6.07.2025, 10:00
Оқылды: 443

Переметныйда Ұлттық домбыра күніне орай мерекелік концерт өтті

Домбыра күніне орай Переметныйда «Күмбірле күй домбыра шанағынан» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

IMG_20250705_232558_813

Бұл күні домбыра сүйер қауымға мерекелік тарту жасаған – «Ардагер» клубының жанынан құрылған «Бабалар үні» домбырашылар ансамблі болды. Осыдан үш жыл бұрын құрылған бұл ұжым халыққа күй мен термені ұлықтап, ұлттық өнерімізді дәріптеп келеді.

IMG_20250705_232535_057

Концерт шымылдығын Дәулеткерейдің «Қос алқасымен» ашып, алғашқы күй тыңдарманның жүрегіне жол тартты. Одан кейін сахнаға шыққан Айнұр Өтеулиева мен Тоғжан Әсетова Ә.Желдібаевтың “Ерке сылқымын” және Динаның “Науаиын” орындап, көрермендердің қошеметіне бөленді.

IMG_20250705_232525_804

Артур Сисенов Мұхиттың “Жантелімі”, Мейірбек Жанболат “Мен – қазақпын” әнін орындап, кеш шырайын аша түсті. Жалпы мерекелік кеш барысында «Бабалар үні» ансамблінің орындауында көптеген әндер орындалды.

IMG_20250705_232610_495

Кеш соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев ізгі тілегімен жиналғандарды мерекемен құттықтады.

- Құрметті өнерсүйер қауым, қадірлі қонақтар! Жерлесіміз Қадыр Мырза Әлі ағамыз бір өлеңінде:

«Екі ішектің бірін қатты,

Бірін сәл-сәл кем бұра,

Нағыз қазақ – қазақ емес,

Нағыз қазақ – домбыра!» – деп, ұлт рухын дәл тауып айтқан.

IMG_20250705_232531_206

Бүгін, міне, біз сол екі ішектен төгілген ұлы мұраны – күй мен терме, ән мен жырды ұлықтап, қазақтың қастерлі Домбыра күнін атап өтуге жиналдық. Бұл — тек музыкалық аспапты дәріптеу емес, бұл – ұлттың болмысын, тарихын, рухын құрметтеу. Домбыра – даланың үні, ұлттың жүрегі. Оның үнімен ел тыныстады, ұлы тұлғаларымыз ел мен жер тағдырын жеткізді. Домбыра – бірлік пен бейбітшіліктің, салт пен сана сабақтастығының символы. Осы бір тағылымды күнде халқымыздың рухани байлығын жаңғыртып, күй мен жыр арқылы елге рух берген барша өнерпаздарға, оның ішінде бүгінгі концертке атсалысқан “Бабалар үні” ансамбліне, аудан өнерпаздарына, кешімізге арнайы келген құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Сіздердің орындаған әрбір шығармаңыз көрерменнің жүрегіне жетіп, рухын көтеріп, ұлттық өнеріміздің мәртебесін биіктете түсті. Домбыра күнімен баршаңызды шын жүректен құттықтай отырып, әр отбасында қазақтың қара домбырасының үні өшпесін, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,- деген Ерлан Ерсайынұлы кештің көркін келтіріп, ұлттық өнерге үлес қосқан қадірлі меймандарға аудан әкімінің атынан ықылас гүлі мен алғысхат табыстады.

Салтанат Серікбайқызы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале