9.07.2025, 18:00
Оқылды: 129

Шалғынға түскен орақ шалымды

Шыңғырлау ауданы бойынша барлық ауылдық округтер мен шаруа қожалықтары қысқы мал азығын әзірлеу жұмыстарына белсенді кірісіп те кетті.

ЖП дала шөп

Аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Е.Оразғалиевтің айтуынша, биылғы шөп түсімі жаман емес. Табиғи шабындықтардың жағдайы жақсы, ендігі мақсат дала өртінен сақ болып, бар шөпті уақытында орып алу.

- Шөп дайындау жұмыстары аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Барлық ауылдық округтерден апта сайын мәлімет алынып, қажетті қолдаулар қарастырылуда. Жоспарланған көлем орындалуы үшін әр ауылда шөп шабу науқаны маусым айында басталып та кетті.Бұл – қыстың қамын жаз ойлаған ел еңбегі, - деді бөлім басшысы.

Қазіргі таңда әрбір округ бойынша шөп шабу, тасымалдау және маялау жұмыстары жүруде. Шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар өз малдарына қажетті шөп қорын дайындап жатыр.

"Диас" шаруа қожалығының жетекшісі А.Исламбеков: - "Мал азығын дайындау маусымына ерте кірістік. Биыл жауын-шашын мол. Қожалықтағы барлық техника жұмылдырылып, қажетті көлемді жинап жатырмыз, "- дейді.

Шаруалар шөп жинау науқанын дер кезінде аяқтап, мал азығын жеткілікті мөлшерде дайындауға ниетті. Бұл – тек өз қожалықтарын емес, ауыл тұрғындарының да қыстан қысылмай шығуына кепіл болмақ.

Аудан бойынша 2025-2026 ж.ж. мал қыстағына 130,2 мың тонна шөп дайындалуы жоспарланды. Былтырғы дайындалған шөптің қалғаны 10 017 тонна.

Бүгінгі күнге ауылдық округ әкімдерінің мәліметтері негізінде, округтерде өткен жылдың қалған шөппен қосқанда 17 мың 627 тонна шөп дайындалды, орташа өнімділігі 3,6 ц/га. Қазіргі таңда мал азығын дайындауға 42 трактор, 18 маялағыш (стогомет), 30 шөп жинағыш (пресс-подборщик) және 60 орақ, тырма және 40 астам шаруа құрылымдары қатысуда.

Аудан бойынша бір орама шөптің орташа бағасы 3810-4245 теңгені құрап отыр.

Жалпы шөп науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Алда әлі де қыруар жұмыс бар. Бастысы – ауа райы қолайлы, еңбекке ынта жоғары. Ендігі міндет – жұмысты ұтымды ұйымдастырып, малдың қыстық азығын толықтай қамтамасыз ету.

 

                                                                                                Светлана Байтенова,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале