Бұл туралы бүгін Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов айтты. Қала әкімі ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтығожа Ізмұхамбетовке жаңадан бой көтеріп жатқан Ақжайық шағынауданын таныстырған болатын. Кездесу барысында шаһар басшысы алдағы уақытта ол жерде жаңа емхана, жүрек аурулары ауруханасы және бірнеше балабақша мен мектеп салынатынын айтты. Мәжіліс депутаты жаңа ауданды аралап, салынып жатқан көп қабатты үйлердің, әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы сұрақтар қойып мердігерлермен кездесті.

Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов мәжіліс депутаты Бақытқожа Салахадинұлына Ақжайық шағын ауданы туралы толық мәлімет берді.

-Жалпы, Ақжайық шағын ауданында 76 көп қабатты үй салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта сегіз үйдің құрылысы аяқталып, бес үйде тұрғындар тұрып жатыр. Бұған дейін жаңа шағын ауданға 390 отбасы көшіп келді. Қазіргі уақытта тағы үш үйді аяқтап 370 отбасыны көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек бұл шағын ауданда бірнеше мектеп, балабақша, емхананың құрылысы жүретін болады, - деді Орал қаласының әкімі Мұрат Байменов.

Белгілі болғанындай жаңа шағын ауданда 250 орындық емхана, 1500 орындық мектеп, 550 орындық кардиологиялық орталық салыну жоспарланған.
- Қазіргі уақытта бұл әлеуметтік нысандардың құжаттары әзірленіп жатыр, - деді Орал қалалық құрылыс бөлімі.
Ақжайық шағынауданын аралап шыққан Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов халықтың әлемуеттік жағдайын жақсарту, тұрғын үй тапшылығын шешу мәселелері Президенттің бүгінгі атқарушы биліктің алдына қойып отырған негізгі тапсырмасы екенін атап өтті.

-Біз қазір елді аралап, халықпен кездесіп жүрміз. Облыстың шалғай аудандары Жәнібек пен Бөкей ордасы аудандарының халқымен де кездестік. Өтініш-тілектерін тыңдадық. Біздің сапарымыздың мақсаты Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметке, облыс әкімдеріне берген тапсырмасының орындалу барысын қадағалау, елдің ішіндегі проблеламаларды тыңдау арқылы қажет болса алда қабылданатын заң жобаларына өзгеріс енгізу үшін қажетті ақпаратты жинақтау. Біз қазір көп ұсыныс жинақтадық. Бүгін міне құрылыс насандарын аралап жүрміз. Біздің Президентіміз әлеуметтік салаға көп көңіл бөледі. Соның ішінде халықты тұрғын үймен қамту мәселесін жиі айтады. Біз бүгін міне, жаңадан бой көтеріп келе жатқан жаңа мөлтек ауданмен таныстық. Бұл жерде тек үйлердің құрылысы ғана жүріп жатқан жоқ. Халыққа қажетті аурухана, емхана, балабақша, мектеп бәрі болады, - деп атап өтті ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Естеріңізге сала кетейік ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутатары бір аптадан бері облыс тұрғындарымен кездесулер өткізуде.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz