Әжелеріміз «Далада бала жатпайды» деп әндетуші еді, сол сықылды далада шашылып жатқан ақша да жоқ, бәрі де маңдай термен табылады. Естеріңізде шығар, бастауыш сыныптарда оқыған грузин ертегісінде ерке, жалқау жігіт өзінің тер төгіп тапқан ақшасын оттан жалаңаш қолымен суырып алатыны… Өйткені ол – адал ақша. Сол сықылды ай сайынғы жалақысын банкоматтан картамен «суырып» алатын қай-қайсымыз да банктердің осы қызметі үшін комиссия ұстап қалатынынан аз-мұз хабардармыз. Банктің өзге қызметтерінен хабары аз қарапайым көпшіліктің, әрине, бірінші кезекте табысы аз тұрғындардың ішінде «маңдай терімді сыпырып тапқан ақшамды сыпырып алды-ау» деген дүдәмал ой туатыны жасырын емес. Бұл ретте отандық банктердің қай-қайсысының да тарифтері оңып тұрған жоқ. Барлығында дерлік банкоматтардан қолма-қол ақша алғанда алынатын комиссия шамасы 0,3-1 пайыз аралығында. Есесіне қазіргі уақытта «Ресейдің Сбербанкі» АҚ-ның Қазақстандағы еншілес банкінің айдарынан жел есіп, өзіне клиенттерді көбірек тартуға қам-қарекет жасауда. «Сбербанктің» Оралдағы филиалына барғанбыз, оның басшысы әріптестерімен жиналыста отыр екен. Иманжүзді хатшы қыз Эльмира арқылы айтқан сәлемімізді естіп, дәлізге шығып, сұхбат берді. Уақытым аз деп ескертті, бірақ бәлсінбеді, мәселеге турасынан көшті.
— Біздің банк жалақыны пластикалық картаға түсіру сықылды жеңілдетілген қызмет түрін көрсетеді. Мемлекеттік мекемелермен, соның ішінде әлеуметтік саладағы мектептер мен балабақша ұжымдарымен серіктеспіз. Мұндай жағдайда жұмыс берушілерден де, картамен жалақы алушылардан да комиссия ұсталмайды, — деді аталмыш банк филиалының директоры Александр Бурахта.
Атам қазақ «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» деуші еді, сол рас екен. Қарашаның 8-інен бастап аталмыш банк тарифтеріне де өзгерістер енгізілген. – «Классик» картасын ұстаушылар «Сбербанктің» банкоматтарынан 25 мың долларға дейін ақша аударымдарын жасағанда 1% комиссия, ал бұдан жоғары шамадағы ақша алғанда 1,5% комиссия ұсталынады. Өзге банкоматтардан ақша алғанда 1,5% және бұған қоса 600 теңге ұстап қалады. «Егер сіз осы банктің картасын ұстайтын болсаңыз, басқа қаладағы ұл-қызыңыздың осы банктен алған картасына ақша аударғанда, 1% (көп дегенде 200 теңге) комиссия өтейсіз. Ал өзге банктің карта ұстаушысына ақша аударсаңыз, 1%+200 теңге комиссия төлейсіз. 500 мың теңгеге дейінгі көлемдегі қолма-қол ақшаны касса арқылы біздің банк картасын ұстаушыға аударсаңыз, комиссия — 250 теңге. Терминал арқылы 500 мың теңгеге дейінгі ақшаны аударғанға 100 теңге комиссия ұсталынады», — деп түсіндірді аталмыш банктің жеке тұлғалармен жұмыс бөлімінің бастығы Айнұр Мұқанаева.
А. Бурахтаның айтуынша, банк филиалы еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы бағдарламаларға үнемі қатысып келеді. «Даму» қорының қолдауы бойынша “Бизнестің жол картасы — 2020” бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерді несиелеуге көп үлес қосты. Мысалға, өткен жылдың қорытындысы бойынша «Сбербанктің» бұл филиалы кепілі аздау кәсіпкерлерге «Даму» қорының кепілдік етуімен несиелеуде өзге банктермен салыстырғанда ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізді. Кәсіпкерлерге несие беру көлемі жағынан да алдына «қара» салмады. «Биыл да солай. Шағын және орта кәсіпкерлікті несиелеуде өңірдегі (тек «Каспий банк», «Хоум банктен» өзгесі) екінші деңгейдегі банктердің ішінен үздік көрсеткіш осы банктің «уысында», — деді облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Бақдәулет Ибраимов.
— «Сбербанк» филиалы да өзге банктер сықылды қызмет түрлерін көрсетеді. Мәселе мынада, біздің банк клиенттерді несімен тартады? Тек адамға деген адами қарым-қатынас арқылы, әрине. Көрсетілетін қызметтің сапасымен. Міне, қараңыз, аса маңызды жиын өтіп жатқанына қарамай, бар шаруамды ысырып тастап, тілшіге сұхбат беруге шығып тұрмын. Менің есігім кез келген клиентке ашық. Әрдайым қызмет сапасын жақсартуға маңыз береміз. Тек осы жол арқылы ғана клиенттерімізді көбейтеміз, — деді банк филиалының директоры Александр Бурахта.
50 мың теңге үшін – 500 теңге комиссия!
«Казкоммерцбанктен» жеке тұлға ретінде жалақы аударылатын карта аштыратын болсаңыз, алдымен жылдық банктік қызмет және карта аштырғаныңыз үшін 990 теңге төлейсіз. Картасы бес жылға жарамды, сондықтан одан кейінгі жылдары бұл жылдық төлем көрсеткіші 800 теңге болып төмендейді. Карта есепшотына түскен жалақыңызды алғанда, банк сізден 1% комиссия ұстайды. Кейде бай компаниялар банктік комиссияны өздері көтеріп алады. Банктің бір филиалының басшысы Гүлжан Жантуллинаның сөзіне қарап, ондай компаниялардың негізінен бай, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар екенін бағамдадық.
— Егер де сіз біздің банктің картасы арқылы жалақы алатын болсаңыз, басқа банктік карта ұстаушысына ақша аударатын болсаңыз, аударым операциясы үшін картаңыздан 300 теңге комиссия ұсталады. Ал ақша аударылған тұлға сол өзіне қызмет көрсететін банктің қызмет көрсету шарттарына сәйкес әрекет етеді. Сіз де, сіз ақша аударатын адам да «Казкомның» картасын ұстайтын болса, онда сізден ақша аударғаныңыз үшін 95 теңге комиссия ұсталынады, ал ақша алушы банкоматтан ақша алғанда 1% комиссия ұсталынады. Бұдан басқа «Моментально» картасын алар болсаңыз, ол үшін бір жылға 300 теңге төлейсіз. Осы картаңызды басқа қаладағы балаңыздың қолына беріп, ақша аударып тұруыңызға болады, онда ол тек 1% көлемінде комиссия төлейді, — деді Г. Жантуллина.
Мысалға, Алматыдағы қызыңызға 50 мың теңге ақша аударсаңыз, ол банкоматтан ақша алғанда 500 теңге ұсталады. Ал ата-анасынан жырақтағы қарны аш студент үшін 500 теңге дегеніңіз аз ақша емес! Тонау дерсіз. Бұл банктің қызметі қалталыларға арналған ба деп қаласыз…
— «Центркредитбанктен» (жеке тұлға ретінде аштырған төлем картасы) стандартты картамен біздің банкоматтан ақша алғанда, 0,6 пайыз, минимум 100 теңге комиссия ұсталынады. «Жалақы» жобасы бойынша келісімшартқа сәйкес картаңыздағы ақшаны тегін аласыз. Банкоматымыздан балансты (қанша ақша түскенін) білу комиссиясы — 20 теңге, ұялы телефоныңызға келетін СМС-хабарлама үшін ай сайынғы комиссия — 200 теңге. Бұрын әрбір СМС-хабарлама үшін 20 теңгеден ақша ұсталатын. Биылғы наурыз айынан бастап осы өзгерістер енді, — дейді «Центркредитбанк» АҚ-ның облыстағы филиалының бас менеджері Салтанат Сапарова. Оның айтуынша, осы банктің картасын ұстаушылар осы банктің банкоматынан, мысалға, анасы ұлының карта шотына ақша аударатын болса, 100 теңге комиссия төлейді. Ал егер де сіз осы банктің картасын пайдаланушы болсаңыз, ақша аударатын ұлыңыз өзге банктің картасын ұстайтын болса, онда екеуіңіздің де картаңыз «Виза» болған жағдайда сізден тек 100 теңге комиссия шығады. Ал ұлыңыз сол банктің тарифі бойынша есеп айырысады. «Центркредитбанктің» (келісімшарты бойынша) картасын ұстаушылар басқа банктің банкоматтарынан ақшаны қолма-қол алғаны үшін 0,8 пайыз минимум 100 теңге комиссия алынады. Айтқандай, «Виза» стандартты карта ашқаныңыз үшін жылына 600 теңге, мекеме-ұжымның келісімшарты бойынша мұндай карта алсаңыз, жылына 300 теңге ұсталынады. Банкирдің айтуынша, бұл банктің карталары бойынша халықаралық, интернет арқылы да қызмет көрсетіледі. Ал кейбір банктердің картасы арзан болғанымен, олар тек елдің аумағына ғана жарамды.
Ізденіс жетіспейді
Кез келген банк мейлі ол отандық не шетелдік болсын, тұтынушыларына көрсететін қызметі үшін ақы алады. Тегін ештеңе жоқ. Банк саласының мамандарының айтуынша, несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелерден кейінгі банктерге табыс түсіретін жол – осы комиссиялар. Әр банк тарифтерін өзі белгілейді, Ұлттық банк мұндай іске кіріспейді. Банкирлердің айтуынша, тарифтер құрамына карталарды шығару, карталармен атқарылатын қызметтер кіреді. Көбіне банктерден шығатын шығын шамасын қолма-қол ақша инкассациясы құрайды. Банкоматтар сынады, оны жөндеу не жаңалау қажет болады. Банк саласының қызметкерлері тарифтердің жоғары не төмен болуына қарап, банк қызметін бағалауға болмайтынын айтады. Комиссияның төмендеу шамасын ұсынған банктің несие пайызы қымбат болуы ықтимал. Қай банк болсын өз ұпайын ешкімге жібермесі анық. Өйткені банк сіздің көкеңіз емес. Айтпағымыз, солай болғанымен, отандық банктердің қара халықтың қамын күйттемей, комиссия арқылы мол пайда табуға ұмтылатыны несі? Халықтың банктерге деген көзқарасын зерттеуге не кедергі? Қарапайым тұрғындардың көпшілігі банктерден картамен жалақы ғана алады. Мәселенің осы жағын ескерген өзге елдің банк филиалы бір жылда бірнеше ұжымды өзіне «тартып» алды. Рас, қазір отандық банктердің көпшілігінде тұтынушыларды банкке тартумен айналысатын арнайы бөлім жұмыс істемейді. Бұрын мұндай бөлім жұмыс істейтін. Ал өзге елдің банкінде картамен жұмыс істейтін және тұтынушыларды тартумен айналысатын бөлім бар. Елдің бәрі комиссиясы төмен банкке ауысатын болса, не болмақ? Сонда отандық банктер кім үшін жұмыс істейді?
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА