Ұлттық домбыра күніне орай Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен «Күмбірле күй – домбыра» атты челлендж оздырылды. Оған 22 ауылдық округтағы кітапхана қызметкерлері мен оқырмандар қатысты.

Ұлттық аспапты кеңінен дәріптеу, күй өнерін насихаттау және жас ұрпаққа рухани тәрбие беруді мақсат тұтқан іс-шара барысында домбыра туралы мәліметтер беріп, ауыл өнерпаздары күй тартып, ән орындап, эстафетаны келесі округке жолдап отырды.
Челенджді аудандық орталық кітапханасының тұрақты оқырманы, Перметный ауылдық округі әкімінің орынбасары Мәулет Мұхтаров бастады. Одан кейін Дариян ауылдық округі кітапханасының оқырмандары Ділназ және Гүлназ Кайыржановалар Домбыра күнімен құттықтап, «Тебен көк» күйін орындады. Құрманғазы ауылдық кітапханасының оқырманы Азамат Нұртаев Т.Молдағалиевтің сөзіне жазылған «Жан ана» әнін шырқаса, Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының оқырманы Жанар Мұқанғалиева «Әгугай домбыраны» орындады.
Осылайша Бәйтеректің аспанын домбыраның қоңыр үні кернеп, тұрғындардың жүрегін қазақы ән тербеді.
Динара Ғизатова,
Дариян ауылдық кітапханасының кітапханашысы,
Бәйтерек ауданы