, әрине, Германияда, Ресейде тек ойшылдар болған» деп. Бұл арада ол нағыз философтар деп арнаулы оқу орындарында оқыған, философиядан диссертация қорғап, іргелі еңбектер жазған мамандарды айтып отыр. Ойшылдар деп Ф. Достоевский, Л. Толстойды, біздің Абайды айтуға болады.  Сол сияқты нағыз ақындар да болады.  Бұлардың ақындығы мен ойшылдығы қатар жүреді. Нағыз ақындар, сөз жоқ, философияға жақындау болып келеді. Нағыз ақындарды алыстан іздеп жатудың қажеті болмас.

Олар өз арамыздан да табылады. Мен Қадыр Мырза Әлиді, Жанғали Нәбиуллинді, Қайрат  Жұмағалиевті, Ақұштап Бақтыгерееваны,  Дариға Мұштановны, Ғайсағали Сейтақты, Бауыржан Халиолланы және Айтқали Нәріковті ойшыл ақындардың, демек нағыз ақындардың қатарына  қосамын.

Айтекеңнің ойшылдығы соңғы кезде анық аңғарыла бастады. Бұл да түсінікті жайт: көпті көрді, жақсыға да, жаманға да кезікті, қуанышты да, ренішті де, қайғы-қасіретті де бастан кешті. Философ болмайтын, ойланбайтын, толғанбайтын жайы бар ма? «Тағдыр мені сынады, аямады» десе, мен де бұған куә болғандай күй кешемін. «Ойшылдықты әр күнім енші қыпты» десе, бұған  үлгі ретінде Айтекеңнің соңғы кезде жазылған кез  келген  өлеңін  келтіруге  болады.

Мен, әрине, Айтекеңнің шығармашылғын талдауды мақсат етіп отырған жоқпын. Тек ақынның мерейлі жасына орай ол туралы аздаған пікір білдіргім келгені.

Айтқали інімнің Қадыр ағасы сияқты көп оқығандығы, кітапқа құмарлығы бірден байқалады. Еңбек жолын кітапхана меңгерушісі болып бастағаны оның ақын болуына да, ойшыл болуына да жол ашты деген ойдамын. Атақты неміс философы Иммануил Кант та шығармашылық ғұмырын кітапханашы болып бастап еді. Әлемге танымал аргентин философы Хуан Луис Борхес те еліндегі ұлттық кітапхананың директоры болып істегенін мақтаныш етеді. Ол айтады: «Әркім жұмақ дегенді әртүрлі мағынада түсінеді. Ал мен оны бала күнімнен бері кітапхана түрінде елестетемін. Бізді тәрбиелеген кітап және  кітапхана  болатын».

Айтекең – өте қарапайым адам. Бұл да оның ойшылдығының  салдары.

Ғұмыр кештім  күліп  те,  күрсініп  те,

Ғұмыр кештім  кішік  боп,  дүрсініп  те.

Алда  емес,  артта  да  емес,  ортадамын

Жақсы-жаман  бір  жүрген  тіршілікте.

«Сабақ» деген өлеңінде:

Жақсы-жаман  көргенім,

Өмірде  сабақ   болыпты.

Демеймін  қазір  төрдемін,

Ортадан орын жолықты, – дейді. Ақын өзін ортада жүргендей сезінеді. Бірақ кісілігімен, терең түсінігімен, кеңпейілімен ортасынан озып тұрады. Бұған өзі мән бермейді.

Айтекеңнің ойшылдығының тағы бір көрінісі – оның қиялшылдығы, арманшылдығы. Қиял деген адамның айнымас серігі. Тіпті қиялдың қартайғанда да қалмайтынын қайтерсің. «Арманшылмын қат-қабат қиялым көп, Шашты ағарттым елесті қуамын деп» деп жазды. Ып-рас. Басымыздан өткен нәрсе.

Өмір  күрес  алаңы  ғой  бақ  сын,

Мыңнан  біреу  бас  жүлдені  ап  шығар.

Қасиетін  төңірегіне  паш  етпей,

Көп  ішінде  жүріп  жатыр  жақсылар.

Сол жақсылардың арасында Айтекеңнің  де жүріп келе жатқаны оны білетін баршамызға аян.

Сөзімнің соңында мені де мазалай беретін жайтты жыр еткен ойшыл ақын Айтқалидің «Дауа» деген өлеңін келтіргім келеді.

Жалқының  жалмап  жалғызын,

Таптаған  гүлді  ал  қызыл.

Атылған  тура  оқ  екен,

Ажалға  дауа  жоқ  екен.

Атағы  асқан  дарынды,

Ақылы  кеміс,  жарымды,

Дейтұғын  бәрін  тең  етем,

Көрге  де  дауа  жоқ  екен.

Сызылып  қойған  бұрыннан

Бағыттан  кім  бар  бұрылған?

О  бастан  дайын  тор  екен,

Мансапқа  дауа  жоқ  екен.

Көбелектерде  кәрі  жоқ,

Қарттық  шіркінге  дәрі  жоқ.

Бәрі  де  жалған  боқ  екен,

Жылдарға  дауа  жоқ  екен.

Мәңгілік  өмір  сүрердей,

Бір өзі  бәрін  білердей,

Ішкен мас,  жеген  тоқ  екен,

Пендеге дауа  жоқ  екен.

Сонымен ақын ақындығымен бірге ойшыл болса, онда ол өзін де, басқаларды да, «Адамның кейбір кездерін» деп Абай айтқандай, айналада болып жатқан жайттарды да түсінеді, керегіне жарата алады.

Айтеке, жасыңа жас қосыла берсін.

Алшаңдап арамызда жүре бер. Тоқсанның да несібесі саған бұйырса екен деп тілеймін! Ар жағындағысын  тағы  көре  жатарсың.

 

Тілекжан Рысқалиев,

философия ғылымының докторы, профессор, академик,

Орал қаласы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале