Казталов – облыстағы ең үлкен аудандардың бірі. Ауданда тұрғын үй, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт бағытында жаңа жобалар жүзеге асуда. Жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Осы сұхбатта Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов ауданның тыныс-тіршілігі туралы баяндайды.

– Асланбек Ахметоллаұлы, алдымен «Қаладан – ауылға» бағдарламасының мән-маңызы, соған сәйкес жүзеге асқан іс-шаралар туралы айтып өтсеңіз.
– Бұл – ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне, демографиясына оң әсер ететін, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен іске қосылған өңірлік жоба. Әуел баста жаңа көші-қон үшін ауданда тоғыз елді мекен бекітіліп, 2024 жылы осы ауылдарға 19 отбасы көшіп келді. Олардың бәрі баспанамен қамтамасыз етілді. Жалпы, 2024 жылы 28 ауылда 142 үй салынған еді, соның ішінде қаладан қоныс аударып келген 18 отбасыға жаңа баспана берілді. Қаладан қоныс аударып келгендердің ауылға бейімделуіне нақты жағдай жасалды. Былтыр тек осы бағдарлама нәтижесінде 106 адам ауданға көшіп келді. Оның ішінде 62 бала бар. Ал әр бала – ауыл болашағына құйылатын инвестиция ғой. Соның нәтижесінде ауыл мектептері де нығая түседі, оқушы саны көбейеді. Қуанышты жаңалықтың бірі – ауылға бет бұрған екі отбасы сәбилі болды. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға ауыл азаматтары да құлшына кіріскенін атап өтуге болады. Жергілікті кәсіпкерлер әр отбасыға бұзаулы сиыр, он шақты ұсақ жандық табыстады. Ерулік беріп, қаржылай көмектесіп жатқан тұрғындар да бар. Халық пен билік бірге жүзеге асырып жатқан игі жобаның кең қанат жаюына мүдделімін.
– Жол инфрақұрылымы бағытында қандай нақты істер атқарылды?
– Кейінгі екі жылда Бостандықтағы 3,1 шақырым ауылішілік жол, Қараоба ауылының 2,9 шақырым ауылішілік жолы, Болашақ ауылының 1 шақырым кірме жолы, Жаңатаң ауылының кірме жолының 7,5 шақырымы салынды, 1,3 шақырымына жобалық-сметалық құжат қайта жасақталуда. Қазіргі таңда Казталов, Жалпақтал, Қайыңды, Қошанкөл, Қараөзен ауылдарының ауылішілік жолдары салынып жатыр. Кейбір ауылдардағы жол құрылысы 2026 жылы жалғасады. Талдыапан ауылының аудандық маңызы бар жолдың 9,20 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Беспішен – Қошанкөл – Қараоба жолының 15-49 шақырым бөлігі жөнделуде.
– Аудан аумағында қандай жаңа әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді?
– 2023-2024 жылдары облыстық бюджет есебінен Қайшақұдық ауылында блокмодульді медициналық кешен орнатылды, Қараөзенде фельдшерлік-акушерлік пункт, Бостандықта және Қараобада дәрігерлік амбулатория бой көтерді. «ҚПО б. в.» компаниясының әлеуметтік инвестициясы шеңберінде Көктерек ауылдық округі Саралжын ауылында 60 орындық мектеп салынып, оқу жылы қарсаңында есігін айқара ашты. Сондай-ақ аудан орталығындағы 600 орындық А. Оразбаева атындағы жалпы орта білім беретін мектеп пайдануға берілді. Мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында Қараөзендегі әкімшілік ғимараты жөнделіп, ол жаңадан ашылған «Айшабибі» бөбекжайына берілді. «Қазақстан халқына» қорынан бөлінген 250 млн теңге қаражатқа Казталов мектеп-лицейінің оқу кабинеттері жабдықталды. Осы тұста айта кетейін, аудандық ауруханаларға 2023 жылы сегіз, ал 2024 жылы тағы төрт «Жедел жәрдем» аутокөлігі берілді. Суды реттеу және деңгейін ұстап тұру үшін Жалпақтал ауылынан жоғары қарай Қараөзенде салынатын су қоймасының жобасы жасақталып, салалық министрлікке жолданды. Ал Оразғали, Жас, Аққурай елді мекендеріне таза сумен қамтамасыз ету мақсатында блок-модульді кешен орнатылды. Жуырда Бейістерек, Хайруш, Бозоба, Сексенбаев елді мекендерінде блок-модульді кешен іске қосылады.

– Кейінгі жылдары облыста электр желілерін жаңғырту жұмысы жанданып жатыр. Шалғай аудандар үшін өзекті мәселе екенін білеміз...
– Иә, бұл бағытта күрмеулі түйткіл көп екені рас. 2023-2024 жылдары Нұрсай, Әжібай, Әбіш, Таңат, Серік, Беспішен, Сексенбаев, Жас ауылдарында бағаналар, электр сымы ауыстырылды. Ақпәтер ауылында тоқ сымдар түгел жаңартылды. Сонымен қатар Қайыңды және Жаңажол ауылдарның электр жүйесін жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, сараптаманың оң қорытындысын алды. Қайшақұдық пен Қособа елді мекендерінде де осындай жобалар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстар республикалық және облыстық деңгейдегі бағдарламалар аясында жүзеге асырылады.
– Асланбек Ахметоллаұлы, мәдениет және спорт саласына қатысты жобалар жөнінде айтсаңыз.
– 2023 жылы Қайыңдыда басталған 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы былтырғы қыркүйек айында аяқталды. Көпкүтірде тұрғындардың қолдауымен ауылдық клуб ашылды. Аудан орталығы мен Қошанкөлдегі футбол алаңдарының газон жабындысы, электр шамдары және қоршауы жаңартылды. 2024 жылы Қараөзен және Талдыапан ауылдарында мәдениет және спорт кешендерінің жобалары дайындалды. 57 млн 250 мың теңге бюджет қаражатына ауыл клубтары мен мәдениет үйлерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып жатыр. С. Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығына, Жалпақтал мәдениет үйіне екі «ГАЗель» көлігі берілді. Былтырғы қыркүйек айында Казталов ауылында 320 орындық дене шынықтыру және сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қаракөл ауылында тұрғындардың бастамасымен клуб пен кітапхананың құрылысы басталды.

– Биыл да ауданда біраз іс атқарылатын болар?
– Қоныс ауылында жаңа мектеп құрылысы басталып, жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. Қараөзен мектеп-лицейінде күрделі жөндеу жүргізілуде. 11 ауылдағы 21 әлеуметтік нысанға газ жеткізіледі. Су тапшылығына байланысты Искра топтық су құбырын жаңғырту жобасы дайындалып, сараптамаға жолданады. Соның нәтижесінде 10 ауыл, яғни 16 мың тұрғын таза ауыз сумен қамтылады. Қараоба мен Жұлдыз ауылдарының су жүйесін қайта жаңартуға ЖСҚ жасақталды, сараптамадан өтуде. Қазіргі уақытта бес ауылдық округтің (Қараөзен, Әжібай, Қараоба, Жаңажол, Көктерек) бас жоспары жасақталып жатыр. Алты ауылдағы спорт алаңдары жаңартылады. Тереңкөл және Көктерек ауылдық округтерінде мал моласы салынады. Сонымен қатар Әбіш ауылында биыл ұялы байланыс желісі іске қосылса, алдағы уақытта Саралжын ауылын да ұялы байланыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Үй кезегінде тұрған азаматтарға баспаналар салынуда және «Қаладан – ауылға» бағдарламасы бойынша 20 отбасын көшіріп әкелуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қараоба, Талдыапан, Сатыбалды, Көмекші ауылдарына техникалық су жеткізу мақсатында жұмыстанамыз.
Нұртай Алтайұлы,
«Орал өңірі»