5.12.2016, 18:09
Оқылды: 103

Жәрмеңке мектебіне көгілдір отын жетті

Бөкей ордасы ауданындағы Жәрмеңке ауылының ішімен газ құбыры өтіп, кейбір тұрғындар оның игілігін көріп отырса да, түрлі себептермен Жәрмеңке бастауыш мектебі оған қосылмаған-ды. Міне, көптен күткен бұл күн де жетті.

Оған қоса ойын алаңы ашылып, оның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева бүлдіршіндерге жасалынып жатқан қамқорлық «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асқанын әңгімелесе, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков жалауша желбіреткен осынау бөбектердің арасынан талай дүлділдер шығатынына сенім білдіріп, сол үшін де мемлекет тарапынан бар мүмкіндік істелуде екендігін жеткізді.

Ауыл ақсақалы Ғани Бисенғалиев пен ауылдық клуб меңгерушісі Мәрия Қоштанова тұрғындардың ыстық ықыласын білдірді. Ғани ақсақал мен Сайқын ауылдық ардагерлер кеңесі төрағасы Марат Қадешев есікке керілген лентаны қиса, әжелер шашу шашып, былдырлаған балақайлар ойынға ұмтылды.

Лариса Тельманқызы ауыл тұрмысының жақсаруына өзіндік үлестерін қосып жүрген Оразәлі Мұқанов, Мәрия Қоштанова, Қансұлу Қуаншәлиева және Ағайша Хамзиналарға аудан әкімінің құттықтау хатын табыстады. Салтанат аудандық демалыс орталығы өнерпаздарының «Ширек ғасыр – елімнің шежіресі» атты мерекелік концертіне ұласты.

Р.Бақытова

                 Бөкей ордасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале