26.05.2025, 15:00
Оқылды: 102

Татулық пен тұрақтылық – басты құндылық

Қоғамдағы татулық пен тұрақтылық – ең қымбат құндылықтардың бірі. Осы жолда Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып жатқан қызметі ерекше. Ассамблея – сан түрлі этнос өкілдерінің ортақ мүдде жолында бірігуіне мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық институт. Мұнда әрбір этнос өкілі өзінің ойы мен ұстанымын ашық жеткізіп, ел болашағына қатысты ортақ шешімдер қабылдауға қатыса алады. Бүгінгі таңда облысымызда 50-ден астам этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жүргізуде. Олар тек  мәдени іс-шаралар өткізумен шектелмей, қоғам өмірінің әр саласына белсенді араласып келеді. Қайырымдылық, ағартушылық жұмыстар мен жас ұрпақты тәрбиелеу бағытында қолға алынған бастамалар – соның айғағы. Осы тұста Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің қызметін ерекше атап өту қажет. Бұл құрылымдар – отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұлттық тәрбие мен рухани мұраны сақтау ісіне айтарлықтай үлес қосып отыр.

WhatsApp Image 2025-07-03 at 15.58.07 (1)

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» күн тәртібімен шақырылған ХХХIV сессиясында сөйлеген сөзінде Ассамблеяны «ұлттық бірлікті нығайтатын жалпыхалықтық орган» деп сипаттап, оның қызметіне стратегиялық тұрғыдан қарау қажеттігін нақты атап өтті.

Расында, 30 жыл ішінде Ассамблея еліміздегі этносаралық татулықты, дінаралық келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде орасан зор рөл атқарды. Бұл құрылым түрлі этнос өкілдерін бір мақсат, бір мүдде төңірегіне топтастырып, шынайы қоғамдық келісім моделін қалыптастырды.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – жаңа идеологиялық тұжырымдама қажеттігі. Бұл – заман талабынан туындап отырған өзекті бастама. Қазіргі күрделі геосаяси жағдайда, ақпараттық кеңістіктегі ықпалдар күшейген кезеңде, елді біріктіретін жаңа мазмұндағы көзқарас қалыптастыру – аса маңызды.

Бүгінде жаһандық геосаяси ахуал құбылмалы сипат алып отыр. Ақпарат кеңістігінде тарап жатқан түрлі идеологиялық ықпалдар мен жалған мәліметтер легі қоғам санасына әсер етіп, әсіресе жастар арасында адасушылыққа себеп болуы мүмкін. Мұндай жағдай ел ішіндегі бірлік пен тұрақтылыққа қауіп төндіретіні сөзсіз. Осы орайда, бүгінгі ақпараттық қоғамда блогерлер мен әлеуметтік желі белсенділерінің рөлі ерекше. Олар өз жарияланымдарында қоғамның бірлігіне сызат түсіретін әрекеттерден аулақ болып, керісінше, шынайы, дәлелді ақпарат таратып, татулықты, келісімді, бейбіт өмірді насихаттауға күш салуы тиіс.

Президенттің маңызды тапсырмаларының бірі – «Елдесу және Татуласу» жобасының ауқымын кеңейту. Жоба аясында ауылдық жерлерде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыру аса маңызды. Өйткені бұл — халық арасындағы өзара татулық пен түсіністікті нығайтып, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге тікелей ықпал етеді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігінің айнасы, бейбіт өмір мен өзара сыйластықтың шынайы үлгісіне айналды. Біз үшін ең маңызды мақсат – осы бірлікті баянды етіп, қоғамдық келісім арқылы ортақ Отанымыз – Қазақстанның жарқын, кемел болашағын қалыптастыруға сүбелі үлес қосу.

 

                                    Қ.Меңдіғалиев,

БҚО әкімінің орынбасары 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале