25.06.2025, 18:00
Оқылды: 153

Жәнібек ауданы: БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Жәнібек аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің ұжымын аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов қабылдап, БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, қоғамға сіңіріп келе жатқан еңбектері үшін алғысын білдірді.

image-25-06-25-01-27-3

- Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгінгі ақпарат ғасырының алғы шебінде жүрген сіздердің еңбектеріңіз ел дамуына, қоғамның ашықтығына, әділдіктің салтанат құруына ықпал тигізетіні жасырын емес. Сіздер әрқашан уақытпен санаспай, жаңалықтың дәлдігін, сөздің шындығын теріп қана қоймай, қандай да бір бастама болсын, қандай да бір өзгеріс немесе жетістік, алдымен сіздердің қаламдарыңыз бен камераларыңыз арқылы халыққа жол тартады. Сондықтан сіздердің қызметтеріңіз тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін азаматтық ұстаным. Біздің ауданымызда болып жатқан оң өзгерістер, жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайлы кеңінен ақпарат таратып, шынайы дерек пен халықтың пікірін байланыстырып отырған сіздерге аудан әкімі Тимур Шиниязовтың және өзімнің атымнан зор ризашылығымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілеймін!- деді.

image-25-06-25-01-27-2

Әрмен қарай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Миранбек Ибатов, Жәнібек ауданы әкімдігі ұйымдастыру жұмыстары, мемлекеттік қызметтер мониторингі және персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімінің басшысы Мерлан Еркеғұлов, ішкі саясат бөлімінің бас маманы Еділ Елемесовтер жылы лебіздер тізбегін жалғады.

Мерекелік құттықтаудан соң, белсенді жұмыс істеп жүрген жас тілшілер Бану Берікқали мен Арай Сейфолла аудан әкімінің марапатына ие болды. Сонымен бірге мереке қарсаңында аудан әкімі редакцияға жаңа «CANON» фотоаппаратын тарту етті.

Салтанатты шара барысында аудандық газеттің директор-редакторы Гүлзара Төреғалиева сөз сөйлеп, көрсетілген құрмет пен қолдау үшін алғысын білдірді.

image-25-06-25-01-27-1

 ​- Қоғам мен билік арасындағы дәнекер болу – үлкен жауапкершілік. Біз күнделікті жаңалық таратқанда тек ақпарат жеткізіп қоймай, елдің үмітін, көңілін, талап-тілегін жеткізуге тырысамыз. Осындай еңбегіміздің бағалануы – біз үшін үлкен мәртебе әрі шабыт. Әкімдік пен ел сенімін ақтау жолында алдағы уақытта да аянбай еңбек ете береміз. Осы мерекеде көрсетілген құрмет үшін аудан әкіміне зор ризашылығымызды білдіреміз, – деді бас редактор өз сөзінде. Сонымен қатар ол жас журналистерді қолдаудың, жергілікті ақпарат құралдарының дамуына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды. Шығармашылық ізденістің тоқтамауы үшін осындай кездесулер мен марапаттардың жігер беретінін де атап өтті.

image-25-06-25-01-27

​Жиын соңында еркін форматта пікір алмасу жүріп, журналистика саласының өзекті мәселелері мен даму бағыттары, сонымен қатар биыл 90-ға толатын газеттің мерейтойын тойлау барысы талқыланды.

Арай Сейфолла, 

Жәнібек ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале