24.06.2025, 15:00
Оқылды: 113

Еңбек адамдарына – айтулы  құрмет

Оралдағы  Достық  үйінде  Жұмысшы  мамандықтары  жылы  аясында Малшылар  күні  кәсіби  мерекесі  аталып өтілді.  Мерекелік  жиында  жылдың  төрт  мезгілінде  де  бір  сәт  тыным  таппайтын,  төрт  түлікті  бағып-өсіріп,  азығын  қамдайтын,  ел-жұртты  мал  өнімдерімен  қамтып  отырған  өңірдегі малшылар  қауымына  сый-құрмет  көрсетілді. 

DSC08356

ҚР Үкіметінің 2021 жылғы маусымдағы №449 қаулысына сәйкес  маусым айының екінші жексенбісі Малшылар күні болып бекітілді. Осыған орай мал  шаруашылығы  саласында тер төгіп жүрген азаматтардың мәртебесін көтеру, еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеуді мақсат тұтқан шара аясында сала үздіктері марапатталды. Оларды облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов құттықтады.

– «Мал баққанға бітеді» деген, төрт түлікті бағу тынымсыз тірлікті талап етеді. Бұл салада  мыңдаған адам еңбек етіп, тер төгуде. Өңірімізде мал шаруашылығы дамып, өрісі кеңейіп келеді. Бүгінде облыста 1 млн 200 бас ірі қара, 2 млн-ға жуық қой-ешкі, 361 мың жылқы, 3 мыңдай түйе бар. Мемлекеттің кешенді тұрақты қолдауының нәтижесінде мал басы артуда. Шаруаларға қайтарымсыз сусидиялар, жеңілдетілген несиелер, техникалар алуға лизинг берілуде. Осының барлығы еліміздің экономикасын алға бастыруға септігін тигізеді. Биыл мал шаруашылығын субсидиялауға 7 млрд 184 млн теңге қаржы қаралды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өсімдік шаруашылығына  1 млрд 200 млн теңге бағытталады. Субсидиялар негізінен мал сатып алуға, өсіруге, өткізуге, барлық айналымды қамтуға арналған, – деген Қалияр Шадиярұлы жиналған қауымды мерекемен құттықтап, қажырлы еңбектері үшін алғыс айтты. Сонымен қатар сала үздіктеріне марапат табыс еті. Бәйтерек ауданындағы «Дарюшка» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде техник-ұрықтандырушы болып еңбек ететін Иван Бричковский ҚР Премьер-министрі О. Бектеновтің алғысхатымен марапатталды. Саналы ғұмырының 50 жылын мал басын көбейту ісіне арнаған маманның еңбегі елеулі. Бүл күндері Дариян ауылында асыл тұқымды сиырлар табыны қалыптасты, тұрақты эпизоотиялық жағдай орнықты. Ал Жаңақала ауданындағы «Айдархан» ЖШС-ның жылқышысы Елемес Сағынғалиев ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін кеудесіне жарқырата тақты. Ол 1979 жылы мектеп бітірісімен еңбек жолын кеңшарда жылқы бағудан бастады. Үйір іріктеп, селекциялық жұмыстар жүргізді, зоотехникалық талаптарға көңіл бөлді, қыл құйрықтыдан төл алды. Балалары мен ауылдастарына жылқы бағу тәжірибесімен бөлісіп, ауданда төрт түліктің төресі – жылқы малының көбеюіне елеулі үлес қосты. Сонымен қатар  «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен Жәнібек ауданындағы «Әлем»  шаруа қожалығының зоотехник-селекционері Айман Филатова, Бөкей ордасы ауданының  кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сүйінбек Хайруллин марапатталды. Министрліктің Құрмет грамотасы Бөрлі ауданының Пугачев ауылының №2 бөлімшесінің бақташысы Талғат Будировке, алғысхат Сырым ауданындағы «Тана» шаруа қожалығының шопаны Чапай Досқалиевке, Казталов ауданындағы «Асхат» шаруа қожалығының малшысы Асылмұрат Шналиевке, бәйтеректік омарташы Руслан Досмұхамбетовке табыс етілді. «Үздік табын ұстаушы» аталымы бойынша Шыңғырлау ауданындағы «Надир» өндірістік кооперативінің малшысы Бауыржан Сәрсенғалиев, «Үздік малшылар әулеті» аталымы бойынша Қаратөбе ауданының «Ақберен» шаруа қожалығының жетекшісі Мерғали Құрмаш, «Үздік сауыншы» атылымын иеленген Теректі ауданындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығының сауыншысы Жангүлім Әбсалықова, «Бие байлаудың шебері» аталымы бойынша Тасқала ауданындағы «Марс» шаруа қожалығының басшысы Марс Тілегенов облыс әкімінің  алғысхатын  алды.

DSC08519

Сала қызметкерлерін облыстық ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері кәсіподағының төрағасы Аманкелді Дәулетжанов қыс қыстауда, жаз жайлауда болып мал бағудан қолы тимейтін, ақ адал еңбектерімен ел ырыздығын еселейтін малшылар қауымын құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Марапатталған азаматтар атынан «Еңбек ардагері» медалінің иегері Елемес Сағынғалиев сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, ел деп еткен еңбектерінің еленгеніне  ризашылығын  білдірді.

Өңірде  Ақжайық, Казталов, Жәнібек, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандарында мал басының 70%-ы шоғырланған. Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудандарында сүт тауарлы фермалары орналасқан. Мал шаруашылығы өңірдің агроөнеркәсіп саласының жетеші саласы саналады. «Ауыл шаруашылығында өндірілген өнімнің 60%-дан астамы осы мал шаруашылығы саласына тиесілі. Өңірде мал басы тұрақты өсіп келеді. Осындай берекелі көрсеткіштердің барлығы – мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтардың жанкешті еңбегінің нәтижесі»,  – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин. Іс-шара аясында қатысушылар құрметіне мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Марс Тілегенов, Тасқала ауданынан, «Марс»  шаруа  қожалығының  жетекшісі:

– Шаруа қожалығын 1997 жылы әкем ашып берген еді. Әкемнің шаруашылығын шашыратпай, құрығын ұстап келемін. Жылқы өсіреміз, бие байлаймыз. Қолымда 100 бас қылқұйрықты, 200-дей ірі қара, 500-дей еділбай қойым бар. Жаз шыға 10 бас биені байлап, сауып отырмын. Қарапайым еңбегімнің еленгеніне қуанып тұрмын. Малшылық – атакәсібіміз, соны естен шығармай, еліміздің өркендеуі  жолында  еңбек  ете  береміз.

DSC08636

Жангүлім Әбсалықова, Теректі  ауданынан, «Төлеңгіт» шаруа қожалығының  сауыншысы:

– 2015 жылдан бері аталған шаруашылықта сауыншы болып еңбек етемін.  Шаруа қожалығына қайын атам Қанат Дәкешев жетекшілік етеді. Жұбайым да осы қожалықта жұмыс істейді. Симменталь  тұқымды сүтті сиырлар өсірудеміз. 100 бас сиырды аппаратпен сауамыз. Әзірге 100 бас аналықтың әрқайысынан 10 литрден сүт аламыз. «Сиырдың сүті  – тілінде» деген, ақ мол болуы үшін малды күтіп-баптау керек. Отбасымда бес бала өсіріп, тәрбиелеудеміз. Менің марапатыма үй ішім қуанып жатыр.  Еңбектің  еленгені  жақсы  ғой.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале