26.06.2025, 15:45
Оқылды: 285

Ертістен Жайыққа – жүлдемен!

Семей қаласында «Абай оқулары» республикалық (халықаралық) шығармашылық конкурсы өтті. Бұл байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Абай облысының білім басқармасы хәкім Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырды. Осы жарыс биыл тұңғыш рет халықаралық деңгейде өткізілді. Конкурста Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркіменстан және Қазақстанның түкпір-түкпірінен жалпы саны 112 қатысушы бақ сынады. 

4fe6b961-2afa-4152-86ec-2cff74e2f390

Шығармашылық байқауда Тасқала аудандық мектептен тыс жұмыс орталығы жанындағы «Әдебиет әлемі» үйірмесінің тәрбиеленушісі, Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның 10-сынып оқушысы Арнұр Жұмабай 1-орынды жеңіп алды. Ол «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» аталымы бойынша үздік деп танылды. Қазақтың ұлы ақынына арналған өлеңі қазылар алқасының оң бағасын алған ол дипломмен, медальмен, естелік сыйлықпен және 50 000 теңгелік қаржылай сертификатпен марапатталды. Бүгінге дейін бірнеше облыстық мүшәйраның бас бәйгесін иеленген Арнұрдың жетекшісі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Тасқала  аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұстазы Меңдібек Лұқпан. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» аталымына қатысқан 30-ға жуық оқушының өлең-жырын ақын, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Абай облысындағы өкілі Мерей қарт бастаған қаламгерлер  бағалаған.

ca8d2031-9d6e-4496-99eb-d7815212b7ad

Ертіс өзенінің жағасына жалындап барған басқа да оқушылардың қанжығасы майланды. Атап айтар болсақ, Орал қаласындағы №37 жалпы орта білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы Інжу Максим («Абайдың ақын шәкірттері» аталымы, 1-орын), Ә. Молдағұлова атындағы №38 мектеп лицейдің 9-сынып оқушысы Ләйлім Әмір («Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» аталымы, 1-орын), Казталов ауданы Ақпәтер жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Ай­сәуле Талғатқызы («Әнді сүйсең, менше сүй» аталымы, 2-орын), Бөкей ордасы ауданы Т. Масин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Жанерке Сансызбай («Абайдың асыл мұрасы» аталымы, 3-орын) жүлделі орындарды иеленіп, жоғары нәтиже көрсетті.

Іс-шара барысында арнайы экскурсия ұйымдастырылып, қатысушылар М. Әуезов мұражайындағы, «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніндегі құнды жәдігерлермен танысты. Сонымен қатар өзге де тарихи нысандарды аралап, Абай туған өңір, ол өскен өлке туралы мол мағлұмат алды.

Әлкеш Қалқаман,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале