3.07.2025, 12:45
Оқылды: 131

Жаңақала ауданы: Еңбегіне ел сүйсінген Ерболат

Халқымыз «Еңбек еткеннің өнбегі көп»- деп, бекерге айтпаған. Адал еңбегінің жемісін жеу – адамзат баласының мәртебелі абыройы. «Ерінбеген етікші болады»-демекші,ерінбей еңбектенген адамның мерейі үстем, мәртебесі қашан да жоғары. Еңбекқор жанның еңсесін көтеріп, елге үлгі ете жазу – үлкендерге қуаныш болса, жастарға жігерлі серпін. Менің бүгінгі мөлдір бұлақ сынды сылдырай аққан сырлы сөздерім ата – ананың атын төрге жеткізіп, еңбегімен елін сүйсінтіп жүрген еңбекқор жастың бірі – мәстексайлық Ерболат Еслямғалиевке арналмақ.

Еңбегіне ел сүйсінген Ерболат (1)

Жастайынан еңбекпен есейген Ерболат - Темірболат әке мен Айгүл ананың шаңырағында тәрбиеленген 4 ұлдың екіншісі. Ата – анасы – ұлдарын жастайынан еңбекке баулып,еңбегінің жемісін көрген жандар. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» - дегендей, Ерболат оқушы кезінен – ақ, елгезек, үлкендерге, мұқтаж жандарға көмектесуге әзір тұратын, өтірік айтуды білмейтін, ойындағысын жасырмай айта салатын ашық бала болатын. Өз үйінің шаруасын бітіре сала, көршілерінің бірінің малын жайғаса, бірінің шөбін босатып, бетонмен суын жеткізіп беріп жүретін аққұба өңді өжет баланы үнемі жұмыс үстінде көретінмін. Бала кезінен бірге өскен досы Аманжол Өтеғалиұлы: « Ерболат – құлын – тайдай бірге ойнап, бір көшеде өскен досым. Ол - шаршауды білмейтін, өте еңбекқор жан. Мектепте оқып жүргенде балық аулап, қамыс буып, бір тыным таппайтын еді. Қазір де өз еңбегімен отбасын асырап отыр. Техниканың тілін жақсы біледі. Бұзылған көліктерді өзі бұзып, өзі құрап, шығара береді. Оның бойындағы ерекше қасиеті – есте сақтау қабілеті жақсы. Көліктердің, телефондардың номерлерін бір көргеннен есінде сақтап қалады. Артық сөзі жоқ, адал еңбегімен күн кешіп жатыр»,- дейді.

Орта мектепті бітірген соң, бірден еңбекке араласқан Ерболат ауыл азаматтарымен бірге 5 – 6 жыл Атырау қаласында вахталық жұмыс жасады. Механизатор мамандығын меңгерген Ерболат 2018 жылдан бері қарай  ауыл азаматы Асхат Жеңісұлының  «Әділет» шаруа қожалығында қызмет атқарады. Ерболаттың адал еңбегіне, техникаға жетіктігіне  сенген қожалық басшысы Асхат Жеңісұлы : « Ерболат  7 – 8 жылдан бері қожалығымда жұмыс жасайды. Трактор айдайды. Жан – жақты, қолы шебер, еңбекқор, ата – анасына, отбасына қамқор, қолдан келген көмегін халықтан аямайтын азамат, көпбалалы әке. Еңбегіне қашан да риза болып, қолдап отырымын», - деп, ризашылығын білдірді. Ауыл күре жолдың бойында орналасқандықтан ауа райының қолайсыз уақыттарында көліктері бұзылып, не батпаққа батып жолда қалған жолаушыларға күн – түн демей, тракторымен көмекке барса,  жол ауыртпалығынан ауылдастарының аудан орталығына қатынасы үзіліп, көлік жүре алмайтын лайсаң кездері трактордың тіркемесіне вахталық жұмысқа, тест тапсыруға, басқа да тығыз шаруаларына баратын ауыл тұрғындарын тиеп алып, тасымал жұмысын жасап, қиындықтарды еңсеруге қол ұшын бергеніне халық дән риза. Ерболаттың ел алдындағы еңбегін  ауыл әкімдігі бағалап,  2024 жылы ауыл еңбеккерлеріне арналған Құрмет тақтасына шығарыпты. Бұл – еңбекқор жанға көрсетілген жақсы қолдау мен құрмет.

2010 жылы жолдасы Аягүл Шайдоллақызымен отау құрып, бүгінде 6 бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының қамқоршысы, асыраушысы.

Үнемі еңбек даласында қызмет атқарып, шаршап жүрсе де отбасындағы бала тәрбиесін назарынан тыс қалдырмай, қадағалап отырады екен. Жолдасы Аягүл Шайдоллақызы: «Отбасында 3 қыз, 3 ұлымыз бар. 3 бала мектепте оқиды. Биыл төртінші баламыз даярлық сыныбына қадам басады. Мен мектепте жұмыс жасап жүрсем де, Ерболат  ата – аналар жиналысына өзі баруға тырысады. Балалардың жағдайын, сабақ үлгерімін, мінез – құлқын бақылап, ұстаздарымен сөйлесіп жүреді. Өткен жылы мектептің ұсынысымен облыстық әкелер форумына қатысып келді. Үлкен ұлымызды сабақтан бос, демалыс уақыттарында трактор айдаса да, техникаларды оңдаса да көзімен көріп, үйренсін деген мақсатта үнемі қасына алып жүреді. Алға қойған мақсаттарымыз көп. Бастысы – балаларымызды адал адам етіп өсіріп, жетілдіру. Азаматымның амандығын тілеп, балаларымызды азығын адал еңбекпен таба алатын азамат етіп тәрбиелеуге тырысып жүрміз »,- дейді.

«Менің 6 балам бар, көмек керек» деп, үкіметке алақан жаймай, адал еңбегінің жемісімен отбасын асырап,  балаларына «еңбекпен табылған нанның тәттілігін» ісімен ұқтыра тәрбие беріп отырған азаматтың әр ісі – айналасындағы замандастарына үлгі. Еңбегіне ел сүйсінген Ерболатқа  қажырлы қайрат пен денсаулық тілейміз. Істеген ісі іргелі елге үлгі болып, берекелі отбасының  ұл – қызы өсіп - өніп, қонысы көбейген, ырысы кеңейген кемелді елге айналсын!

 

Рая Жұмағалиева,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале