Өңірімізде бейнелеу өнерінде ерекше қолтаңбасымен танылған мүсінші Ерғали Бекешев – темір мен тасты өнер туындысына айналдырып жүрген дара тұлғалардың бірі. Ол жақында Ұлыбританияның астанасы Лондонда өткен «Golden Time Talent» халықаралық өнер фестиваліне қатысып жүлделі жеті орынның бірін иеленіп қайтты.

– Интернет қарап отырып, «Golden Time Talent» атты халықаралық өнер фестивалі туралы жарнамалық ақпаратқа көзіме түсті. Дереу ұйымдастырушылармен байланысқа шығып, өз жұмыстарымды жолдадым. Олар менің туындыларыма «Кәсіби деңгейде жасалған» деп жоғары баға беріп, бұрын жасаған «Алдар көсе» атты темірден жасалған мүсінімді байқауға жіберу туралы шешімі қабылданды. Фестивальдің бірінші онлайн кезеңінде жоғарыда атап өткен жұмысым бірінші орынды иеленіп, нәтижесінде Лондон қаласына шақырту алдым. Шақыру арқылы виза рәсімдеп, біршама уақыт пен күш-қайрат жұмсауға тура келді. Анкета толтыру, құжаттарды реттеу, қаржылық мәселелер – Англияға шығу оңай емес екен. Дегенмен, бәрі сәтті шешілді. Үш күндік фестиваль жоғары деңгейде өтті. Түрлі елдерден келген өнерпаздар өз туындыларын ұсынды. Көрмеге қойылған темір мен табиғи тастан жасалған «Табандылық» атты жұмысым жоғары бағаланып, ұйымдастырушылар тарапынан дайындаған арнайы жеті жүлденің бірі маған бұйырды. Қазақстанның туы шет ел сахнасында желбіреп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген сәт маған ерекше шабыт сыйлады, = дейді бізбен ой бөліскен Ерғали Бекешев.
Ерғали Бекешев 1963 жылы Тасқала ауданында дүниеге келген. 1985 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін тәмамдаған. Мүсін өнеріне деген ықыласы оны шынайы кәсіби жолға жетелеп, бүгінде Қазақстандағы белді мүсіншілердің бірі. Ол 2010 жылдан бастап Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі атанса, 2023 жылы Қазақстан Көркемсурет академиясының корреспондент мүшесі болып қабылданды. Мүсінші – суретшінің шығармашылық қорында көптеген ерекше туындылар бар. Олардың арасында темірді дәнекерлеу арқылы жасалған «Алдар көсе», «Бақбақ гүл», «Қобыз», «Суретші», «Түс», «Махамбет», «Ғасырлар үні», «Нарын», «Табандылық» сияқты туындылары ел арасында кеңінен танымал. Ақтаудың ұлу тасынан қашалған «Торсық» пен «Әже», граниттен жасалған «Нәубет заманы» монументі, Оралда орнатылған «Үкілі домбыра» композициясы – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, рухани мұрасын бейнелейтін үлкен мәдени мұралар. Оның туындылары тек көркемдік қана емес, тарихи-танымдық мазмұнымен де құнды. Мүсінші кез келген затты – темір болсын, тас болсын – үлкен оймен, философиялық мағынамен, ішкі мазмұнмен үйлестіре білуге ерекше мән береді.
– Бұл сапар маған ерекше әсер қалдырды. Лондон – ғажайып қала. Ұлттық галерея, Биг-Бен, тарихи көне көшелер – бәрі де шабыт сыйлады. Екі-үш ғасыр бұрын салынған үйлердің сапасы таң қалдырды. Осы сапарға шығуыма қолдау көрсеткен облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Бақытжан Нарымбетовке, Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоғжановқа және кәсіпкер азаматтарға, достарыма алғысым шексіз –дейді мүсінші.

Ерғали Орынғалиұлы ширек ғасырдан астам шығармашылық жолында «Қазақ өнерінің қайраткері», «Сіңірген еңбегі үшін» ордені және «Даңқ галереясы» І дәрежелі дипломы, «Бәйтерек ауданының Құрметті азаматы» тағы басқа атақ - дәрежеге ие болды.
Ол – тек шебер мүсінші ғана емес, өз елінің рухани елшісі. Өз шығармашылығымен қазақтың ұлттық болмысын, бай мәдениетін шетелге танытып, халықаралық сахнада еліміздің туын желбіретіп жүрген өнер қайраткеріне біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз.
Гүлжамал Жолдығали
«Орал өңірі»