Бүгінде облыста су нысандарының жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымды жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалының бас гидротехнигі Қайрат Жұлқашевтың айтуынша, соңғы жылдары өңірде су шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде.

– 2024 жылы біздің филиал бойынша 13 гидротехникалық құрылымды ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған еді. Бұл жұмыстар толық орындалды. Ал 2025 жылы 28 нысанды жөндеуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда оның үшеуі толық жөнделді, төртіншісіне кірісіп жатырмыз. Бұдан бөлек, каналдарды механикалық тазалау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы 74 шақырым канал тазаланса, биыл бұл көрсеткіш 144 шақырымға жетуі тиіс. Қазіргі күнде 37 шақырым тазартылып үлгерілді, – дейді Қайрат Жұлқашев.
Өңір көлеміндегі ең маңызды жаңғырту жобаларының бірі – Киров су қоймасын жаңғырту. 2022 жылы басталған бұл жоба биыл толық аяқталады деп күтілуде.
– Шаған өзенінің тармағы бойынша да ірі жоба қолға алынды. Бұл – Круглоозерный аумағынан бөгетсіз бас тоғаннан басталып, Көшім ауылындағы Көшім су торабына дейінгі арна. Қазір Көшім каналында гидробекет орнатылып, үш дана қалқымалы көпір монтаж жасауға дайын тұр. Аталған жобаларды іске асыру үшін ҚР Су шаруашылығы министрлігі тендер жариялаған болатын. Бұл ретте «Толағай» мекемесі мердігер ретінде таңдалып, Шаған жобасын жүзеге асыруда, – дейді бас гидротехник.
Қазірдің өзінде 10 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалуда. Бұл жобаларға түрлі мердігер ұйымдар жауапты. Сондай-ақ үш су қоймасы – Бітiк, Дөңгелек, Пятимар бойынша да жобалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
– Тағы бір ауқымды жоба – Жалпақтал су қоймасының құрылысы. Ол Қараөзеннің бойында, Жалпақтал ауылының маңында салынбақ. Бұл нысан 28 миллион текше метр су жинауға қауқарлы болады. Құрылыс жұмыстары жаздың орта шенінде басталады деп күтілуде. Қаржысы Ислам даму банкі арқылы шешіліп жатыр. Бұған қоса, Жәнібек ауданындағы суландыру жүйесін де толық жаңғырту көзделіп отыр. Қазіргі таңда құжаттары сараптамада. Қорытынды алынған соң, «Қазсушар» РМК БҚФ өз техникасымен жұмысқа кіріспек. Бұл жоба мекеменің өз қаражат есебінен қарастырылуда. Сондай-ақ Тасқала ауданындағы Жайықбай каналы толық механикалық тазалаудан өтіп, барлық гидротехникалық құрылғы жаңартылады, – деді Қайрат Талапқалиұлы.

Қызмет сапасын арттыру үшін техникалық база да жаңартылуда. 2023 және 2024 жылдары «Қазсушардың» БҚ филиалына 45 бірлік жаңа техника алынған. Олардың қатарында «КамАЗ» көліктері, аутокран, экскаватор, тиегіш секілді арнайы техникалар бар.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»