24.06.2025, 20:00
Оқылды: 405

«Қанды қармақ»

2023 жыл. Сырым ауданының түнгі тыныштығын мал ойылып кеткендігі туралы суыт хабар бұзды. Өрістен бір семіз сиыр сойылып кеткен. Полиция дереу  із кесуге кірісті. Жедел іздестіру тобы қызу жұмыс  жүргізіп жатты.

PHOTO-2025-06-18-08-37-18 (1)

Көп ұзамай, аудан шетіндегі тас жол бойында күдік тудырған көлік көзге түсті. Бірі – қазақ, бірі – орыс ұлтының өкілдері, көлік ішінде отыр. Қалаға бет алыпты. Өздерін жай ғана балықшылармыз деп таныстырды.

— Балық аулап жүрміз, – деді қазақ жігіт байсалды түрмен.

— Қармағымыз толып тұр, қарап көріңіз, – деді орыс азаматы.

Полиция қызметкерлері көлікті тінту кезінде жүк салғышты ашқанда шынында да түрлі қармақтар мен жіптер шашылып жатты. Бірақ… бір тұстан көзге түскен қанның тамшысы полицейлердің күдігін қоюлата түсті.

— Мынау не, қанның дағы ма? — деді жедел уәкіл қызметкерлері.

— Қойыңызшы, бәлкім балықтан шыққан болар… — деп күмілжи бастады «балықшылар».

—Балықтың  қанына ұқсамайды.

Күдіктілер бірден аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, аталған қылмыстық істі тергеуді тергеуші майор Кумаковқа тапсырды. Тергеуші тергеп тексеру барысында қазақ жігіттің бұрын сотты болғаны анықталды, ал қасындағы орыс жігіт – бұрын-соңды қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Тергеу тереңдеген сайын, олар жауаптарынан шатаса бастады.

— Бұл қанның неге тиесілі екенін сараптама анықтап береді. Малдың қаны ма, адамның ба анықтап тексереміз – дегенде, жігіттердің жүзінен үрей лебі білінді.

Ұзақ сұрақ-жауаптан кейін олар байқамай «қала шетіндегі етке тапсыратын жерге бардық» деп айтып қалады.

Тергеуші Кумаков дереу Орал қаласының кіре берісіндегі бейнебақылау камераларын қарап шығып, әлгі көліктің қалаға кірген сәтін тауып, ет тапсырылған мекенжайдағы үйдің ауласы мен дүкені түгел бейнебақылау камераларынан етті тапсырған сәттерін бейнежазбаларына алу жүргізді, бейнежазбалардан күдіктілердің ет түсіріп, малдың басын тасып жүргендері айдай анық көрінді. Бұлтартпас дәлел жиналды.

Ұрылар өз кінәсін ақыры мойындады. Жолда кетіп бара жатып, ешкімнің қарауынсыз жатқан сиырды көріп, арам ойға барған. Оны сойып, етін қалаға жеткізіп тапсырып, ақшасын алған. Ертесіне не болып жатқанын барлаушы «тыңшыдай» қайта ауылға оралған. Бірақ заңнан қашып құтыла алмады.

Кейін олар малдың ішкі ағзаларын, желінін, терісін, қарынын, аяқтарын қай жерге лақтырғанын көрсетті.

—Түрлеріне қарасаң, ұры деуге келмейді, бірақ ұрлық – түрге емес, ниетке қарай жасалады екен...Және бір көзім жеткені  - сәл ғана кішкене нәрсенің өзі үлкен қылмысты ашуға себеп бола алады екен – дейді тергеуші.

Аталған қылмыстық істі тергеп тексеріп дәлелдемелерді бекітіп, екі тұлғаға қатысты «мал ұрлау, бөтеннің малын адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасырын жымқыру белгілерімен» әрекеттерімен сотқа жолданды.

***

Мұндай оқиға – Сырым аудандық полиция бөлімінің тергеу тобының аға тергеушісі, полиция майоры Нұрлыбек Кумаковтың күнделікті қызметі.

Бұлтартпас дәлелді табу – Нұрлыбектің әбден машықтанып алған жұмысы. Қылмыс орын алған жерге бірінші жедел тергеу тобы – тергеуші, жедел уәкіл,  криминалист барады. Оқиға болған орынды мұқият қарап, тексереді. Адамның аяқ киімінің ізі, есіктің тұтқасында, үйдің ішндегі заттардың саусақ таңбалары, темекінің тұқылы, автокөлік дөңгелегінің ізі, қылмыскердің жеке меншік заттары, қылмысқа пайдаланған құралдары түсіп қалуы мүмкін. Қылмыс болған аймақта жүріп өткен автокөліктердің, адамдардың  барлығының тізімі алынады.

– Тергеушінің тегеуріні мықты болуы тиіс. Оның жұмысы өте қиын. Шыдамдылық, төзімділікті, батылдықты талап етеді. Кісі өлімі болған жерде жүреді.  Даладан табылған шіріп жатқан мәйітті де, өз-өзіне қол жұмсап, асылып қалған тұлғаларға да, басқа да түрлі қиын жағдайлармен бетпе бет келіп, істерді тергейді, ондай кездерде  эмоцияға берілмей, өзін ұстай білуі керек, - дейді Нұрлыбек Ускаменұлы.

Том-томдап жиналған қылмыстық істі ашу үшін жұмыс жасап, екі-үш тәулік үйдің бетін көрмей кететін шақтары да болады. Нұрлыбектің қылмыстық істі ең тез сотқа жолдаған мерзімі – 3 тәулік.  Жылына шамамен 30-40 қылмыстық істі   тергеп тексеру жүргізеді. Статистика бойынша, жыл сайын қылмыстың тіркелуі азайып келеді. 2019 жылдары ауданда жылына 230-240 қылмыстық іс тіркеліп жүрген болса, қазір жылдан жылға қылмыстың тіркелуі азаып келеді. 2025 жылы тергеуші Кумаков 4 істі тергеп, қылмыс жасаған тұлғаларға шара қолдану үшін сотқа жолдады.

Нұрлыбектің туып-өскен әулетінде бәрі педагогтар, құқық қорғау саласын таңдаған бір өзі ғана. Анасы  Светлана Батырбековна ұзақ жыл ұстаздық жолды серік етіп, былтыр зейнетке шықты. Әпкесі Динара Орал қаласында, ағылшын тілінің мұғалімі. Ағасы Қуаныш технология пәнінің мұғалімі мамандығын бітірген. Жары Аягөз – Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте, кураторлық қызметте. Екеуі Төре есімді ұлын тәрбиелеп отыр.

 

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале