Қазақстан полициясы күніне орай облыстық полиция департаментінің музейіне арналған жаңа кабинеттер ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, полиция департаменті мен құқық қорғау құрылымдарының басшылары, жеке құрам, сала ардагерлері қатысты.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев «Жаңартылған музей – тәртіп сақшыларының бай тарихын ұрпаққа жеткізетін, қызмет жолындағы естеліктер мен ерліктерді дәріптейтін маңызды рухани-мәдени және тарихи нысан» екендігін атап өтті.
2006 жылы жәдігерлерге арналған бұрыш ашылып, 2016 жылы музей экспонаттары дербес бөлмеге орналастырылды. Жаңадан ашылған музейге департамент ғимаратынан жалпы ауданы 252,1 шаршы метр болатын бірнеше бөлме берілген. Бұл жерде «Тарих – өмір жетекшісі – жұмысшы-шаруа милициясының құрылу кезеңі», «Ер еңбегін ел ұмытпайды» – алғашқы ішкі істер халық комиссары А. Әбдірахмановтың қызметі туралы бұрыш, «Жер шежіресі – ел шежіресі» – кеңес дәуіріндегі милицияның даму кезеңдері» тағы басқа тақырыптарға арналған 11 бөлім бар. Экспозицияларда Қазақстан полициясының қалыптасу және даму кезеңдері, әр жылдардағы қызметтік киім үлгілері, сирек кездесетін құжаттар, тарихи фотосуреттер мен марапаттар кеңінен ұсынылған. Музейде жалпы 3 мыңға жуық жәдігер бар. Департамент басшылығы музейдің жасақталуына белсенді атсалысқан ардагерлер кеңесіне ерекше ризашылығын білдірді.
«Музей – ішкі істер құрылымдары тарихын жаңғыртып, жас қызметкерлер үшін рухани сабақтастықтың мектебі болмақ. Жастарымыз елге адал қызмет етудің маңызын осындай тарихи естеліктер арқылы ұғынады», – дейді облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиев.
Өскелең ұрпаққа тағылым беретін маңызды алаңның ашылуы салтанатты жиынға
ұласып, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлесін қосып жүрген бірқатар тәртіп сақшысы түрлі марапатқа ие болды.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшыларының жұмысы бұрынғыдан да күрделене түсті. Қоғамда орын алып жатқан түрлі құқықбұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттерге қарсы күресу үшін олар заманауи техника мен әдіс-тәсілдерді пайдаланады. Сонымен қатар халықпен тығыз байланыс орнатып, профилактикалық жұмыстар жүргізу арқылы қылмыстың алдын алу шараларына ерекше мән береді. Осы мақсатта кәсіби мерекеге орай облыстық полиция департаментіне 30 қызметтік көлік және үш «ГАЗель» көлігі табысталды.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»