9.07.2025, 15:30
Оқылды: 253

Қосыбаев мұрасы насихатталуда

Жұбан  Молдағалиев  атындағы Батыс  Қазақстан  облыстық  орталық  әмбебап  ғылыми  кітапханасында  жазушы,  аудармашы,  Қаратөбеде  туған  қаламгер Жаулыбай  Қосыбаевтың  шығармашылығына  арналған  танымдық  кеш  өтті.  Іс-шараны  аталмыш  кітапхананың  өлкетану  әдебиеттері  бөлімі  жанындағы  «Асыл  мұра»  өлкетану  бірлестігі  ұйымдастырды.

WhatsApp Image 2025-07-02 at 16.14.41 (1)

Кешті Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, Қосыбаев мұрасын зерттеуші Ертай Бимұханов жүргізіп, шараға қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары мен қала тұрғындары қатысты. Аталмыш іс-шара – Е. Бимұхановтың кіші ғылыми әдеби  зерттеу  жұмысы.

Айта кету керек, Жаулыбай Қосыбаев – өңір әдебиетінің өрісін кеңейтіп, ұлттық рухани мұраны ұлықтаған тұлғалардың бірі. Ол 1955 жылы жазылған «Мұхит» атты повесі арқылы өнер адамдарының ішкі болмысын, рухани әлемін көркем тілмен бейнелей білген. Аталған шығарма Мұхит Мерәліұлының 150 жылдық мерейтойы аясында қайта жаңғырып, сол повестегі суреттемелер негізінде әншінің тұңғыш бейнесі салынған еді. Бұл – әдебиет пен бейнелеу өнерінің өзара тоғысып, тарихи тұлғаны жаңа қырынан танытудағы тың  қадам  болды.

WhatsApp Image 2025-07-02 at 16.14.40 (1)

Кештің шымылдығын Қаратөбе аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Меңдешов ашып, жазушының елге сіңірген еңбегіне, оның әдеби мұрасының бүгінгі рухани өмірдегі маңызына тоқталды. Ардагер ұстаз, өлкетанушы Хамидолла Нарегеев қаламгердің «Мұхит» повесін жазу тарихына қатысты қызықты дерекпен  бөлісті:

–  Жаулыбай Қосыбаев Мұхитты көзімен көрмеген. Ол жолаушылап келе жатқан сапарында Орынборда жерлесі Ахметжанмен жолығады. Сол Ахметжан кезінде Мұхитты көзімен көрген, әнін тыңдаған, онымен сұхбаттасып, сырласқан жан екен. Жазушы дәл осы Ахметжанның естеліктерін тыңдап, соған сүйеніп, повесін жазған. Демек бұл шығарма Мұхит жайлы тірі куәнің аузынан жеткен тың деректерге негізделген, – деді ол. Сондай-ақ Жаулыбай Қосыбаевтың шығармашылығы туралы өлкетанушы Тілек Сағынов, ақын Талап Таймасұлы, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы естелік бөлісті. Олар жазушының шығармашылық ізденіс жолына, ұлттық тақырыпты көтерудегі ұстанымына және туған өлкеге деген ерекше сүйіспеншілігіне баса назар аударды. Кештің мәдени мазмұнын дәстүрлі әншілердің орындауындағы термелер мен халық әндері  аша  түсті.

WhatsApp Image 2025-07-02 at 16.14.40

Шара барысында Жаулыбай Қосыбаевтың немересі Есетжан Қосыбаевтың арнайы жолдаған тілегі оқылды. Сонымен қатар жазушының әдеби мұрасын насихаттау мақсатында «Жылдар жылнамасы: қалам қуаты» атты арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале