4.07.2025, 10:30
Оқылды: 360

Опырылған пеш, сыз тартқан бөлмелер, бөгде есікті сағалатқан тағдыр...

Өткен жылғы көктемдегі су тасқыны бір топ сырымдық азаматтың тұрмысын тұралатып, баспанасын «мүсәпірлендіріп» кетті... Арнасына сыймай аласұрған Өлеңті өзенінің ғана емес, іргедегі көлшікке құйылған қарғын судың әсерінен  ернеуінен төгілген тасқын су тұрғын үйлердің ішіне  шақырусыз қонақтай еркін кірді. Облыстық «Орал өңіріне» хат жолдаған бірнеше азамат осылай деп шағымданды.

Мәселенің мәнісін білмекке Жымпитыға қарай ат басын бұрдық. Алдын ала хабарласқанымызда білдік, Сырым ауданының әкімі Жұмакелді Батырниязов өзінің еңбек демалысында екен. Сол себепті орынбасары Қайрат Төлеповтің қабылдайтынын, оған қабылдау туралы тапсыратынын нақтылады. Алайда әкім мырза Төлеповке өңірдегі баспасөз қарашаңырағының өкілі мен шағымданушы тарапты қабылдауды тапсыруды «ұмытып» кетіпті. Өйткені әкімдік ауласында кездескен орынбасар: «Маған ешкім сізді және шағымданған тұрғындарды қабылдаңыз деп тапсырған жоқ. Сіздерді басқа орынбасар Серік Тоқмамбетов қабылдауы керек» деп сыздана сөйлеп, қырын қарады. Батырниязовқа үш-төрт рет қоңырау шалғанымызбен, заңды еңбек демалысындағы мемлекет қызметкерінің құлқы болмады ма, әйтеуір, ұялы телефоны мелшиюмен болды. Содан тасқын судан зардап шеккендер мәселесіне қанық аудан аумағындағы төтенше жағдай салдарынан баспанасыз қалған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссияның төрағасы өзі екенін, халық пен билік арасында дәнекер болып жүрген газет тілшісін және шыр-пыры шығып, жалғыз баспанасы қауіпті болса да, қорқынышпен, құс ұйқылы тірлік кешіп жүрген азаматтарды қабылдауы қажет екендігін «тепсініп» айтуға тура келді.

IMG_3439

Содан соң лажсыз келісті орынбасар мырза. Әкімдіктегі суыққабақ жүздесуге кейін оралармыз, алдымен шағымдар бойынша үй-жайларды аралағанда көрген-түйгенімізді  аз-кем  тарқаталық.

«Сырты  бүтін, іші  түтін»  кейіпте...

Аудан орталығы Жымпиты аулындағы С. Сейфуллин көшесіндегі №13/2 үйде тұратын Жақсылық Асанғалиев 2016 жылы жер телімін алып, өз жиған-тергеніне жаңадан үй салып алады.  2024 жылы көктемде сол баспанасына тасқын су кіреді. «Су үйдің артқы жағынан сау етті де, іле-шала екінші жақтан лайсаң су құйылды. Аула шүпілдеп суға толды. Баспанамның іргетасынан асып кетті. Қора-қопсы суға кетті. Үйге су кірген жоқ деп мәз болып жүрсем, олай болмады. Тұңғышымның тойы болады деп қабырғадағы жапсырма қағазды жаңалайын дегенімде көрдім: қабырғалардың жігі ырсиып тұр. Еденін, міне, көріңіз, стяжкасы түсіп кеткен. Холл мен асүйдің едені ойыс-ойыс, той өткізетін болған соң, ырсиған қабырғаларды бітеп, жөндеу жүргіздім. Саман қорам қисайып қалды, оны да өзім жөндеп, жамап-жасқап алдым. Үйім тасқын судан зардап шекті деп ешқандай материалдық көмек алған жоқпын. Комиссия келгенде қорамды көріп, басында қаржылай көмек береміз деп, соңы сұйылып кетті. Аудан әкімдігіне төрт рет бардым, екі мәрте шағым  жаздым, екі рет ауызша шағымдандым. Аудан әкімі Батырниязовтың қабылдауында болғанымда ол: «Тәуелсіз сарапшыға үйіңізді көрсетіңіз, соның қорытындысын алып келіңіз», – деді.  Солай істедім, сарапшы баспананың тұруға жарамсыздығын, жөндеуге келмейтінін, ысырып тастау керек екендігін көрсеткен техникалық қорытындысын берді. Бірақ оным да нәтижесіз,  – деді Жақсылық Асанғалиев.

Ол өзінің   үйіне қатысты мәселе түйткілін шешуге сенім білдіріп, өз атынан өкілдік етуге қоғам белсендісі,  аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Мизанғали Нұрпейісовке сенімхат  берген.

М. Нұрпейісов тасқын салдарынан тұрғын үйі зардап шеккен бірнеше тұрғынның мүддесін көздеп, Премьер-министр О. Бектеновке шағым жазды. Осы хатқа былтыр 25 қыркүйекте облыс  прокуроры С. Шалабаевтан жауап хат келген. Онда Сырым аудандық прокуратурасының үйлестіру шаралары нәтижесінде қайта техникалық тексеру қорытындысына сәйкес азамат А. Жанғазыға демеушілер тарапынан қосымша қаражат бөлініп, жаңа үй салу туралы шешім қабылданғаны айтылған. Сонымен қатар «басқа да азаматтарға жаңа үйлер салу заң талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда» екені жазылған. Мұның алдында Премьер-министрдің орынбасары Қ. Бозымбаевтың төрағалығымен өткен (15.08.2024 жылы) БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру мәселелері бойынша жиналыстың хаттамасында өңір басшылығына аудан тұрғындарымен кездесуде көтерілген мәселелер қарап, тиісті шара қабылдансын деп тапсырма берген.   Бірақ кездесуде Мизанғали Нұрпейісов көтерген бірнеше тұрғынның үйлеріне қатысты мәселе сол «жабулы қазан» күйінде қалып отырғанына көзіміз жетті. Қазіргі кезде Жақсылықтың жалғыз баспанасының ішінен сыздың иісі аңқиды, қолқаны қабады. Бөлмелердің едені сапасыз жолдағы ой-шұңқырдай отырып кеткен. Іргетасы жарылған. Үйдің қабырғаларының жігі аттас зарядтай бір-бірін теуіп, қақырай бастаған. Мемлекеттен көк тиын алмай, үйін өз қаражатына жанын салып жөндегенімен, тасқын суды сіңіріп алғандықтан,  жапсырған балшығыңа, жүргізген жөндеуіңе пысқырмайтын түрі анық.  Көрмеге тым-тәуір көрінетін бұл үй  «сырты бүтін, іші түтін»  кейіпте...

Опырылған  пеш, үгітілген  іргетас..

С. Сейфуллин – 15/1 мекенжайында тұратын Эльмира Бекмұханбетованың баспанасына барғанымызда, бізді  оның інісі Сағындық қарсы алды. Үй иесі сырқаттанып, ауруханаға жатып қалыпты. Былтыр тасқынннан кейін ұлы қайтыс болып, ақтық сапарға шығарып салу шаруасымен жүріп қалыпты. Қай анаға жалғыз ұлдан айрылу оңай  болыпты..

– Апамның үйі тұруға жарамсыз, сол себепті сүру (ысырып тастау) керек екендігі жазылған сарапшы мекеменің қорытындысы бар. Әкімдік тұрғын үй кезегіне қоямыз депті. Мына үйде тірлік етуге қолайсыз, қабырғалары қисайып, құлап жатыр.  Екі бөлмелі  үйдің пеші сұлап түсті. Сөйтсек, тасқын су еденнің астына жиналып, кеміріп-жеміріп, жоғары көтерілген. Тасқын судан зардап шегуші ретінде жаңа үй берілсе дейміз, – деді Сағындық. Эльмира апайдың баспанасының күйі жоқ. Едендегі цемент құймасы жарылған. Іргетасы үгітіліп, көше бет қабырғасының қаптамасы сыртқа теуіп тұр. Терезе тұсы да опырыла құлағалы тұр. Үш пәтерліктің шеті екен. Бір қызығы осы үш пәтерлік тұрғын үйдің екінші шетіндегі қожайынға баспанасы жарамсыз деп жаңадан үй берілген. Сонда бір шатырдың астындағы үш пәтердің бір шеті тасқын судан бұзылса, қалған екеуі қалай аман қалады деп ойымыз сан-саққа  жүгірді.

IMG_3392

Аудандық мәслихаттың депутаты, аудандық «Сырым елі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлының айтуынша, оның баспанасы да тасқыннан зардап шеккен. Бастамада үй жағдайы жақсы көрінгенімен, күзге салым  үйдің күйі кетіп, тұруға жарамсыз болып қалған. Әкімдік үй мәселесін сот арқылы шешуді ұсынған. Содан  сотқа жүгініп, жаңа үй салынсын деген шешімге қол жеткізген.  Әрине, біздің қоғамда әлі қағазбастылық көп. Көп тұрғындарды сол қағаз-құжат жинау шаршатып жібереді. Содан да шағымданушы біраз тұрғын өз атынан өкілдік етуді  Мизанғали ағайға   сеніп  тапсырған.

Резеңке  қайықпен жүрген  көше –  бұл!

«Осы көшені тасқын су басқанда  резеңке қайықпен жүрді  көпшілік» деген Мизанғали аға  Шоқанов көшесіндегі тұрғын үйлердің хал-жайын бір сөйлеммен сипаттады.

IMG_3384

У. Шоқанов көшесі, 18/2 мекенжайындағы екі пәтерлік үйдің күйі кеткені сырт көзге анық байқалды. Оның бір жағындағы Әсел Сәрсенғалиеваның (суретте) баспанасын жөндеуге комиссия шешімімен 2 млн теңгенің үстінде қаржы бөлінген. Осы қаражатқа екі мәрте жөндеу, әрлеу жұмыстары жүргізілген. «Бірақ сылақтары қайта-қайта түсіп қалады.  Әбден әбігерге түсіп жүрміз. Бөлмелердің бұрыш-бұрыштары жарылып, саман кірпіштері әлі дымқыл тартып, үй іші сыз.  Демалу қиын.  Ұлым  сызды ауадан жиі ауырады, жөтелі кетпейді», – деді редакцияға шағымданушы Әсел Сәрсенғалиева.

– Үйдің ішкі қабырғаларының етек сылақтары түртсең үгітіліп, әп-сәтте қисая кететіндей қауіпті көрінеді.  Кей қабырғалар сыртқа шалқайыңқырап кеткен. Майлап-сайланғанмен  нәтижесіз.

Әселдің үйінде

Баспанаға тасқын су кіргендіктен, оның саман негізі суды бойына сіңіріп алған. Үйдің силикат қаптамасының көше беті қайқия көтеріліп, дүрс  құлағалы тұр. Алғашында «Дауымшар» компаниясы  үй тұруға жарамды десе, екінші техникалық сараптамашы «Хasen B» ЖШС  бұл баспананы жарамсыз, апатты жағдайда деп қорытынды берген. Әселдің әкесі – мүгедек, өзі  – жалғызбасты ана, анасы да ауру-сырқаулы. Ол баспанасын жөндеуден шаршағанын айтады. Үй иесі  баспанасының  ойпаң жерде тұрғанын, ентелеген судың екпіні қатты болып,  қақпаны жұлып әкеткенін әңгімеледі.     «Бұл көшедегі үйлердің тасқын судан аман қалғаны жоқ. Түгел кетті. Жаңа жатақханаға қарсы екі үйге су кірді деп баспана салып берді. Ал ортасындағы судан зардап шеккен үй қалып қойды», – деп кейбір көзжұмбайлықты күйіне әңгімеледі  Мизанғали  аға.

Бөгде  есікті сағалатқан  тасқын...

Аталған мекенжайдағы (У. Шоқанов көшесі, 18/1)  Әселдің көршісі Әсемгүл Исламғалиеваның (суретте) баспанасы да «бұзылып», берекетсізденген. 1985 жылы салынған бұл үйде бала-шағасымен  бес  адам  тұрады.

асемгул еслямгалиева11

– Былтыр 27 наурызда Өлеңтіден тасыған су жолындағының барлығын жайпап, біздің үйге кіріп, сосын әрі қарай жөңкіді.  Септиктің суы  көтеріліп,  ақтарылды...

