2.07.2025, 23:00
Оқылды: 139

Жәнібекте түрлі сала мамандарының басын қосқан «Қазақша Quiz» зияткерлік сайысы өтті

Бүгін Жәнібек ауданы орталығындағы «Адай» мейрамханасында аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мекемелер арасында «Қазақша Quiz» зияткерлік сайысы өтті.

image-02-07-25-06-57-3

Мекеме қызметкерлері алғаш рет жемқорлыққа қарсы тақырып аясында бақ сынады. Бұл сайыс қатысушылардан білімді, тапқырлықты талап етті. Шара мақсаты қызметкерлер арасында танымал интеллектуалдық ойын арқылы жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдық пен парасаттылықты дамыту болды.

image-02-07-25-06-57-2

Жарысқа 7, яғни аудан әкімі аппараты, Жәнібек ауылдық округі әкімі аппараты, полиция бөлімі, мансап орталығы, аурухана, төтенше жағдайлар бөлімі, «Шұғыла» газетінің командалары қатысты. Зияткерлік сайыс 6 кезеңнен түрды. Әр кезең өзінің әр алуандығымен ерекшеленді. Бірінші кезеңде қатысушылар 10 сұраққа жауап берсе, екінші кезеңде кинофильдерді табу қажет болды. Үшінші кезеңде қисыннан сұрақтар қойылды. Бұл кезеңде логика жұмыс істеді. Төртінші «Медиа» кезеңі де оңай болмады. Қатысушылар экранда көрсетілген суреттерден сөздер құрау арқылы дұрыс жауап беруге тырысты. Бесінші «Көзқарас» кезеңі, өте қызықты өтті.

image-02-07-25-06-57-4

Экраннан Қазақстанға, әлемге танымал тұлғалардың тек көздерін көру арқылы қатысушылар олардың кімдер екенін анықтады. «Бәс» деп аталатын алтыншы кезеңде қатысушылар біраз тер шығарды. Себебі бұл кезеңде бес кезең бойы жиналған ұпай сандардың белгілі бір көлемін тігу керек болды. Дұрыс жауап бергендер тіккен ұпайларын жалпы ұпайларына қосып алса, қате жауап бергендері, керісініше, жалпы ұпай саннан тіккен сандарын алып тастады. Бұл кезеңде соңғы орында келе жатқан командалар тәуекелге барып алға шықса, енді бірі соңғы орынға түсіп кетті. Дегенмен, сайыс өте қызықты өтті.

image-02-07-25-06-57

​Зияткерлікті, сабырлықты, білімді талап еткен сайыста бірінші орынды аудандық полиция бөлімінің командасы жеңіп алды. Екінші орыннан аудан әкімі аппаратының командасы көрінсе, үштікті аудандық «Шұғыла» қоғамдық-саяси газетінің ұжымы түйіндеді. Белсенді қатысқан қалған командалар түрлі аталымдармен марапатталды.

image-02-07-25-06-57-6

Жүлдегерлерге аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Онымен қоса, сайыс барысында ұйымдастырушылар қатысушыларға дәмді пицца мен сусындар ұсынды.

image-02-07-25-06-57-5
​Сайыс соңында сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов шараны өткізуге қолдау көрсеткен «Адай» мейрамханасының басшысы, ауданның азаматы Қанат Неғметовке алғысын айты. ​

Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале