1.07.2025, 14:45
Оқылды: 117

Ерекше есімнің иесі

Батыс Қазақстан облысының құрметті ардагері,  Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ардагер  спортшы  Мынатаубиік Әнесов  75  жасқа  толды.

WhatsApp Image 2025-07-01 at 15.40.05

Мынатаубиік Таупикұлы – бозбала кезінде бозкілемде дүр мықтылармен белдесіп өскен. Ол күрес спортының үш түрімен шұғылданған. Жағадан алғанды жамбасқа жығуды спортта шыңдалған сақа жігіт шаруа құрлы көрмеген. Татами тәсілдерін меңгерген Мынатаубиік ағайдың жауырыны жер иіскемесе де, тағдыр таяғынан алған соққысы бар... Ширек ғасырдың үшеуін өңгерген азаматтың 75 жас мерейтойы қарсаңында газетіміздің «Ерекше есім»  айдары үшін әңгіме-дүкен құрғанбыз.

Мынатаубиік Әнесов 1950 жылы 3 шілдеде Бөкей ордасы ауданына қарасты Әжен ауылында дүниеге келген.  Әкесі Таупик жора-жолдастарымен бас қосқанда «Жұбайым ұл сыйласа, есімін «Мынау Таупик» деп қоямын. Өзімнің қанымнан тараған ұрпағым. Әрі ол өмірге келгесін де бар күш-жігерімді балама арнаймын ғой. Өмірімнің жалғасы екенін айқындайтын осы есімге тоқталып отырмын»  деген. Әкесі бала есімін қоюға келгенде кесіп шешім қабылдағанмен, әжесі мұны естісімен байбалам салыпты. «Шақалаққа есім қойғанда жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал. Өзімен өмір бақи жүретін де, бір ғұмыр сүретін де есімі. Сенің көңіліңе жаққан бұл есім құлаққа түрпідей тиеді. Ертең ер жетсе, құрбы-құрдасы мен дос-жаранының арасында келемежге көмілмейді ме? Қазақтың қадір тұтқан тұлғалары көп. Солардың бірінің есімімен атасақ, атаға жете туған азаматтардың қатарында болар бәлкім?» депті. Таупик Әнесұлы басқосудағы сертті бұзғысы келмей, сан-қилы айла-қулықтың амалын ойлайды. Қыр басында достармен сауық құрған шақта табиғатқа ерекше зер салады. Орда аумағында алып тау жоқ, дегенмен алыстан көзге ұратын төбешіктері бары айқын. Туған жердің көлі де, шөлі де қасиетті. Тал-терегі бәйтерек, ал төмпе-көмбелері осы мекенде туып-өскен ер үшін тау іспетті. Қайдан сап ете қалғаны беймәлім, бірақ сөз арасында «Мына тау биік» деген тіркес әлдебіреудің аузынан шыға қалады. «Мына тау биік» деген сөйлем, жарық дүниеге көрінген сәбиге қояр есімге сөзсіз балама болады ғой деп, жадына мықтап түйіп алыпты әкесі. Ұрымтал сәтте ұтымды қадам жасаған әкесі анасын оңай көндіріпті. Сөйтіп, әкесінің дегені болып, ақырында балаға сол  есім азан шақырылып қойылыпты. Баланың есімі Мынатаубиік болғанмен, жолдастар жиынында «Мен берген сертімде тұрдым. Қазір ұлымның есімі Мынау Таупик» дейтін көрінеді тапқыр  әкесі  Таупик.

Тағдыр теперіші...

...Өздеріңізге мәлім, 1952 жылы Батыс Қазақстан облысының Нарын құмындағы Ресейдің «Капустин-Яр» әскери полигонына байланысты ондағы тұрғындарды еріксіз жер аударған. Кейіпкеріміз небары екі жасында осы бір азапты көштің, азалы керуеннің арасында болған. Мерейтойы қарсаңында жарық көретін мақала мазмұнына бүлдіршін шағындағы сол кездегі солақай биліктің бассыздығын қосқысы жоқ. «Жер аударылды. Не көрсе  де, көппен көрді, туған жерден ұзау қиын екенін жүрекпен сезінді. Әйтеуір Оралына қайта оралды» деп түйіндейік. Бірақ тағдыр теперіші мұнымен аяқталмаған еді. Ол он бір жасында асқар тауынан айыры-лып, енді беки түскен көңіл іргесінің қабырғасы қайта сұлады. Қым-қуыт тірліктің бар ауыртпалығы шаңырақ шамшырағына түсті. Анасы Рахима Досқалиқызы отызында жесір қалғанмен, балапаны үшін  шырылдаған шымшықтай шым-шытырыққа айналған өмірін сүре берді. Әкенің жоқтығы сәби жүрегіне қанжардай қадалғанмен, оны қайсар да қайратты болуға ықпал етті. Ендігі жанұяның тірегі де, жалғыз анасының қорғаны да өзі екенін ерте ұғынды Мынатаубиік ағамыз. Буденный атындағы орта мектепте білім ұясының алғаш табалдырығын аттап, кейін Бітік сегіз жылдық мектебінде оқуын одан әрмен жалғастырды. Білімге құштар өрен мектеп кезеңіндегі соңғы екі жылын Бірінші май мектеп-интернатында өткізді. Онда мектеп комсомол комитетінің мүшесі атанып, мектеп редколлегиясының төрағасы болып тағайындалды. 1967 жылы мектеп түлегі болған соң, 1968 жылдың жазына дейін Бірінші май кеңшарында электромонтер  болып еңбек етті. Оған қоса, қосымша Бітік мектебінде  еркін күрес спортынан оқушыларды дайындап, жаттықтырды. Сол кездегі Бі­рінші Май кеңшарының директоры Төрес Ниязов шәкірттерді спортқа баулимын деген жалынды жасқа үйірме ашып береді. «Ішкі сәулеті «шаршаңқы» қуықтай ғана бөлмеде жаттығуға тебінген тайдай осқырынып тұрған жастар үзбей келуші еді» дейді кейіпкер. Мұнда жаттыққан Сайлау Мұқашев, Төлеген Атошев, Әлік және Мәлік Ниязовтар, Қабес Сабырғалиев сынды азаматтар кейін атағы дүркіреп, «Спорт шебері» боларына біреуі сенсе, біреуі күмәнмен қараған. Шәкірттері шыңнан көрінсе, ұстазы да жеңіс тұғырын қарсыласқа оңай бермеген. Спорт деп санасы сабылыса жүріп, еркін, грек-рим, қазақ күрестерінен бірнеше дүркін облыста жеңімпаз атанып, республикалық шемпионаттарда асығы алшысынан түскен. Осы жеткен биік-белестерінің нәтижесінде еркін және грек-рим күрестерінен КСРО-ның спорт шеберлігіне кандидат атанып, қазақ күресінен бірінші дәрежелі палуан атағына ие болған.

Жақсылық Үшкемпіровпен жеңіс тұғырында жолыққан сәт

1972 жылы Семей қаласында өткен Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы студенттері арасындағы грек-рим күресінен шемпионатқа қатысады. Сол додада 62 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Мынатаубиік Әнесов Ақ Жайықтың үміті өзіне артылғанын түсініп, қарсыластарын тымақтай ұшырып, турнир кестесінен сызылуына  сеп болған. Дәл осы жарыста 48 келіде Жақсылық Үшкемпіров те белдесіп, жеңістен сенімі барлардың жалауын жыққан. Осылайша, Мынатаубиік Әнесов грек-рим күресінен әлем шемпионы, Мәскеу олимпиадасының жеңімпазы Жақсылық Үшкемпіровпен жеңіс тұғырында жолыққан.

Ерекше есімнің иесі4

Ел дамуына  қосқан  үлесі

Кейіпкеріміз 1968-1973 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында білім алып, ғылыми зоотехник маманы атанған. Еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы тәжірибе стансасында ғылыми қызметкер болып бастаған. Кейін сол кездегі Орал облысына қарасты аудан-ауылдардың бас зоотехнигі болған. Бұрынғы Жымпиты совхозында (қазіргі Аралтөбе ауылы) лауазымды қызметтер атқарған. 1991-2003 жылдары өзінің «Елім-ау» деп аталатын қамқорлық қорын құрған. Осы ретте айта кеткен жөн, ағамыз бастамашы болған қамқорлық қоры облыстағы және Аралтөбе ауылындағы игі істердің ұйытқысы болған. Сол кездегі кеңшар директоры Мүтәлі Төреғалиев аталған қорға елеулі үлесін қосқан. 2000-2015 жылдары Қазақстан патриоттар партиясы Орталық комитетінің саяси кеңес мүшесі атанып, кейін бұл партияның облыстық филиалын басқарған. 2015 жылы «Ауыл» ХДПП БҚО өңірлік партиясы төрағасының орынбасары, кейін 2017 жылдан 2022 жылға дейін аталған партияның өңірлік филиалында төраға болған. 2021 жылдан осы күнге дейін Орал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы лауазымында қажырлы еңбек етіп келеді. Ел дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мемлекеттік наградаларға ұсынылып, маңызы зор, беделі биік төсбелгілерге ие болған. Қазір жанұясында өмірлік серігі Рая Қыдырғалиқызы екеуі немере-жиендерін  тәрбиелеп отыр.

 

Нұрым Ғұмар,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале