19.06.2025, 13:00
Оқылды: 222

Облысқа 841 млрд теңге инвестиция керек

Облыстық  мәслихаттың  кезекті  XVIII  сессиясы  өтті.  Онда  облыстық  бюджеттің  атқарылуының  жылдық  есебі  бекітіліп,  өзге  де бірнеше  мәселе  қаралды. 

DSC06421 (1)

Сессияда алдымен 2024 жылға арналған бюджеттің атқарылуы жөніндегі жылдық есебі қаралды. Облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюповтың баяндауынша, бюджет қаражаты өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, кәсіпкерлікті қолдауға, инфрақұрылымды және әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Түсімдер – 518,6 млрд теңге, шығыстар – 513,4 млрд теңге. Жыл қорытындысы бойынша бос қалдықтар – 5,2 млрд теңге. Облыстық бюджеттің кіріс бөлігін республикалық бюджеттен түсетін өтеусіз және нысаналы сипаттағы салықтар мен трансферттер қалыптастырып, толықтырған.

– Былтыр біз төтенше жағдай режімінде жұмыс істедік. Күрделі жағдайға қарамастан бюджет түсімдері 518,6 млрд теңге болды. Оның ішінде өңірдің өз кірісі  129,4 млрд теңге болса, республикалық бюджеттен түсетін трансфернттер – 321,4 млрд теңге. Қарыздар түсімі – 29,4 млрд теңге және басқа да түсімдер – 38,4 млрд теңге. Облыстық бюджеттің шығысы 524,2 млрд теңгеге жоспарланған болса, 513,4 млрд теңгеге немесе 97,9%-ға орындалды. Есепті жылда 248 бюджеттік бағдарлама іске асырылды. Оның ішінде 199-ы толықтай, 41-і ішінара орындалса, 8-і мүлде жүзеге аспады. Игерілмеген қаражат – 2,1% немесе 10,9 млрд теңге. Қаражаттың игерілмеуінің негізгі себептері – республикалық бюджеттен қаражат аударымының кешігуі, жұмыстың жүргізу кестесінен артта қалуы, мемлекеттік сатып алу бойынша үнемдеу, өнім берушінің тауарларды уақтылы жеткізбеуі, – деді  Тілепберген Ерсайұлы.

Облыстық бюджет шығысының 51,5%-ы (264,6 млрд теңге) әлеуметтік салаға жұмсалған. Оның ішінде білім беруге – 214 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 15,1 млрд теңге, әлеуметтік қамсыздандыруға – 23 млрд теңге, мәдениет және спорт, ақпараттық кеңістік саласына – 12,5 млрд теңге. Агроөнеркәсіп кешеніне 56,3 млрд теңге бағытталған. Тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы және отын-энергетика кешенінің шығыстарына былтыр 85,5 млрд теңгебөлінген. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл қаражат 2022 жылы 28,5 млрд теңге, 2023 жылы 41,5 млрд теңге болған. Көлік инфрақұрылымына 47,1 млрд теңге, кәсіпкерлікті қолдауға – 3,1 млрд теңге бөлініп, қоғамдық тәртіп және қорғаныс саласына 18,6 млрд теңге жұмсалған.

Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Әлібек Қадырбеков былтырғы бюджеттің атқарылуының қорытындысы жөнінде баяндады. Мәселен, былтыр өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде 43,2 млрд теңгеге бұзушылық анықталған. 2023 жылмен салыстырғанда мұндай келеңсіздік екі есеге (былтыр – 89,5 млрд теңге) азайған. Бұл қаржылық тәртіп нығайған деген сөз болса керек. ҚР Мемлекеттік аудит туралы заңының 5-бабына сәйкес тексеру комиссиясы анықтаған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдайды. Нәтижесінде 820 млн теңге (65,1 пайыз) бюджетке өтелді. «Ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 48,7 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Орал қаласы сотының үкімімен кәсіпорынның бас бухгалтеріне жеті жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді Әлібек Чапайұлы. Сессияда облыстың 2024 жылға арналған облыстық бюджетінің атқарылуы жөніндегі жылдық есебі туралы мәслихаттың шешімі қабылданды.

DSC06427 (1)

Сессияда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев басқармаға қарасты өңірлік коммуникациялар қызметі мен жастар ресурстық орталығы қызметкерлерінің жалақысының төмендігін айтты. Сол үшін олардың жалақысына 50% көлемінде ынталандыру үстемеақы белгілеу тәртібі мен шарттарын айқындау жөніндегі қаулыны қолдауды сұрады. Мәселен, екі мекемедегі қызметкерлер жалақысының мөлшері  90-100 мың теңгенің және 100-110 мың теңгенің аралығында. Былтырдың өзінде 25 адам жұмыстан шығып кеткен. Басқарма басшысы мамандарды тұрақты ұстап тұру өте қиын деді. Осы мәселеге қатысты мәслихаттың  шешімі  қабылданды.

– Былтыр су тасқынының салдарын жою бағытында бірқатар жұмысты өздеріңізбен қоян-қолтық атқардық. Әлеуметтік-экономикалық даму тұрғысынан да кенже қалмадық. Былтырғы негізгі көрсеткіштің бәрі орындалды. Бұл – сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жасалған жұмыстар. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша да барлық көрсеткіш орындалды. Соның ішінде, әсіресе негізгі капиталға салынған инвестиция 6,9%-ға жетті. 2024 жылы жылдық жоспарға сай 841 млрд теңге инвестиция тартуымыз керек. Бюджеттің атқарылуы да жаман емес. Биыл да құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Баспана кезегіндегілер үшін 555 үй салынуда. Былтыр 805 үй тұрғызылды. Қаладан ауылға қоныс аударғысы келетін азаматтар да бар. Өңірде 17 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Биыл облыс халқы ауыз сумен 100% қамтылады. Мұның бәрі – өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын, ауыл мен қаланың арасындағы жағдайды теңестіруге бағытталған жұмыстар. Сондықтан депутаттық корпусқа рақмет айтамын. Биыл да бәріміз бірлесіп, абыройлы қызмет етеміз деген сенімдемін, – деді облыс әкімі  Нариман  Төреғалиев.

Депутаттар облыс басшысына бірқатар сұрақ қойды. Мәселен, депутат Тұрарбек Тілемісов «Ақжайық» шағынауданында Шаған өзенінің үстінен өтетін көпір салудың жай-жапсарын сұрады. «Бұл шағынауданда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Көпір салуға қатысты шешім жойылған жоқ. Өкінішті жайт, уақыт өткен сайын бағасы қымбаттап барады. Бұл мәселені республика көлемінде көтердік.

Көпір құрылысы қымбаттап кеткен соң қазір сомасы қайтадан есептеліп жатыр.

Бұрынғы есеп бойынша 10 млрд теңгенің шамасында еді. Енді 14-15 млрд теңгеге жуықтауы мүмкін. Бұл мәселе бақылауымызда тұр», – деді  өңір  басшысы.

DSC06435

Депутат Ержан Хасанов: «Білім туралы заңда жеке меншік мектептерге мемлекеттік қолдау көрсету, жан басына шаққанда субсидия бөлу көзделген. 2024 жылдан бастап жеке мектептерді қаржыландыру функциясы республикалық бюджеттен жергілікті бюджетке беріле бастады. Соған байланысты бұрын ашылған және мемлекеттік тіркеуден өткен жеке мектептер жан басына шаққанда берілетін субсидияны алуда. Себебі олар бұрынғы нормативтік талаптарға сәйкес тіркелген. Яғни қаржыландыру бар. Ал жаңа ашылған жеке мектептерде осыған қатысты нормативтік құқық әлі толықтай жасалмаған. Субсидия алу мүмкін болмай тұр. Осыған байланысты сұрағым мынадай. Жеке меншік мектептерді қаржыландыру механизмін жетілдіру және жаңа ашылған мектептердің жан басына шаққанда субсидия алу құқығы заң жүзінде қалай нақтыланады? Оларды мемлекеттік қаржыландырудың нормативтік-құқықтық базалары қашан әзірленеді? Бұл мәселе жергілікті жерде шешіле ме әлде республикалық деңгейде қарала ма? Мәселен, облыста үш мектеп 2024-2025 жылғы оқу жылында өз қаражаттарын жұмсады. Олар осылайша облыстық бюджетті 200 млн теңгеге үнемдеді деуге болады», – деп сұрады. Облыс басшысы республикалық бюджетте қаржы тапшы болғандықтан, бұл мәселенің ашық тұрғанын айтты. Қазір қаржыландыру жолдары жергілікті жерде шешілуі керек деген мәселе көтеріліп жатыр. Әрі бұл барлық облысқа тән түйткіл болып отыр. Бірақ мәселенің шешімі табылады деді. Облыстық білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллиннің айтуынша, өңірдегі сегіз мектеп 2219 оқушыға жан басына шаққанда қосымша қаражат алып отыр. Енді осындай қаржыландыруға алты мектеп қосылуға ниетті. Бұған дейін бұлай қаржыландыруға 864 млн теңге жұмсалса, жаңадан мектептер қосылғанда 1,7 млрд теңге қажет болады деді. Басқарма басшысының айтуынша, субсидиялауға қатысты өзгеріс  болуы  мүмкін.

Ал депутат Мереке Ғабдуалиев азаматтарды әскери қызметке шақыруға қатысты мәселе көтерді. «Маған біздің сайлаушылар хабарласып жатыр. Олардың айтуынша, әскерге шақырылатын жастағы жастарды көшеде, дүкендерде тоқтатып, тіпті әскери комиссариатқа әкетіп жатыр. Алайда «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР заңы мен «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидалары» бар. Қағиданың 11-тармағында бұл азаматтарға шақырту қағазын жіберу керек деп жазылған. Егер азамат бұл шақыртуға келмесе, оған іздеу салынады. Қорғаныс істері бөлімінің мамандары бұл туралы құқыққорғау құрылымдарының қызметкерлеріне хабарлауы тиіс. Жалпы, қорғаныс істері бөлімінде кімнің қайда тұратыны жөнінде ақпарат болуы керек. Бірақ біреуді аяқ астынан бөлімге шақырып, әскери қызметке аяқ астынан жібере салуды дұрыс емес деп есептеймін.

ҚР Конституциясының 36-бабына сәйкес, республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп бойынша әскери қызмет атқарады. Сондықтан тиісті уәкілетті құрылымнан азаматтарды әскери қызметке шақыруда заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді сұраймын», – деді депутат. Облыстық мәслихаттың кезекті XVIII сессиясында мәслихаттың өзге де бірқатар шешімдері  қабылданды.

Жуырда облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Мұқаев бастаған бір топ депутат пен тұрақты комиссия төрағалары Астанаға барып келген. Онда бес министрмен және бір вице-министрмен кездесіп, өңірде қордаланған мәселелерді талқылаған. Сессия соңында облыстық мәслихаттың бюджет, өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Ербол Салықов осы сапар барысы туралы баяндады. Мәселен, депутаттар ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевпен кездесуде ең алдымен киік санын реттеу мәселесін көтерген. «Ведомстводағылардың бізге айтуынша, шілденің 1-інен бастап киіктің санын реттеу басталады. Күзге дейін ақбөкеннің тек еркегі ғана ауланады. Облысқа жануарларды аулайтын арнайы мамандар келеді. Киік етін ет комбинаттарына тасымалдау үшін 15 рефрижатор  бөлінеді. Біздің облыс бойынша бес ет комбинатымен келісімге қол қойылған. Болжамдық есептер бойынша тәулігіне үш мың киік ұсталмақ», – деді Ербол Ғұмарұлы. Сонымен қатар батысқазақстандық делегация Қытай Халық Республикасынан келген инвесторлармен де кездесіп, киік мәселесін талқылап, ұсыныстарын жеткізген.  Астана сапарында депутаттар  ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовпен де кездескен.  Жайық өзенінің Круглоозерный ауылының үстіндегі бөгетсіз су жинау маңындағы жағалауды нығайту мәселесін талқылаған. Биыл бұл жұмысқа 2 млрд теңгедей бөлінген. Республикалық бюджеттен 4,7 млрд теңге бөлу мәселесі айтылған. Министр қазіргі 2 млрд теңге игерілсе, қалған қаражатты бөліп отыруға уәде берген. Осылайша қаржы мәселесі шешілген. Басқа да  министрлермен кездесу барысында өңірдегі түйткілдер талқыланып, ұсыныстар айтылып, шешу жолдары  қарастырылған.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале