3.07.2025, 9:00
Оқылды: 233

Азық-түлікті қымбатқа сатқандар анықталды

Жуырда облыс  әкімдігінде  азық-түлік  қауіпсіздігіне  және  бағаны  тұрақтандыруға  қатысты  кеңейтілген  жиын  өтті.  Облыс  әкімдігінде  өткен  кеңесте  әлеуметтік  маңызы  бар  азық-түлік  тауарларының  бағасын  тұрақтандыру,  делдалдық  схемаларды  жою,  жергілікті  өндірісті  дамыту  және  азық-түлік  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  мәселелері  қаралды.

DSC01360

49 кәсіпкерге  айыппұл салынды

Жиын барысында делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі өңірлік комиссияның 2025 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы жұмысы баяндалды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұржан Өтепбаевтың айтуынша, комиссия 25 отырыс өткізіп, 127 заңбұзушылықты анықтаған. Оның басым бөлігі – сауда үстемесінің 15%-дан артық қосылуы.

2023 жылдан бері облыстағы ірі сауда желілері әлеуметтік маңызы бар азық-түлікті делдалсыз сатуға көшті. Әсіресе маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдері тікелей өндірушіден немесе тұрақтандыру қоры арқылы жеткізіледі. Бұл өнімді қолжетімді бағада сатуға мүмкіндік беріп отыр.

Баға индексі бойынша Батыс Қазақстан облысы республика бойынша 18-орында (106,5%, ал ҚР орташа көрсеткіші – 107,5%). Қант, күнбағыс майы, тұз секілді сырттан тасымалданатын тауарлар бағасы әрқилы болғанымен, жалпы 11 атаулы тауар бойынша облыстағы баға республикалық орташа  деңгейден  төмен.

Облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті сауда саласындағы заңнаманың орындалуын қадағалап, жоспардан тыс тексерулер мен әкімшілік істер жүргізеді. 2025 жылдың басынан бері департамент 132 кәсіпкерлік субъектісін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына (ӘМАТ) шекті 15% сауда үстемесін арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде:

  • 83 жағдай бойынша ескерту берілді,
  • 49 субъектіге айыппұл салынды.

Жауапқа тартылғандар арасында ірі көтерме жеткізушілер мен импорттаушылар да бар. Сонымен қатар «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы жеткізілген картоп өнімін кейбір тұлғалар ірі көлемде сатып алып, қайта сату арқылы пайда  таппақ  болған.

Экономикалық тергеу департаментімен бірлесіп жүргізген шара нәтижесінде картопты мемлекеттік мекемелерге жеткізіп жүрген кәсіпкерлік субъектісі анықталып, 2025 жылғы маусымда әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл  салынды.

Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың айтуынша, тұрақтандыру қорының өнімдері халықтың әлеуметтік осал топтарына сатуға арналған. Қайта сату фактілері анықталған жағдайда заң бұзушылар әкімшілік жауапқа  тартылады.

Төрт өнім импортқа  тәуелді

БҚО-да 19 негізгі азық-түлік түрінің 13-і бойынша халық отандық өніммен толық қамтылған. Ал жеті тауар (сүт, көкөніс) ішінара басқа өңірден жеткізілсе, төрт өнім (қарақұмық, күріш, қант, тұз) түгелімен импортқа тәуелді. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин баяндады.

Көкөніс көлемін арттыру үшін  2028 жылға дейін оның алқабын 3070 гектарға дейін ұлғайту көзделуде. Қазіргі уақытта 62,3 мың тонна өнім  сақтайтын 35 қойма жұмыс істеуде. Жыл соңына дейін тағы үш қойма  салынады. Сондай-ақ алты сүт фермасы салынып жатыр (2-еуі іске қосылған). Бұл жобалар іске қосылғанда, 41,2 мың тонна сүт өндіріледі.

Екі құс фабрикасын салу жоспарлануда, бұл жоба өңірді тауық еті және жұмыртқамен толық қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен саласында 66,4 млрд теңгеге  49 жоба жүзеге аспақ (оның ішінде 2025 жылы –  23 жоба).

Азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. 2025 жылы облыс бойынша 595 жәрмеңке өткізу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 155 жәрмеңке өткізіліп, 365 млн теңгенің өнімі сатылған. Оның ішінде  40 тонна ет, 100 тонна көкөніс,  2 млн дана  жұмыртқа  сатылды. Жәрмеңкелер жергілікті тауар өндірушілерге делдалсыз сауда жасауға, ал халық үшін қолжетімді бағада өнім сатып  алуға  мүмкіндік  беріп  отыр.

Корпорация тежеп тұр

«Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы – облыстағы азық-түлік тауарларының тұрақтандыру қорын қалыптастыратын арнайы  ұйым. Ол нарыққа тұрақты араласпай, тек бағаның негізсіз өсуін тежеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әрекет етеді.

«Aqjaiyq» ӘКК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Фархад Жолбаевтың айтуынша, 2025 жылы бағаны ұстап тұру үшін жергілікті бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінген. Оның 1 млрд теңгесі – «айналым схемасы» шеңберінде, 2,5 млрд теңгесі – тұрақтандыру қорын толықтыруға бағытталды.

Жыл басынан бері 10 түрлі әлеуметтік маңызы бар өнім бойынша  1610 тонна тауар сатылды. Атап айтқанда:

  • көкөніс – 1364 тонна,
  • бакалея – 196 тонна,
  • ет – 50 тонна,
  • жұмыртқа – 14 мың дана,
  • бірінші сұрыпты нан.

Жаз маусымына 1325 тонна көкөніс жеткізуге келісім жасалынды. Қыс мезгілі үшін де алдын ала 4900 тонна өнім бойынша шарттар бекітілген. Атап айтсақ:

  • картоп – 3300 т (140 тг/кг),
  • сәбіз – 600 т (140–150 тг/кг),
  • пияз – 300 т (140 тг/кг),
  • қырыққабат – 700 т (150 тг/кг).

ӘКК өнімді тікелей өндірушілерден сатып алып, қаладағы 59 ірі сауда нүктесінде 15%-дан аспайтын үстемемен сатады. Бұл – алыпсатарлықтың алдын алуға және халықты қолжетімді бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мысалы, 2025 жылғы қаңтарда шағын дүкендер мен базарларда картоп бағасы 300-550 теңгеге дейін жеткен кезде, ӘКК күн сайын 15 тонна картоп жеткізіп, бағаны 126-138 теңгеге дейін төмендетті. Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары  Қалияр  Айтмұхамбетов:

– Бізге «Ақжайық» ӘКК-ге  қарап отырмай, өзіміздің жергілікті тауар өндірушілердің  жұмысын күшейту керек. Үкіметтен қаржылай қолдау бар,  бағдарламалар да тиімді, құрылымдар тек дұрыс ұйымдастыра білуі қажет. Осы бағытта жұмысты жалғастырып, күшейтуді құзырлы құрылымдарға  тапсырдым, – деді.

Жалпы, облыста азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, алыпсатарлыққа жол бермеу және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұру бағытында жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын  болады.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале