19.06.2025, 16:30
Оқылды: 119

Ерен ерліктердің сыры неде?..

Ұлы Отан соғысының аяқталғанына, міне, 80 жыл толып отыр. Бүкіл бейбітшілікті сүйер халық бұл күнді жыл сайын еске ала отырып, болашақта адамзат өмірі соғыс өртіне шарпылмауын тілейді. Соғыс салған жараның зардабының ауыр екенін бүгінгі ұрпаққа жете түсіндіру – біздің борышымыз. Ол үшін біз тарихи деректерге, естеліктерге жүгінуіміздің еш артықтығы жоқ.

IMG_9502-e1729683251606

1941 жылдың маусым айында сұрапыл соғыс басталып кетті де, дүние астан-кестен болды. Жазушылар одағында қызмет істейтін әскер жасындағы жайсаң жігіттер жаппай көтеріліп, өздері тіленіп, майданға аттануға арыз берді. Майданға аттанатын жауынгерлерді шығарып салу үшін Жазушылар одағына көптеген жұрт жиналды. Солардың ішінде Жамбыл ақын мен Қажымұқан палуан да болды.

Майданға аттанғалы отырған өрендерге арнап:

«Шегінбе! – деп Отан тұр.

Шегінбе! – деп халық тұр.

Халық үшін бас тігу –

Абырой деген жарлық бұл!

Елін есен сақтаған,

Арын жауға сатпаған,

Ана сүтін ақтаған

Балаларын сүйер шал», – деп Жәкең қыран бүркіттей сілкінді.

«Болат қайнауда шынығады, батыр майданда шынығады. Туған елің үшін, қасиетті жерің үшін сыналатын жер – осы! Жолдарың болсын, жас жайсаңдарым!» – деді Қажымұқан ата.

Майданға аттанғалы отырған Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Жұмағали Сайын, Сағынғали Сейітов, Әли Есмамбетов, Ықылас Адамбеков, Владимир Чугунов, Дмитрий Снегиндер де майдан туралы өлеңдерін оқыды. Осылардың ең соңында шыққан Абдолланың біздің ортамызда ақырғы рет өлең оқығаны – сол еді. Бұл бұрынғыдай жайдары, жарқын емес, қанын ішіне тартып алған, ер келбеті тым қатулы еді:

«Болғандықтан белгілі атым – адам,

Міндетім көп мойныма арқалаған.

Ойнап-күліп ұлы бір дүниеге

Сапар алыс жол жүріп кетіп барам!»

Қоштасар сәтте Павел Кузнецов Жәкеңді айқара құшақтап, бетінен сүйіп тұрып:

– Тәте, біз келмей өліп қалма. Біз жауды жайрата жеңіп келеміз! – деп қолын қысты.

– Сапарың оң болсын, сары балам, – деп Жәкең Павелдің маңдайынан сүйіп, көзіне жас алған-ды.

Әке жүрегін ұққан Абдолла Жәкеңнің алдына барып, қолын қысып тұрып, кеудесін жапқан ақ сақалынан сүйді. Жамбыл Абдолланы құшақтап, кеудесіне басып тұрып «Тентегім, жас дүлділім» деп сүйгені әлі күнге дейін көз алдыма елестейді. Жәкеңнен босаған Абдолланы Қажымұқан құшақтап сүйіп: «Берік бол, шырағым! Ерлік сапарға ерлерше аттану керек!» – деп қайрап, жонып жатты.

«Халқымыздың ғасырда бір туар, атақты екі ақсақал қарты баталарын беріп, батырларға оң сапар тілеп қала берді», – дейді естелігінде ақын, жазушы, журналист Мәриям Хәкімжанова анамыз.

Тәуелсіздік үшін күрес дегеніміз жылдар мен ғасырлар бойғы өмірдің барлық саласындағы күрестер үрдісінен құралады. Яғни ол – тек қолға қару алып, майдандағы күрес қана емес, ол – экономикадағы алға басушылық, саясаттағы көрегендік пен байыптылық, мәдениеттегі өркениеттілік пен мәдени мұралардың сабақтастығы сияқты әлеуметтік-мәдени құндылықтардан тұрады. Мысалы, қазақ елінің тәуелсіздікке ие болуына, халықтың құлдық санадан арылуына, еркіндік пен жасампаздыққа ұмтылуына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділері», Алаш азаматтарының шығармалары, Олжас Сүлейменовтің «АЗиЯ»-сы, Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің Қазақстаным» әні, дауылпаз ақын Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Мұқағали Мақатаев пен Мұхтар Шахановтың және сол сияқты зиялы ақын-жазушылардың шығармашылығы дәлел бола алады.

Ақиқатында, ақынның дауылпаздығы ел еркіндігі мен тәуелсіздігі күресін бейнелейтін жырларында анық көрініс тапқан. Сондықтан Қасым ақынды Қазақстан тәуелсіздігі мен еркіндігінің жаршысы деп айтуға болады. Оның бұл күрестегі батылдық, ерлік рухы ақын поэзиясының өн бойында анық байқалады. Сондықтан да болар, Кеңес дәуіріндегі 40 жылдардың соңындағы партия қаулыларына сәйкес, ақын-жазушылардың еңбектерін қаралау мен негізсіз сынау жаппай орын алғаны белгілі. Солардың ішінде Қасымның «Абдолла» поэмасы да партиялық нұсқаудың құрбаны болды. Бұл ретте қазіргі академиктерімізге дейін «сүрінгендері» бар.

«Абдолла» поэмасын оқыған орыс әдебиеті классиктерінің бірі Николай Тихонов оны «қазақ поэзиясының інжу-маржаны» деп атады.

Әбділда Тәжібаев: «Бұл – қазақ поэзиясының бақытты бір шағы еді. Қасым біздің поэзиямызды жаңа белеске көтерді», – деп жоғары бағалады. Сонымен қатар Қасым Аманжоловтың жырларынан, әсіресе оның «Абдолла» поэмасынан кінәрат таппақ болғандар да табылғаны мәлім. Қайта Мәскеуден шығатын орыс баспасөзі сол жылдары:

«Поэма казахского поэта Касым Аманжолова «Сказание о смерти поэта» стала не только образцом казахской поэзии периода Великой Отечественной войны, но и достижением всей советской литературы», – деп әділ бағасын берді.

Төрт жылға созылған сұрапыл соғыста жауына дес бермей, Отанды қорғаған халқымыздың жаудан қайтпас ерлігімен, жанкештіліктің үлгісін көрсетіп, жауынгерлік дәстүрін дүние жүзіне мойындатқан – халық батыры Бауыржан Момышұлы еді. Қайран Баукең! Қайталанбас Баукең! Қайталанбас дейміз-ау, мінезі жағынан Баукеңе ұқсас, ұқсас болғанда әбден ұқсас бір қазақ ақыны болған. Ол – Қасым Аманжоловтың жан досы, әдеби кейіпкері Абдолла Жұмағалиев. Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан қаһарман ақын.

Әбу Сәрсенбаев ағамыздың жазуына, куәландыруына қарағанда, тосқауыл болып қоршауда қалған Абдолла өліспей беріспейді. Төбесін сабанмен жабылған саман үйді паналап, қоршап алған немістерді беттетпейді, берілмейді. «Берілсең, жаныңды сақтаймыз!» деген немістердің сөзін тыңдамайды. Ақыры ақынның көнбейтінін сезген басқыншылар үйді өртеп тынады. Абдолланың батыр деген ресми атағы жоқ. Тек қана өмірі ескірмейтін, тозбайтын бір ескерткіш – Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы. Ешбір батырға мұндай поэтикалық ескерткіш орнатылған емес. Орнатыла да қоймас. «Абдолла» – теңдесі жоқ көркем туынды. Ал енді өлген Абдолланы батыр ретінде тірілткен – Қасым Аманжолов болса, ақын ретінде дүниеге қайта әкелген – Әбу Сәрсенбаев.

Әбекеңнің Құдай берген негізгі мамандығы – біреуге жақсылық жасау болатын. Абдолла Жұмағалиевтің небәрі екі-ақ кітабы жарық көрді. Соның екеуін де құрастырған, алғы сөзін жазған – Әбекең.

– Ақын Абдолла Жұмағалиев Отан үшін майданда от болып жанып кетті. Оның алауы әлі сөнген жоқ. Сөнбек те емес. Ол – мәңгілік алау, – дейді абыз ақын Қадыр Мырза Әли естелігінде.

Ұлылар өмірге бір-ақ келіп, тарихта мәңгі қалады, халқымен мәңгі жасайды. Асыл мұрасы – қалың елінің қимас сырласы мен мұңдасына, ұрпақ тәрбиелеудің өнегесіне айнала береді. Ғасыр, заман өткен сайын биіктей береді. Келешек ұрпақ ақын есімін ардақтай біліп, жыр құнарын бойына сіңіруі қажет.

Елді, жерді жау шапса, ұрандап ерлер шықпай ма?! Ежелгі намыс – сондайды. Осы ұғыммен зерделеп, ұлттық намыстың рухын іздесек, кешегі өткен Абдолла Жұмағалиев бүгінгі біздің олқы тұсымызды толтырып, өмірімізді халықтың жанына жүрегінің лүпіліндей жақын, нұрлы жырларымен айшықтап, еліне қалтқысыз қызмет етті. Ендеше, Абдолла сияқты ақынымыз – Халық Қаһарманы атауына әбден лайық.

«Мүмкін, кері қайтпаспын,  жоғалармын,

Мұз жастанып, құм көрпе  оранармын.

Өлмен, бірақ бір кезде  сыршыл ұлан

Болар менің мұрама  оралар күн»,

– деген екен Абдолла ақын.

Бүгінгі күні Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы және ақынның 110 жылдығына орай туған жерінде, ауданда, облысымызда республикалық деңгейде өтіп жатқан  шаралар – осының айғағы.

Өз ұлын туған жері, өскен ортасы, майдандастары ұмытқан емес. 1955 жылы Жазушылар одағы ақынның өскен жеріндегі Карл Маркс жетіжылдық мектебіне Абдолланың атын беруге бастама көтерді. 1958 жылы мектепке жерлестерінің қолдауымен Абдолла Жұмағалиевтің есімі берілді. Осы жылдар ішінде ауылдың жай мектебі жоғары деңгейлі білім ордасына айналды. Мектептің шәкірттері – тәрбиесі, білімі мен өнерінің арқасында қазіргі қоғамның түрлі саласында өз орындарын тауып, ақын атамыздың атына кір келтірмей, ел қажетіне абыроймен қызмет етуде.

Асан Жүсіпов,

Сырым ауданының

құрметті азаматы,

 ардагер ұстаз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале