10.07.2025, 12:30
Оқылды: 715

Сенаторың Бәйтерек ауданына сапары

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Арман Өтеғұлов жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келіп, Бәйтерек ауданындағы бірнеше өндірістік және аграрлық нысандардың жұмыс барысымен танысты. Сапар барысында сенатор алдымен құс шаруашылығымен айналысатын жергілікті кәсіпкерлікке аялдады. Шағын өндіріс орнына "Ауыл аманаты" бағдарламасы аясында 52,7 миллион теңгеге құрал-жабдық сатып алынған. Қазіргі уақытта мұнда жас тауықтар күтімге алынып, алғашқы өнімге дайындық кезеңі жүруде.

IMG_20250710_111744_010

– Біз жұмыртқалайтын тауықтарды өзіміздің құс фабрикамыздан алдық. Қазір «күту режиміндеміз», жақында алғашқы өнімді ала бастаймыз. Құс шаруашылығы өте нәзік сала – инфекция немесе құсқа стресс бизнеске үлкен зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан мұқият болу керек, – деді кәсіп иесі.

Сенатор «Ауыл аманаты» бағдарламасының ауыл тұрғындарына үлкен қолдау екенін атап өтті. Айта кетелік, аудан бойынша биыл 54 жоба қаралып, оның ішінде 53 жоба несиелендіріліп, жалпы сомасы 526,2 миллион теңгені құрады. Бұл – ауыл кәсіпкерлігін жандандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.

IMG_20250710_111830_771

2025 жылға жоспар бойынша жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында бірқатар ауылдық округтер Дариян, Январцев, Рубежка, Байқоныс, Щапов, Белес, Көшім, Макаров пилоттық округтер ретінде таңдалды. Қазіргі таңда, 6 несие алушының құжаттары жинақталып, жалпы 86,8 млн теңгеге өтінім тапсырылды. 1 жоба 58,1 млн теңгеге мақұлданса, 1 жоба бойынша 31 млн теңге несие берілді. Жалпы биылғы жылы кәсіпкерлік бағытында аудан тұрғындарынан 500 млн теңгеге жуық өтінімдер түсті. Оның ішінде, құс шаруашылығына 69,4 млн тг, мал шаруашылығына – 289,6 млн тг, сүтті бағытқа – 34,0 млн тг, ауыл шаруашылығы техникасына – 9,8 млн тг, көкөніс шаруашылығына  4,8 млн тг, шағын бизнеске  92,4 млн тг жобалар бар.

Әлеуметтік осал топтарды қолдау мақсатында 2024 жылы ауданның 8 ауылдық округінде 10 отбасыға 8 250 000 теңге сомасына 21 бас ірі қара, 20 бас қой (1,2 млн теңге) және 1 бас жылқы (0,5 млн теңге) тауарлық несие түрінде берілді. Бұл – ауыл тұрғындарына өз кәсібін бастауға және отбасылық табысты арттыруға үлкен қолдау.

Сапар барысында Арман Өтеғұлов «Асыл түлік» бағдарламасы арқылы алынған сүтті бағыттағы ірі қара мал шаруашылығын дамыту, малды қолдан ұрықтандыру және сүтті белдеуді іске қосу жұмыстарының жай-күйімен де танысты.

IMG_20250710_111843_720
– Біз облысты сүтпен де, айранмен де өзіміз қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл бағытта мемлекеттік бағдарламалар үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті өнім – әрқашан сапалы, – деді сенатор.

Сонымен қатар сенатор генетикалық түрлендірілген өнімдер (ГМО) туралы мәселені Үкіметте көтергенін мәлімдеді.
– Бұл мәселе Үкіметке қарата айтылды. Әсіресе Денсаулық сақтау министрлігі мен өзге де құзырлы ведомстволарға қатысты. ГМО өнімдерінің елімізде нақты бақылау тетігі жеткіліксіз. Ал біздің тұтынатын тағам – бұл халықтың денсаулығы. Сондықтан бұл бағытқа ерекше көңіл бөлінуі қажет.

Келесі нысан – «Август» шаруа қожалығы. Ол негізінен картоп өсірумен айналысады. Қожалық жетекшісі Александр Мясниковтың айтуынша, жалпы шығымы 6,5 мың тоннадан асып жығылады. Сондай-ақ, қожалықтың иелігінде 4 мың тоннаға дейін көкөніс сақтайтын қойма бар.

IMG_20250710_112439_914

Сапар аясында су тасқыны кезінде бүлінген Октябрьское ауылындағы «С.И.Исаев атындағы халықаралық эксперименттік коллекциялық бақты» қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де танысу мүмкіндігі туды. Былтырғы апат кезінде әлемде сирек кездесетін сорттар жойылып кеткен болатын. Қазір ескі бақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

IMG_20250710_112520_016

Жұмыс сапарының соңында А.Өтеғұлов жаңадан ашылып жатқан «BR and G Company» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын зауытқа барды. Жобаның жалпы құны – 1,5 млрд теңге. Зауыт толық автоматтандырылған және оны алдағы бір айда толық іске қосу жоспарлануда. Зауыт жұмыс істегенде жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылады.

Сенатор кәсіп иелеріне жергілікті нарықты тереңірек зерттеу қажеттігін атап өтті және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығы мен шағын бизнесті дамытуда басты тетігі екенін айтты.

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

IMG_20250710_112811_751 IMG_20250710_112712_872 IMG_20250710_112556_449 IMG_20250710_112656_978 IMG_20250710_112410_150 IMG_20250710_112235_717

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале