19.06.2025, 12:00
Оқылды: 123

Еңбегі елеулі есепші

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы экономикалық жоспарлау және қаржы бөлімінің басшысы Рысты Борисова 1964 жылы 3 тамыз күні Орал қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Орал қаласындағы №17 жалпы орта білім беретін мектебін бітірген. 1982-1986 жылдар аралығында Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында (қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті) білім алған. 1987 жылы бұрынғы Приуральный ауданы Уральский совхозы №1 бөлімшесінің аға есепшісі болған. Содан кейін облыстық ауыл шаруашылығы кешені орталықтандырылған бухгалтериясының кассир-есепшісі, бас есепшінің орынбасары, Орал қалалық ветеринариялық стансаның есепшісі қызметтерін атқарған. Бұдан соң ол қалалық аумақтық басқармадағы, облыстық туризм және спорт басқармасындағы есеп-қисапты реттеп, адал қызмет етті. Білгір бухгалтер 2010 жылы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына жұмысқа орналасады. 2015 жылдан бастап аталған басқарманың экономикалық жоспарлау және қаржы бөлімін  басқарады.

9d615fbc-5a63-4ed3-97c6-c4faaf3c2458

Жуырда басқармаға арнайы барып, Рысты Темірғалиқызымен тілдестім. Оның қырық жылға жуық уақыт ішінде біраз тәжірибе жинағаны аңғарылып-ақ тұр. Бүгінде жас мамандарға ақыл-кеңесін айтып, барынша бағыт-бағдар сілтеуде. Көп ұзамай зейнеткерлік жасқа толмақ. Алайда шаршадым деп отырған жоқ. Сәтін салса, жұмысын жалғастыруға ниетті.

– Бухгалтерлік қызмет – қосу мен алу, бөлу мен көбейту ғана емес. Есепшілер жұмыс барысында көптеген құжат дайындайды. Қағаздардағы уақ-уақ цифрларға ұзақ уақыт үңіліп отыруға тура келеді. Міне, қараңыз (жүздеген қағазды, құжатты көрсетті), бұлардың әрқайсысына ерекше назар аудару қажет. Қателесуге қатаң тыйым салынған. Тізіліп тұрған жай сандар емес. Қаражат айналымын мұқият қадағалау керек. Кейбір жобалардың құжатын бастан-аяқ жасап шығамыз. Оларды толық аяқтағанда басқа құжаттарды дайындау керек болады. Көрдіңіз бе, біздің жұмыс – тынымсыз жұмыс. Өз басым уақытпен мүлде санаспаймын. Бұрын да жұмыстан кеш шығатынмын. Қазір де солай. Жұмысты заңға сәйкес сапалы атқарып, нақты нәтижеге қол жеткізуге тырысамыз. Басқарма құрамында қаншама мекеме бар, соның бәрінің сұраныстарына жауап беруге тиіспіз. Олардың тарапынан жолданған әрбір хатты жауапсыз қалдырмаймыз. Осылайша, жылдар жалғасып жатыр, – дейді бөлім басшысы Рысты Борисова.

Кейіпкеріміз еңбекке жастайынан араласқан. Оның әкесі Темірғали Сұлтанғалиев – 90 жаста. Орал қаласында, Рысты Борисованың балалық шағы өткен, ұмытылмас сәттері қалған үйде, тұрады. Мамандығы – экономист. Темірғали Қайырмағзомұлы перзенттерінің бәрін адал еңбекке баулыған. Анасы Ақжан Сұлтанғалиева өте қонақжай кісі болыпты. Ол Крупская атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада (қазіргі Ж. Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап ғылыми кітапхана) ұзақ жыл еңбек еткен. Ақкөңіл жан 1991 жылы өмірден өтіпті.

– Үйде отбасы мүшелері ғана отырған кез сирек еді. Қонақ жиі келетін. Мен – егіздің сыңарымын. Сыңарымның есімі – Бақытты.

Сәбила, Шолпан, Алтын есімді сіңлілерім, Асқар есімді інім бар. Жұбайым Рухолла екеуміз 1996 жылы отау құрдық. Арман, Әлиакбар есімді қос ұлдың ата-анасымыз, – дейді Рысты Борисова.

Журналист болғасын, кейіпкерді сөйлеткіміз келіп, сан түрлі сұрақ қоямыз. Кейде «Осыны бекер сұрадым-ау» деп ойланып қалатын сәттеріміз де бар. Рысты Темірғалиқызымен сұхбаттасып отырып, осындай ойда қалдым. Ол: – Бастан небір қиын кезең өтті. Асыл жарым екеуміз ауыртпалықты бірге көтердік. Үлкен ұлымыз 1998 жылы дүниеге келді. Оның мүгедектігі бар. Жұбайым Рухолла – әскери қызметші. Оның да жұмысы ауыр. Кеш келіп, ерте кетеді. Шаршап жүрсе де, маған көмектесіп, қашанда қолдау білдірді. Арманды емдетуге бар күшімізді салдық. Әрине, айлық аз. Қаражат жеткіліксіз. Сонда да мойымадық. Тек алға ұмтылдық. Барынша мәселенің шешімін табуға тырыстық. Қазіргі кезде Арман – блогер. Әлеуметтік желісіндегі парақшасында 25 мың оқырманы бар. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетін бағдарламашы мамандығы бойынша бітірді. Ал 2005 жылы дүниеге келген кіші ұлым Әлиакбар Ғұмарбек – Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің студенті. Рас, кезінде қатты қиналған сәттерімізде бізге көмектескендер де болды, мүмкіндігі бола тұра, көмектесуден бас тартқандар да бар, – деп көзіне жас алып, ескі жылдарды еске алды. «Өзімен-өзі жұмыс істеп отырған адамды жылатып алдым ба?!» деп сәл ыңғайсызданып қалдым. Бір жағынан Рысты Темірғалиқызының қайсарлығына риза болып отырдым.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале