5.12.2016, 14:12
Оқылды: 114

Төкпе жырдың жас өкілдері Зеленов өңірінде

jas_aitysker           Жыр маржаны мен ой тұнығы молынан атқарылатын саф өнеріміз – айтыс десе, делебесі қозатын халықпыз. Төл өнерімізді бағалап құрметтей білген ел – тілін де, əдет – ғұрпын да, салт-санасын да ардақтай біледі. Міне, айтысты қадірлей білген өнер сүйер қауым жақсыны көрмекке ағылды.  


Əмбеге аян, кеше ғана, яғни желтоқсанның бірі күні шаһарымызда ауызын айға білеген ақындардың дүбірлі айтысы өтті. Тұғырлы Тəуелсіздіктің арқасында еліміздің түкпір-түкпірінде айтыстың жиі ұйымдастырылып жүргені көңілге қанат бітіретіні рас. Қасиетті Тəуелсіздік күніне арналған игі істің бірі – « Тəуелсіздік теңдесі жоқ байлығым » атты облыстық айтыс бүгін аудан орталығындағы мəдениет үйінде басталды. Жалпақ жұртшылықпен қатар Қаратөбе аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінің директор-редакторы, есімі елге белгілі ақын Ертай Бимұқанов, айтыскер жас ақындар Талғат Мықи, Мұрадым Мирланов, Меңдібек Лұқпанов, Естеміс Мұқанбетовтер де айтулы шараның куəсі болды.

Айта кетейік, аудан əкімдігінің, БҚО жастар саясаты мəселелері басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған шараның жүзеге асуына мұрындық болған республикалық жоғарғы технологиялық колледж жанындағы «Темір-Бүркіт» жастар қоғамдық бірлестігі. Атаулы бірлестіктің төрайымы Эльмира Келбетова: - Осы уақытқа дейін халқымыздың ұлттық дəстүрін насихаттау мақсатында түрлі іс - шаралар, ұлттық ойындар ұйымдастырып келеміз. Бүгін бірінші рет айтыс өнерін қолға алуды ұйғардық. Міне, өздеріңіз куə болғандай, Зеленов ауданында өтуде. Шараға 8 айтыскер ақыннан құралған 4 жұп қатысуда, - деді өз сөзінде.

?

           Иə, жүйрік аттай желпініп, көмекейлеріне жыр сауалатып келген ақжайықтық Бекболат     Қаленов, Абылайхан Мақсотов, оралдық Абзал Каримолла, Асланбек Шығыров,  Азамат Базарбаевтар, қаратөбелік Райымбек Өтепов, сырымдық Мақсат Тұяқ сынды төкпе жырдың жас өкілдеріне тек сəттілік!

         Ұлттық өнеріміздің інжу - маржаны ақындар айтысында сөз алған «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, əділқазылар алқасының мүшесі Нұржан Дүзбатыров халқымыздың басты олжасы, бақыты мен байлығы – 25 жылдығына қадам басқалы отырған Тəуелсіздігімізбен құттықтап, айтыскер ақындарға жылы лебізін білдіре отырып, ақ жол тіледі.
Сонымен айтыс өнерінің шашасына шаң жұқпаған, топтан суырылып алға шыққан жүйріктер анықталды. Оралдық Асланбек Шығыров  ІІІ орын иеленсе, ІІ орын жаңақалалық Орынбек Меңдіқұл мен Азамат Базарбаевқа бұйырды. Ал І орынды көпшілікті талантымен таңдай қақтырған жас дарын қаратөбелік Райымбек Өтепов қанжығасына байлап, түрлі түсті теледидарды сыйлыққа алды.

Самал Жамет

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале