3.07.2025, 18:00
Оқылды: 511

Әке жолы

Жеңіс Уәлиұлы 1945 жылы бұрынғы Орда ауданының Бөрлі ауылында дүниеге келген. Ол – соғыс салған жара жазылмаған, ел қиын-қыстау кезеңді бастан кешіп жатқан шақта жарық дүние есігін ашқан ұрпақ өкілі. Балалық шағы да ерекше естеліктерге толы. Әкесі Уәли мен анасы Күнзараның тәлімін көргенімен, нағашы атасы Есен қарияның қолында ержеткен. Жақын-жуықтың айтуынша, Есен ақсақал қонақтықтан қайтып келе жатып, жиен немересі Уәлиге қойдың құлағын газетке орап әкелетін көрінеді. Бұл жайтты ауыл үлкендері езу тарта еске алып отыратын. «Сол жылдары ел ішінде нәресте жиі шетінеген. Бала Жеңістің өзінен бұрын және кейін туған бауырлары жастайынан шетінеп, шаңырақтың еркесі болғасын да еркін өседі. Кейін өмірге келген інісі Өтеміс Жеңістен 10 жас кіші.

WhatsApp Image 2025-06-23 at 14.35.51

Осы жас айырмашылықтың өзінен-ақ оның ақылды тентек болғанын аңғару қиын емес. Әкесін «тәтем» деп атауы да сол еркеліктің бір көрінісі болса керек. Ержетіп, азамат болып елге оралғанда да Жеңіс Уәлиұлының келбеті мен киім киісі көп назарына бірден түседі екен. Ол ауылда ғана емес, қалалық ортада да өзіндік стилімен, жинақылығымен ерекшеленіп тұратын», – деп еске алады замандастары. Қазіргі күні құдасы Лавр Рашидұлы да «Киім киюдегі талғамды, тіпті жеңді сәнді етіп қайырып қоюды да осы Жәкеңнен үйрендік» деп айтып отырады.

1962 жылы Атырау облысы Теңіз ауданы Балқұдық ауылындағы орта мектепті тәмамдап, сол кездегі Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түседі. Алайда оқуын екінші курстан кейін уақытша үзіп, әскерге шақырылып, Венгрия елінде үш жыл әскери борышын өтейді. Қатардағы жауынгерден бастап, кіші лейтенант шеніне дейін көтеріліп, тәртіп пен табандылықтың үлгісін көрсетеді. Әскерде жүргенде Ұлы Жеңістің 20 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталуы оның үздік жауынгер болғанын аңғартады. 1967 жылы химиялық қорғаныс қызметі бойынша кіші лейтенант шенінде әскери борышын абыроймен өтеп, туған елге оралады. Оқуын жалғастырып, 1969 жылы тарих пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Бұған қоса, жоғары комсомол мектебінде арнайы дәрістен өтіп, еңбек жолын 1970 жылы Маңғыстау қалалық комсомол комитетінде бастаған. Мәдени-бұқаралық жұмыстарды ұйымдастыру және насихаттау бөлімінің нұсқаушысы қызметінде жүріп-ақ өзінің іскерлігімен көзге түсті. 1972 жылы Форт-Шевченко қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланып, жастар саясаты мен тәрбиесіне белсене араласты. Ал 1973 жылы Маңғыстау облысы құрылғанда, жаңадан құрылған облыстық комсомол комитетінде мектептер бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, іскер азаматқа жас ұрпақ тәрбиесі мен білім беруде үлкен жауапкершілік жүктелді. Кейін Шевченко (қазіргі Ақтау) қалалық партия комитетіне қызметке ауысып, саяси-идеологиялық жұмыстармен айналысты. Кейін отбасы жағдайына байланысты туған жеріне оралып, 1979-1984 жылдары Бөкей ордасы аудандық мәдениет бөлімін басқарып, осы салаға өзгеріс енгізген көшбасшыға айналды.

Ауылдарда көркемөнерпаздар ұжымдары құрылып, мәдениетке тың серпін берілді.

Аудандық оркестр мен бишілер, «Нарын» эстрадалық ансамбльдері ұйымдастырылды. Сол жылдары аудан көркемөнерпаздарына сахналық костюм мен музыкалық аспаптар ауадай қажет кезде ол Алматыға барған іссапары аясында Абай атындағы Опера және балет театрының ательесіне тапсырыс беріп, жоғары сапалы матадан, ерекше үлгідегі сахналық киімдерге дейін тіктіріп әкелген. Сонымен қатар өнер ұжымдарына қажет музыкалық аспаптар – домбыра, баян, қобыз және өзге де құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның бастамасымен аудандық мәдениет үйінің жанынан типтік жобада жаңа аудандық демалыс орталығы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл тек ғимарат емес, халықтың рухани тынығуына арналған кешен еді. Жәкеңнің тынымсыз еңбегінің нәтижесінде аудандық «халық оркестрі» мен «Орда гүлдері» бишілер ұжымы қалыптасып, демалыс орталығы шығармашылықпен айналысатын өнерпаздардың екінші үйіне айналды. Бұл ұжымдар ауыл-ауылды аралап, өнер құдіретін елге паш етіп қана қоймай, түрлі байқау, фестивальдерге қатысып, өңір атын ұлықтады.

Орал, Алматы сынды қалалармен қатар, Ресейдің Астрахань, Волгоград, Мәскеу қалаларында өткен концерттерге қатысып, халықаралық деңгейде қазақ өнерін насихаттады. Тіпті шетелге шығу жоспары дайындалып жатқан сәтте Жеңіс Уәлиұлы Орал қаласына  қызмет  бабымен  ауысты.

Оның басшылығымен құрылған көркемөнерпаздар ұжымы – үлкен шығармашылық ұйымға айналды. Құрамында 70–80 адамнан тұратын оркестр, солистер мен би ансамблі өнерімен талай мәрте топ жарып, жүлделі орындардан көрінді. Сол жылдары Орда ауданында халық композиторы Сейтектің күйлерін республикалық алтын қорға жазу жобасы қолға алынып, Алматы қаласына арнайы сапар ұйымдастырылды. Бұл да ұлттық мұраға қосылған сүбелі үлес еді. 1982 жылы СССР-дің 60 жылдық мерекесінде Қазақстан делегациясының құрамында Мәскеуге сапарлап, Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев сынды елге танымал өнер саңлақтарымен бір сахнада өнер көрсету аудан өнерпаздары үшін зор мәртебе болды.

Сол сапарда Мәскеудің Люберцы ауданындағы ауыл шаруашылық техникаларын шығаратын зауытқа концерт қойып, мәдени достық көпірін орнату тапсырмасы да табысты орындалды. Орда кеңшарының басшылығы арнайы қаржы бөліп, зауыт жұмысшыларын қонақ етіп, мәдениет сарайында үлкен концерт ұйымдастырды. Бұл сапардың игі нәтижесі ретінде келесі жылы «орыс халық ансамблі» ауданда гастрольдік сапармен өнер көрсетіп, зауыт екі вагон ауыл шаруашылық техникаларының қажетті бөлшектерін ауданға тікелей жеткізіп берді.

Сол тарихи сапарда бірнеше аутобостан құралған үлкен ұжымды Мәскеуге апарып, оларды ретімен орналастыру, концерттерді ұйымдастыру, барлығының амандығын қамтамасыз ету Жеңіс ағамыздың тікелей жауапкершілігінде еді. Мұнымен қоса, Волгоград қаласының 400 жылдығына арналған мерекеде облыс делегациясы құрамында өнерпаздар мен музей қызметкерлерін бастап апарып, концерттер ұйымдастырды. Астрахань облысының Капустин Яр сынды елді мекендерінде де қазақ өнерін паш етіп, көрермендердің зор алғысына бөленді.

Адам ретінде Жәкеңнің жан дүниесі өнерге жақын, болмысы сыпайы, жүрегі мейірімге толы-тұғын. «Батыр тұлғалы, мінезі салмақты. Қатты дауыс көтеріп сөйлеуді білмейтін, әр адаммен сыйластықпен сөйлесіп, тіл табыса білетін кісілік қасиеті – оның бойындағы асыл қырларының бірі. Қандай жауапты тапсырма болмасын, Жеңіс Уәлиұлы жан-тәнімен беріліп, нәтижеге қызмет ететін» деп еске алады әріптестері.

Жеңіс Уәлиұлы тәрбиеленген әулет – өңірге сыйлы, әкесі Уәли мен анасы Күнзара ел ішінде беделді, көпке өнеге болған жандар еді. Олар ұл-қыздарының бойына адалдықты, еңбекқорлықты, адамдықты сіңіріп өсірді. Балалары да ата-анасының үмітін ақтап, қоғамның белсенді, парасатты өкілдеріне  айналды.

Ол кісінің ұстаздық жолы – оның ішкі жан дүниесімен, өмірлік ұстанымымен біте қайнасқан кәсіби таңдауы еді. Еңбек жолының көп жылдарын Орал қаласында өткі-зіп, білім саласына барынша адал қызмет етті. Әр кезеңде білім беру мекемелерінің жауапты қызметтерін атқарып, ұрпақ тәрбиесі мен педагог кадрларды дайындау ісінде сүбелі үлесін қосты. Орда ауданының Саралжын ауылындағы Ф. Энгельс мектебінде және Бөрлі ауылындағы М. Бегалиева атындағы мектепте директор қызметін атқарып, білім ордаларының дамуына зор еңбек сіңірді. Кейін облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтының жанындағы арнайы мектептер мен балалар үйлері бойынша интернаттық мекемелер кабинетінің меңгерушісі болып, ерекше санаттағы оқушылармен жұмыс жүргізуді жүйелі жолға қойды. 1996 жылы ол «Жас дәурен» атты балалар кешенінің директоры болып тағайындалады.

Бұл мекеме іскер басшының қолында жаңаша сипат алып, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін жай ғана баспана емес, толыққанды тәрбиелік-мәдени ортаға айналды. Кешенге коттедждік үлгідегі жайлы үйлер салынып, тәрбиеленушілерге отбасылық орта қалыптастырылды. Айта кетерлігі, «Жас дәурен» атауын алуы да тікелей Жеңіс Уәлиұлының шығармашылығымен байланысты. Ол көңілі көтеріңкі сәттерде домбырасын қолына алып, өзі жақсы көретін «Жас дәурен» әнін айтып отыратын. Кейбір әндері мен өлең жолдары ұрпақтары мен әріптестерінің қолында әлі күнге сақтаулы.

Бұл да оның жан-жақты, өнерге бейім тұлға болғанын  айқындайды.

2001 жылы Жеңіс Уәлиұлы М. Өтемісов атындағы облыстық мектеп-интернаттың директоры қызметіне тағайындалды. Бұл мекеменің тарихи іргетасы туған жері – Орда ауылында қаланғандықтан болар, Жәкең бұл қызметті ерекше шабытпен, үлкен жауапкершілікпен қабылдады. Жаңаша серпін мен кәсіби ұйымдастырушылықтың арқасында интернаттың тынысы кеңейіп, білім мен тәрбие беру ісі жаңа белеске көтерілді. Бұл кезең мектеп тарихындағы жарқын дәуірлердің бірі ретінде жазылғаны  анық.

WhatsApp Image 2025-07-03 at 12.42.04

Жеңіс Уәлиұлы – отбасы құндылықтарын қадірлеп, өмірлік серігін сыйлай білген, ұрпағына өнеге қалдырған жан. 1970 жылы ол Атырау өңіріндегі масқар руынан шыққан инабатты ару – Мәдина Әмірқызымен шаңырақ көтереді. Жас жұбайлардың қуанышы ұмытылмас сәтке айналып, жігіт жақтың тойы сол кездегі Орал қаласындағы ең таңдаулы орындардың бірі – №2 асханада дүркіреп өткен. Бақытты күннің куәсі, күйеу жолдас болған замандасы, Маңғыстау облысының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ғани Карин өзінің естелік кітабында бұл күнді шабыттана жазып, Жәкеңе арнаулы бір  бөлім арнаған екен.

Жеңіс пен Мәдинаның тату-тәтті шаңырағында Лауаз, Лаура және Әлем есімді үш перзент дүниеге келді. Қазіргі таңда Жеңіс Уәлиұлының ұрпақтары өсіп-өркендеп, алды шаңырақ көтеріп, ізбасарлары шөбереге жалғасуда. Сегіз немере мен үш жиеннен тараған ұрпағы – парасат иесінің адалдық пен еңбекқорлыққа негізделген ұстанымының мұрагерлері.

Үлкен ұлы Лауаз Орал қаласы мен Батыс Қазақстан облысының Орда, Теректі, Бәйтерек аудандарында түрлі салада қызмет атқарып, бүгінде Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары лауазымында. Ол – ветеринария ғылымдарының кандидаты, ел игілігіне еңбек етуді азаматтық борышым деп білетін білікті маман. Қызы Лаура – журналистика саласында көп жылдық тәжірибесі бар, шығармашыл тұлға. Ақпарат алаңында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ол бүгінде жеке  медиа бизнес мекемесінің басшысы ретінде кәсіби жолын жалғастырып келеді. Кенже ұлы Әлем әке жолымен, қызметін Атырау және Маңғыстау облыстарында бастаған.

Қазіргі таңда ол Маңғыстау облысы бойынша республикалық әдістемелік және сапа департаментінің директоры қызметін атқарып, мемлекеттік басқару саласында жауапты міндеттерді сеніммен  атқарып  жүр.

Жеңіс Уәлиұлы – айрықша келбетімен, таза болмысымен, нық жүрісімен, сұңғақ сымбатымен жақын жандарының жүрегінде. Жұмысында – талапшыл, тәртіпті жоғары қойған басшы болса, отбасында – мейірімді әке, кеңпейіл аға, жанашыр туыс болатын. Кез келген істі жоспарлап, байыппен атқаратын, туыстарын назарынан тыс қалдырмайтын. Әр шаңырақпен байланысын үзбей, аралап жүретін. Қадыр, Насекең, жалпы жезделерімен әзілқалжыңы жарасатын. Көреген тұлға тек өз тағдырын  емес, айналасындағы іні-қарындастарының өмір жолында шын жанашырлықпен бағыттап, әулеттегі үлкен аға ретінде Өтеміс інісінен бастап, Мирболатқа дейінгі ініқарындастарын оқуға түсіріп, орналастырып, әрқайсысының өмірге бейімделуіне жағдай жасап, әке аманатын қалтқысыз орындады. Бұл – оның тек ағалық емес, шын мәніндегі тұлғалық болмысын  танытатын  қасиеті  еді.

Өмір – өзіндік ізіңмен, ізгі ісіңмен өрнектелетін шежіре. 2025 жылдың 1 шілдесінде абзал азамат Жеңіс Уәлиұлы ортамызда болғанда 80 жасқа толар еді. Тек бір әулеттің ғана емес, тұтас бір өңірдің рухани тірегіне айналған тұлғаның елге сіңірген еңбегі, адамгершілік келбеті, ұрпаққа қалдырған өнегесі жүректерден өшпек емес.

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газетінің  жауапты хатшысы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале