Әр елді мекеннің болмысы – басшысының біліктілігі мен ұстанымына тікелей байланысты десек, Көнеккеткен ауылдық округі үшін бұл сөздің мәні айқын. Мемлекеттік қызметтегі кәсіби жолымды 2007 жылы бастадым. 2015 жылдан бері Көнеккеткен ауылдық округінің әкімі Ұлдаш Қадырғалиевамен қатар қызмет етіп келемін.

Ұлдаш Зайдағалиқызы – ел-жұртпен етене тіл табысатын іскер басшы. Оның бастамасымен ауыл тынысы кеңіп, көкжиегі айқындала түсті. Мемлекеттік бағдарламалардың мән-маңызын ауыл тұрғындарына қарапайым тілмен ұғындырып, игілігін көруге жол ашты. Соның нәтижесінде ауыл азаматтары уақыт талабына сай қадам жасап, жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдыққа қол жеткізіп, шаруашылықтарын жандандыруда.
Ауылда атқарылған игі істердің барлығын да ұйымдастырушы ретінде Ұлдаш Зайдағалиқызының өз қолтаңбасы бар. Көше шамдарының жарқырауы, ғаламтор желісінің жетілуі, мәдени нысандар мен тұрғын үй құрылыстары – тынымсыз еңбектің жемісі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әр жылғы мектеп түлектерін тарту арқылы ауылымызда архитектуралық нысандар бой көтерді. Көше жарығын жақсарту мақсатында көше шамдарының санын көбейтіп, шамдардың үздіксіз жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Сонымен қатар екі саябаққа орнатылған шамдар ауылымыздың ажарын аша түсті. Интернет және байланыс жүйесі жаңғыртылып, қазіргі таңда Beeline, Activ байланыс операторларының интернет жылдамдығы жақсарып, тұрғындар дән риза.
Ұлдаш Зайдағалиқызының бастамасымен ауылымызда көп жыл бойы назардан тыс қалған ескі ғимараттар сүріліп, орны тазартылып, жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Жылдың төрт мезгілінде де ауыл тазалығы мен жол қатынасының жағдайы үнемі бақылауда.
Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекеттік бағдарламалар туралы тұрғындарға кеңінен түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде ауыл жастары мен тұрғындары «Ауыл аманаты», жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдетілген несиелерге қол жеткізді. Осы арқылы ауыл шаруашылық техникалары мен мал басы, сондай-ақ кәсіпкерлер саны артты.
Жастарды ауылға жұмысқа тартуда «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары округте сәтті жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда ауылымызда 100 орындық мәдениет үйі, фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) және екі пәтерлі екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобалардың жүзеге асуына Ұлдаш Зайдағалиқызының еңбегі зор деп білемін.
Ұлдаш Зайдағалиқызы – ауылымыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген, халықпен етене жұмыс істейтін іскер басшы. Оның бастамалары мен тынымсыз еңбегі ауылымыздың жарқын болашағына жол ашып отыр.
Гүлнәр Нұғманова,
Көнеккеткен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы,
Ақжайық ауданы