Халық үшін қызмет ететін қос саланың қоғам дамуындағы маңызды міндеті мен рөлі сахна төрінен айтылған салтанатты жиын мемлекеттік қызметке өткен жаңа маманның ант беру рәсімімен бастау алды. Мемлекеттік қызметті тұлғаға көрсетілген қоғам мен мемлекеттің айрықша сенімі деп бағалап, Қазақстан халқы алдындағы биік жауапкершілікті сезіну, еліміздің Конституциясы аясындағы Заңдарды сақтап, халыққа адал да білікті қызмет етуге Ант берілгеннен кейін, аудан басшысы Мұрат Өмірәлиев мереке иелерін мейраммен құттықтап өтті.

«- Мемлекеттік қызмет ел дамуының өзегін құрайтын маңызды институт және мемлекеттік басқаруды тиімді етіп, халықтың сеніміне ие болуға тиіс мәртебелі міндет. Мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттің айнасы, билік пен халық арасындағы сенім көпірі. Бүгінде біздер ел Президенті Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсымасымен мемлекеттік қызметтегі ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету жолында жұмыстанып келеміз. Елге адал қызмет ету - басты ұстанымымыз!
Ал, тәртіп сақшылары мемлекетіміздің ішкі қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіп пен азаматтарды тыныштығы сақтау жолында алдыңғы шепте жүрген жанкешті мамандар. Сіздердің батылдығыңыз бен кәсіби шеберлігіңіз тәуелсіз Қазақстанның тұрақтылығы мен тыныштығының кепілі. Еліміздің өркендеуі, әлеуметтік- экономикалық дамуына, халқымыздың әл- ауқатының артуына қосып отырған үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін» деген ізгі лебізден соң қос саланың үздіктері алғыс хаттармен марапатталды.
Жиын соңы мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.
Қаршыға Асу,
Шыңғырлау ауданы
