26.06.2025, 17:15
Оқылды: 137

Интернет жылдамдығы артып келеді

Шыңғырлау  ауданында 24 мемлекеттік мекеме оптикалық-талшықты байланыс желісіне  қосылған. 

WhatsApp Image 2025-06-10 at 15.05.52

«Қазақтелеком» АҚ Шыңғырлау желілік-техникалық учаскесінің басшысы Әділбек Нұрғазиевтің айтуынша, байланыс желісі жерасты телефон кәрізі арқылы өткізіледі. Бұл желіні жауын-шашыннан, қатты желде үзіліп кетуден және тотығудан қорғайды. Оптикалық-талшықты байланыс желісінің бір артықшылығы – әрбір мекеме немесе тұрғындар байланыс жылдамдығын, яғни тарифті өздері таңдап алады. Мысалы, бір адамға 5 мегабит қана қажет болса, ал біріне 500 мегабит керек. Үйден тыс жерде қолдануға қолайлы тарифтік жоспарлар да бар. Телевизиялық TV+ платформасы 170-ке жуық арнаны көрсетеді. Бір модемге телефон, теледидар, IPVPN вертуалды желіні және FWA радиокөпір қосуға болады.

Әділбек Қайыргелдіұлының мәліметінше, Шыңғырлау, Аманкелді, Жаңакүш және Қайыңды ауылдарында FWA радиокөпір қосылған. Оның жылдамдығы – 20 мБит/с. Далада мал бағып отырған малшыларға, шаруа қожалықтарға сымсыз байланыс желісі қосылады дейді. Ардақ ауылында аудан әкімдігінің қолдауымен байланыс мұнарасы орнатылған. Соның арқасында ауылдағылар тұтынатын интернет жылдамдығы артқан. Сонымен бірге онда Kcell мобильді операторы қызмет көрсетеді. Қазір бұл ауылдағы интернеттің жылдамдығы – 150 мБит/с. Учаске басшысы бұл қаладағы жылдамдықпен бірдей деп отыр. Ал Қарағаш, Ақтау, Ардақ және Шоқтыбай ауылдарында Kcell, Altel/Tele2 және Beeline ұялы байланыс операторларымен келісімшарт жасалған. Тұрғындар бір ғана мұнарадан осы операторлардың бәріне қосыла алады.

– Телекоммуникация қызметі жыл санап дамып келеді. Егер 2000-2005 жылдары 2 мБит/с жылдамдықтың өзі біз үшін фантастика көрінетін. Қазір тұрғындарға 20, 50 немесе 100 мБит/секундтың өзі аз. Оларға одан да жоғары, сапалы, сенімді жылдамдық керек. «Қазақтелеком» АҚ басшылығының бастамасымен аудан орталығын толықтай FTTH  оптикалық-талшықты байланыс желісіне қосу қолға алынды. Әр пәтерге өткізілетін бұл желінің жылдамдығы өте жоғары. Әрбір абономент өзі қалаған тарифті қоса алады, – деді Әділбек Қайыргелдіұлы.

Ясипа Рабаева,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале