Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылы астананы Ақмола қаласына ауыстыруға жарлық шығарды. Ол кезде Ақорданың астанаға көшуіне сол кездегі билік басындағылар да, элита қауым да, депутаттардың бәрі дерлік бірауыздан қолдай қоймағаны белгілі. Қарсы шыққандар да табылды. Оппозициялық күштер де сынады.

Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік қызметте ұзақ жыл еңбек еткен, облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған, Жоғарғы кеңестің 13-шақырылымының депутаты болған Табылғали Сапаров Президенттің халық қалаулыларымен кездескеніне, сол кезде Назарбаевтың стратегиялық шешімнің мәнін түсіндіргеніне куә болған. Бұл жиынға БҚО атынан жеті адам қатысқан. Олардың арасында Рахметолла Сүйербаев, Владимир Киянский, Эгельс Ғаббасов, Абат Есенғалиев болды.
– 1994 жылы 6 шілде күні Жоғарғы кеңес отырысына Президент қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша депутаттардан пікір айтуын, балаламалы жүйемен дауыс беруін сұрады. Екі мәселенің біреуі – астананы ауыстыру жайы қозғалды. Нақтысын айтқанда, Астананы Алматыдан Целиноградқа көшіру жөнінде. Осы ұсынысты дауысқа салғанда, жаңа астана қалыптастыруды депутаттардың көбі қолдады. Олардың арасында қарсы шыққандар да табылды.
Иә, жаңа айтқанымдай, депутаттардың бәрі бірдей қолдаған жоқ. Оған дейін де талас-тартыс өрбіді. Бастаманы құптамаған «Лад» деген топ болды. Оның құрамына басқа ұлттың кісілері, солтүстіктегі көршіні қолдайтын адамдар енген деген ойдамын. Ақмолада тұрғандардың астананы нығайтатынына сену қиын деген пікірлер де айтылды. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев қарсы шыққан қауымды бөлек-бөлек жинап, өзі сөйлескен еді.
«Уақыт өте, қазақ еліне көз алартатындар көбейеді. Солтүстікте салқын саясат лебі байқалады. Осы себепті сол жаққа шоғырлануымыз керек. Астананы Ақмолаға көшірсек, қалаға жан-жақтан қоныс аударатындар көбейеді. Мүлдем жаңа бағытта ойлайтын жастар келеді. Бір-бірімен мидай араласып кетеді. Бар қазақтың басы қосылады. Оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінуден іргемізді аулақ саламыз. Әсіресе, Алматының депутаттары және соның төңірегінен келген уәкілдерге айтарым, қазіргі күнмен өмір сүргенмен, болашақты ойлайық», – деді Назарбаев.
Осыдан кейін депутаттардың біразы Президент ұсынысын қолдады. Ал әлгі «Лад» деген топтың арғы түпкі ниеті белгілі болды. Қазақ ұлтының дамып кететініне көз жеткізгесін қарсы тұруға бел байлаған. Олар шаһардың аумағы ми батпақ, көл-көлшікке толы, жаңа құрылыс құны қымбат деген сыңайдағы сылтауды алға тартты. Бірақ Президент «Алматыда да қала құрылысы арзан емес. Жер сілкінген кезде ғимараттарды нығайтуға, қайтадан салуға орасан қаражат жұмсалып жатыр. Сондықтан оны есепке алудың еш қисыны жоқ деп кесіп айтты. Қазіргі уақытта Қазақстанның қаражат жағдайы қиындау. Бірақ болашақта бұл бағытта барлық түйткілді шешеміз» деген еді. Тарихи шешім қалай қабылданғаны туралы әңгімем осы, – деп еске алды БҚО-ның құрметті азаматы Табылғали Сатқалиұлы.
Табылғали Сапаров 1994 жылы ҚР Жоғарғы кеңес депутаты болып сайланды. Жоғарғы кеңес отырыстарында талас-тартыс, дау-дамай жиі болатын. Бір жыл өткен соң Президент Жарлығымен кеңес отырысы таратылды. Сол жылы Парламент палаталары – Мәжіліс және Сенат сайлауы өтті. Осы деректі қаперге салған БҚО-ның құрметті азаматы Табылғали Сапаров экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына нақты баға берілуі керек деп есептейді.
– Сол уақытта ол кісі көп жағдайда дұрыс шешім қабылдады. Әрине, қателік те жіберді. Бірақ әділет тұрғысынан қарау керек. Елге жасаған игі істерін де бағалап, кемшілігін де айту керек. Бірыңғай мақтап немесе даттап отыру құптайтын әрекет емес. Жоғарғы кеңес отырысында екі мәселе ұсынды дедім ғой. Сонда Президенттің: «Бүгін – менің туған күнім, маған сый жасаңдар» деп әзілдегені есімде, онысына бәрі ду қол шапалақтады. Содан депутаттардың көбі астананы ауыстыру бойынша бастаманы қолдады. Ал екінші мәселе – жерді жекешелендіруді ұсынды. Оған бәріміз қарсы болдық, – деді Табылғали Сапаров.
Нүркен Ғаппар
«Орал өңірі»