Облыстағы қазыналы аудан – Бөрлі ауданында тұрғын үйлер, өзге де әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Бірнеше құрылыстың жобасы жасалып, қаржыландыру күтіп тұр.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Әділжан Өтебаевтың (суретте) айтуынша, Ақсай қаласында тоғыз қабатты (№27А) 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы желтоқсанда аяқталады. 2021 жылы 10-шағынауданда басталған жобаның құны – 1 млрд 971 мың теңге. Осы үйдің қатарында 126 пәтерлі тағы бір тоғыз қабатты үйдің (№26) құрылысы жүріп жатыр. Оның құны – 2 млрд 853 мың теңге. Бұл үйді 2026 жылдың соңында тапсыру жоспарда тұр. Қазір үйлердің алдында жол, балалар ойын алаңы, көлік тұрағы салынып жатыр. Су жаңа үйлер «Отбасы банкте» баспана кезегінде тұрғандарға беріледі.
Жеке тұрғын үй салу үшін су құбыры және электрмен жабдықтау желілері өткізілген жер телімі беріледі. Бұл талап Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-бабында көзделген. Ауданға қарасты Бөрлі ауылында осы мақсатта құрылыс қарқын алған. Жеке тұрғын үйлер салу үшін берілетін 680 учаскеге инженерлік-коммуналдық желілер салынып жатыр. Жобаның құны – 306 млн 785 мың теңге. Сонымен қатар Ақсай қаласынан Қызылтал ауылына қарай жүрген бағытта 800 жер учаскесі тұрғын үй салуға дайындалған. Мұндағы электр желісінің ұзындығы – 24,8 шақырым, газ құбырының ұзындығы – 33,6 шақырым. Жобаның құны – 861 млн 165 мың теңге. Жыл соңында жер телімдері баспана салу үшін жер кезегінде тұрғандарға беріледі.
Былтырдан бері Димитрово ауылына су құбыры тартылып жатыр. Құны 297 млн 033 мың теңгеге бағаланған жоба биыл аяқтамақ. Димитровтықтарға су әзірше тасымалдануда және кейбір тұрғындар аулаларындағы құдықтың суын пайдаланып отыр.
Бөлім басшысы Әділжан Өтебаев биыл басталған және жобалау-сметалық құжаттамалары (ЖСҚ) дайындалған құрылыстардың жай-жапсары туралы баяндады. Оның айтуынша, 17 тұрғын үйі бар Масайтөбе ауылына газ құбыры тартылған. Ұзындығы екі шақырым құбырды тарту құны – 43 млрд 996 мың теңге. Енді әр үйге көгілдір отын қосылады. Ақсай қаласының мәдениет үйін жаңғырту басталған. Әсіресе жауын-шашын күндері су ағатын шатырының ауыстырылатыны көңіл қуантады. Өзге де құрылыстар жүргізіледі. Бөрлі ауылында 275 млн 023 мың теңгеге 7,4 шақырым су құбырын, Бумакөл ауылында 321 млн 52 мың теңгеге 2,53 шақырым және Қарақұдық ауылында 218 млн 425 мың теңгеге 2,55 шақырым су құбырын қайта құруға арналған ЖСҚ дайын тұр. Бұл ауылдардағы су құбырларының салынғанына 10 жылдай уақыт өткендіктен, кейбір бөліктері ескіріп, тозған. Аталған жобаларға қаражат республикалық бюджеттен аударылуы тиіс.
Бөрлі аудандық архивінің құрқылтайдың ұясындай ғимаратта отырғаны белгілі. Шыны керек, тарихи маңызы бар құжаттар сақталатын мекеменің мұндай орында орналасқаны көзге қораш көрінеді. Осы олқылықты жою үшін 10-шағынаудандағы қос қабатты ғимараттың ЖСҚ-сы дайындалған. Жаңа ғимаратта 200 000 құжатты сақтауға мүмкіндік бар. Жобаның құны – 697 млн теңге. Бұл қаражат облыстық бюджеттен қарастырылады. Сонымен қатар Ақсай қаласындағы «Наурыз» мәдениет және демалыс паркі қайта жаңғыртылады. Ол үшін 1 млрд 777 мың теңгеге ЖСҚ дайындалған. «ҚПО» компаниясы бұл жобаны жүргізудің рәсімдерін қарастырып жатыр екен. Қаланың Теміржол көшесіндегі «Жастар» стадионын жөндеу үшін 1 млрд 153 мың теңгеге ЖСҚ дайын тұр. Оның да жөндеуін аталған компания қолға алмақ.

– 2023-2024 жылдары көктемде Ақсай қаласының солтүстік бөлігін су басты. Қарғын су Шыңғырлау өзенінен теміржолдың бойымен келіп, Қызылтал ауылына, Ақсай қаласының ескі бөлігіне кірген еді. Мұндай табиғи апаттың алдын алу үшін солтүстік айналма канал қайта жаңғыртылмақ. Жобаның құны – 1 млрд 327 мың теңге. Қазіргі таңда ауданда «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік жобаларды қаржыландыруы есебінен үш мәдениет үйі, екі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және бір мәдени-спорттық кешен салынып жатыр. Бұл нысандар жыл соңында пайдалануға беріледі. Жарсуат ауылы да көктемгі тасқында зардап шегетін ауылдардың бірі. Қарғын судан қорғау үшін инженерлік қорғау жобасы жасақталып, бюджеттік өтінім тапсырылды. Бұлардан басқа жобалау-сметалық құжаттары сараптамаға берілген нысандар да бар. Мысалы, Ақсай қаласында оқушылар және жастар сарайын, ұлттық спорт түрлерінің орталығын салу жоспарда тұр. Аудан орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық салынады. Алайда онда тек балаларға емес, қарияларға, отбасында зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге де қызмет көрсетіледі. Әр санатқа жататын адамдарға бөлек бөлмелер қарастырылады, – деді Әділжан Тимурұлы.
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»,
Бөрлі ауданы