Төтенше жағдай қызметіндегілер көмекке келіп, үлкендерді арқалап шығарды.  Су тізеден асты. Ауладағы жаздық шолан әп дегенде сұлап түсті.  Комиссия келіп, қарап, содан 742 000 теңге жөндеуге деп берді. Негізі саман үй болғандықтан, суды губка құсап сорып алып, былжырап әлі тұр. Қабырғаның сылақтары құлаған сайын  қайта-қайта майлаудан жалықпаймын. Сыртындағы қаптама кірпішінің әне жері, мына жері бұлтиып, қайқиып құлап жатыр, – деп ренжи сөйледі Әсемгүл Исламғалиева.

асемгул еслямгалиева. уйди н сыртыjpg

Қыстай бөлмелердегі сызды ауаның кесірінен жөтеліп, аурумен шыққан. Қыста қолында азын-шоғын мал болған соң, соларға қарайлап, лажсыздан «шықпа, жаным, шықпамен» қыстап шыққан. Енді  жер аяғы кеңіген соң қызының шаңырағын паналап, сонда қонып жүр. Бауыр еті баласының үйі болғанымен, әркімнің өз боз үйі жайлы болғанға не  жетсін! Еденнің тақтайлары отырып кеткен, ойдым-ойдым. Бөлмелердің қабырғалары қисая бастаған. «Үйдің іргетасы да салынбаған. Бір күні  жамбастай кетсе, үйінді-нің астында қаламыз ба деп уайымдаймыз. Біздің үй – ағын судың табиғи жолы,  жылда тасқын су осы жермен өтеді», – деді  Әсемгүл. Өз бетімен үй салып алуға жинағы да, қауқары да жоқ. Отанасының  тамырлары жарылып кетіп, үш рет басына ота жасатқан,  ІІ  топтағы  мүгедек.

«Қар  суы,  тасқын  су  емес!»

Біз бас тіреген Самат Ғалиевтің (суретте) баспанасы 1965 жылы салынған. Үш баласы және отанасымен бірге осы құжырадай үйде тұрады. Іргетасы қаланбаған ескі үйге қарғын су екі жақтан лап еткен. «Былтыр төтенше жағдайлар желісінің мамандары үйді қарап, қар суы кіргені рас деп аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ғ. Жасталаптың қол қойып, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы К. Исатаеваға жолдаған ресми акті бар. Осы акт бойынша жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу бойынша комиссияға ұсынылып, 369 000 теңге көлемінде материалдық көмек қаржы берілді», – деді Саматтың сенімді өкілі Мизанғали аға. Қазір Ғалиев ағайынының үйін паналап жүр.  Баспанасының баспана деген аты болмаса, иесіз қалған үй секілді. Қаусап тұр, ырықжырық қабырғалар, ырсиған бұрыштар... Үй салатын жинағы, малы жоқ. Қыста музейде газ операторы болып істеп, маусымға байланысты әзірге жұмыссыз, еңбек биржасында тіркеулі. Ауыл тұрғындарының айтуларына қарағанда, ауылдағы қыстай жиналған қарды осы маңдағы Қарасуға жалғасқан көлге төккен ғой.  Күн жылынғанда қызылсуы да, қарғын суы да мол болып, кемерінен тасыған көл су жақын маңдағы үйлерге кірген. Қарды аулаққа неге төкпеді екен  дейсіз  іштей...

Галие ырық-жырық бөлмелер12

– Байқап тұрғаныңыздай, үйдің іші сыз, тыныстау қиын.  Үйге су кірген кезде ұзын қоныш етікпен теңіз кешкендей болып жүрдік. Тасқыннан кейін үйді комиссия қарап, жөндеуге деп 650 000 теңгедей қаржы берілді. Соған жөндеу жүргіздім. Бірақ жамап-жасқаған қабырға сылақтар қайта-қайта жарылып, құлайды. Мен де жамап-жасқауымды қоймаймын. Еденнің астынан сыздың иісі мұрын жарады. Үйде сарыбас жылан, тарбақа өріп кетті, – деген Азамат Арыстанов жылан ұстаған фотосын ұялы телефоннан көрсетті. Үй ішін көріп бас шайқадық.  Өткен ғасырдың сексенінші жылдары  салынған ескі үйдің  іргетасы шөккен, қызыл кірпіштері кетіліп, қиысқан қабырғалары сөгіле бастаған.   «Үйім жалаңтас, қашан құлайды деп уайымдап жүрмін, – деді Азамат. Ол Жымпитыдағы Байжанов көшесіндегі 11/1-үйде тұрады.

«Сотқа жүгініңіздер!»

Аудан әкімінің орынбасарының қабылдауына редакцияға шағымданған бір топ тұрғынмен бірге кірдік. Алдымен осы ауданда бұдан сәл бұрын болған қайғылы оқиғаға байланысты жүз жылдан астам тарихы бар аға газет редакциясы ұжымы атынан қазақы қалыппен көңіл айттық. Бес балапанның қазасы көпшіліктің қабырғасына батты, жүректерін сыздатты. Қапыда ажал құшқан сәбидің тәтті салған ұртындай томпиған бес зират көпбалалы үйсіздердің қасірет-қайғысын есімізге салып тұрмақ. Бұл күндері қайғыдан қан жұтқан отбасыға жаңа үй берілген. Тілсіз жау өртке жұтылған тағдырлар басында баспанасы болмай қиналды емес пе?!  Ана мен бала, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар әрдайым мемлекет қамқорлығында  болады. Оны Мемлекет басшысы да жиі айтады. Тасқыннан кейін маңдайға басқан жалғыз баспанасының қабырғалары қақырап, күлімсі сасыған  қара орманы – үйінің құлап, үйіндісінің астында қалмас па екенбіз деп түн ұзаққа кірпік қақпай жүрген қарапайым халықтың мұң-зарына  құлақ  асар  кім  бар?..

– Өткен жылы 268 тұрғын үй тасқыннан зардап шекті деп анықталды. Соған орай жаңадан 152 баспана салынды. Оның 29-ы Бұлдыртыда, бір үй Көздіқара ауылында, 122-сі Жымпиты мен Өлеңтіде бой көтерді. Оған қоса, Өлеңтіде 30 пәтерлі тұрғын үй кешені салынды.

Бес үй тұрғындарға сатып алынды. Тұрғындардың келісіміне сәйкес оның біреуі Оралдан, төртеуі Жымпитыдан берілді. 152 үйдің 114-і «Қазақстан халқына» қоры есебінен, қалған 38 үй «Ақжайық» қоры арқылы салынды. Тасқыннан зардап шеккен 268 тұрғын үйдің 111-ін жөндеу қажет деген шешім қабылданып, шығындары төленді.  Қазіргі кезде аудан бойынша 550 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Соның 144-і – апатты жағдай санатында. Биыл аудан орталығынан осы апатты деп танылған үйлер санатындағылар үшін үш қабатты екі тұрғын үй (72 пәтер) құрылысы басталды. Жыл аяғына дейін құрылысын аяқтап, апатты үйлердегі отбасыларға кезек бойынша береміз. Аудан бойынша 55 үйді әлеуметтік жағынан қолдауды қажетсінетін табыс-кірісі аз отбасыларға сатып алып, кезекпен бөлеміз, – деді аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлепов.

Комиссия бас сұқпаған үйлер бары белгілі. Олардың  қазіргі жайын көзімізбен көріп, жоғарыда сөз еттік. Енді олардың жайы не болмақ деп сұрадық аудан әкімі орынбасарынан. «Былтыр су тасқыны кезінде аудан әкімінің шешімімен комиссия құрылды. Комиссия мүшелері алты (6) топқа бөлініп, көшелерді аралады. Ондағы  мақсат 400-дің үстінде түскен шағым бойынша баспаналарды көріп, соның нәтижесінде 268 үйге су кіргені анықталды. Үкіметтің бекіткен ережесіне сәйкес 268 үйдің иелері өтініш жазып, соның негізінде техникалық  қорытынды жасайтын тәуелсіз мекемені шақырттық. Комиссия су кірді ме жоқ па, соны анықтаса, ал техникалық сараптама жасаушылар баспананың тұруға жарамды-жарамсыздығын анықтайды. Үйлері тұруға жарамды деген қорытындымен кейбір азаматтар келіспеді. Премьер-министрдің орынбасары Қ. Бозымбаев ауданға келгенде тапсырма беріп, сол бойынша баспаналарды қайтадан техникалық сараптамадан өткіздік. Осы негізде 38 үй салынды. Қалғандары бойынша тұруға жарамды деген шешім қабылданды. Тұруға жарамсыз делінген үйлер бойынша баспана салу немесе үй сатып алып беру мәселесі қарастырылды. Тұруға жарамды деген үйлерге жөндеу жүргізуге қажет қаржы көлемі есептеліп, азаматтар тиісті құжатпен танысып, қолдарын қойды.  Содан кейін қаражат есепшоттарына аударылды, – деді Сырым ауданы әкімінің орынбасары  Қайрат  Төлепов.

Қ. Төлепов шағымданушылармен тілдесе келе, тұрғын үйлері тірлік етуге жарамсыз болса, техникалық сараптамадан өткізіп, жалғыз баспанасы апатты деген санат бойынша ха-лыққа қызмет көрсету орталығы арқылы кезекке тіркелуді ұсынды. «Сол кезекте тұрғандарға үйлер салынып біткен соң, кезек жетсе, алып қаларсыздар», – деп қорытты сөзін. Бірақ ол үйлер коммуналдық меншікте болмақ. «Комиссия мүшелері үйге су кіргені рас деп қол қойып, зардап шекті деп қаражат берілді. Бірақ ол қаржымен үйдің қай жыртығын жамайды? Үйлері құлағалы тұр...», – деді Мизанғали аға.

Тапсырмаға  үстірт  қараған  ба?..

– Үйіне су кірмесе де, ауласына су кірген азаматтарға  комиссия шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылданды. Су жеген баспанасының іргетасын нығайтып алсын дедік.  Үй-жайды күтіп ұстау керек. Кей азаматтар  бұған жауапкершілікпен қарамайды. Самат Ғалиевтің  үйіне тасқын су кірген жоқ, қар суы кірген. Мен ол үйді жақсы білемін. Кезінде ол үйге барғанмын. Егер де біз шығарған шешімдермен келіспесеңіздер, сотқа жүгініңіздер, – деді орынбасар.  Төтенше жағдайлар бөлімі су кірген деп қол қойған, сонда қар суы тілсіз жауға жатпай ма деген сұрақты іркіп қала алмадық. Қ. Төлепов  С. Ғалиевтің үй мәселесіне қатысты комиссия мүшелерін шақыртып, жағдайды анықтайтынын, га-зет редакциясына ресми жауап беретінін  алға  тартты.

– Осының барлығы «Дауымшар» компаниясының қателігінен. Техникалық сараптаманы дұрыс жасамаған. Саман үйлерді «щитовой» деп жазған жағдайлар болды. Тағы бір қызығы, «Дауымшар» ЖШС 77% жарамсыз деп, үйді жөндеу керек десе, екінші басқа мекеменің техникалық сараптамасында 65% жарамсыз үйді сүру керек деп, қорытынды жасады. Үш пәтерлік үйдің біреуіне үй беріледі, өзгелеріне үйлері жарамды дегенді де есті-дік. Іс жүзінде  үш үй де тасқыннан зардап шеккен, – деді аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі  Мизанғали Нұрпейісов.

Қорыта айтар болсақ, аудан басшылығы шағымданушыларға барлық мәселенің нүктесін сот арқылы қойыңыздар деп ашық айтты. Өйткені тасқын су болған жыл артта қалды. Заңды талап бойынша су тасқыны зардабы бойынша комиссия зардап шегушілерден арыз-өтінішті екі ай ішінде қабылдап, жұмыстана-ды. Ал мына жағдайда, яғни баспаналары тұруға қауіпті тұрғындарға нақты көмек көрсету қиын десті. Бірақ сол тасқыннан кейін комиссия мүшелері ауылдастарының хал-жайына сергек қарап, тасқын су жеген баспаналардың күні ертең жарамсыз болатынына неге алаңдамады екен деген орынды сұрақ көкейімізде қалды. Әлде, бұл «Басы ауырмағанның қасында балтырың сыздамасын» дегеннің кебі ме?  Анадай қабырғалары ырсиған, ырық-жырық үйде тірлік ету әсте мүмкін емес. Былтыр есімізде Мемлекет басшысы тасқын судан зардап шеккендердің баршасының тұрғын үймен қамтылатынын анық айтты. Бірақ  Мемлекет басшысының сол тапсырмасына Сырым ауданындағылар үстірт қарағандай әсер қал-дырды. Оның нақты мысалдарын жоғарыда біраз тілге тиек  еттік...

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале