Оралдағы «Мәңгілік алау» жанында «Ардагер өсиеті» республикалық жастар марафонының Батыс Қазақстан облысындағы кезеңі өз жалғасын тапты.

Іс-шара ұрпақтар үндестігін, тарихи тағылымды, ел аманатын дәріптейтін ерекше сипатта өтті. Шараның ресми ашылу салтанатында Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Дархан Қадыралиев марафонның маңызы, жастарға артылатын үміт пен жауапкершілік жөнінде айтты.
Марафон Ақтөбе облысынан бастау алған болатын. Осы күні Ақтөбеден келген делегация жастар саясаты басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев пен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының төрағасы Нұржан Шаңғытпаев бабалар аманатын арқалаған «өсиетхатты» салтанатты түрде Ақжайық жұртшылығына табыстады.
– Өздеріңіз білетіндей, биыл – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы. Осыған орай Ақтөбе облысында әскери-патриоттық «Айбын» жиыны өтті. Бұл жиынға Мемлекет басшысының өзі қатысып, жас буынға салиқалы сәлем жолдады. Жиын аясында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ақтөбе қаласында «Ардагер өсиеті» республикалық марафонын бастадық. Бұл – бір облыстың емес, тұтас елдің жүрегіне жол тартқан аманат. Марафон еліміздің барлық өңірін аралап, ең соңында Астана қаласындағы ұлттық мұражайға табысталмақ. Мақсат – тек өсиетхатты табыстау емес, соғыс майданында ерлік көрсеткен ата-бабаларымыздың рухын дәріптеу, олардың аманатын келер ұрпақ санасына сіңіру. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының, елге адалдықтың, та-рихқа тағзымның көрінісі, – деді Ақтөбе қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев.
Рәсім барысында гүл шоқтары қойылып, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тағзым жасалды. Кейін «Ардагер өсиеті» хаты көпшілікке таныстырылды. Бұл хатта майдан даласынан аман оралған ардагердің жас буынға жолдаған жүрекжарды тілегі, тәлім-тәрбиесі мен өсиеті жазылған. Онда білімге ұмтылу, елге адал қызмет ету, ата-ананы құрметтеу сынды мәңгілік құндылықтар қамтылған. Марафоншылар Батыс Қазақстан облысының өкілдеріне хатты табыстады.

Шара соңында қатысушылар қаламыздағы Мәншүк Мәметованың мемориалдық мұражайына арнайы экскурсия жасап, жәдігерлермен танысты. Марафон осы рухани сапармен өз жалғасын тапты. «Ардагер өсиеті» марафоны кеше Атырау облысына жол тартты.
Бұл – болашаққа бағытталған, өткеннің өнегесін бүгінмен сабақтастыратын үлкен мағынасы бар аманат. Бабалар үнін арқалаған марафон – жастарға сенім, елге үміт.
Жан Аят,
Орал қаласы