Жуырда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов ауданға іс-сапармен келді. Сапар аясында ол алдымен Мерей ауылдық округіне ат басын бұрып, ауылдың тыныс-тіршілігімен танысты. Халықпен жүздесіп, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін өз көзімен көрді.

Алдымен 200 миллион теңгеден астам қаржыға салынған мәдени-сауықтыру орталығында болды. 100 орынға шақталған кешен екі мыңға жуық тұрғыны бар ауыл үшін үлкен жетістік. Бүгінде ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізіп, спортпен еркін айналысуда. Алайда, ауылдағы мәселелердің бірі мәдениет үйінің жоқтығы. Депутат апатты жағдайда тұрған ескі мәдениет үйінің ғимаратын көріп, оның сын көтермейтінін атап өтті. «Сіздің ауыл тірек ауыл болып табылады. Осындай елді мекендерде мәдениет ошақтарының болуы маңызды. Қазір қолданыстағы заң бойынша, мәдениет үйі салынуы үшін ауыл халқының саны мыңнан асуы керек деген талап бар. Мен бұл талапқа қарсы пікір білдіріп келемін. Себебі қай ауыл болмасын, мәдениет үйі, спорт кешені, мектеп сияқты әлеуметтік нысандарсыз жастарды ауылда ұстап қалу қиын. Сондықтан шекаралық аумақтағы ауылдарда мәдени ошақтар болуы міндетті. Алдағы уақытта 2026–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет талқыланғанда Үкіметке осы мәселе жөнінде ұсыныс білдіремін, - деді депутат.

Одан кейін халық қалаулысы жаңадан ашылған «Асыл ана» мейрамханасының жұмысымен танысты. Кәсіпкерлікке бет бұрған азаматтың ісін құптап, ауылда осы бағыттағы шағын және орта бизнес дамуы қажет екенін атап өтті. «Бірі әнші, бірі ұстаз, бірі кәсіпкер болады. Бастысы сол кәсіп арқылы отбасын асырап, елге пайда келтіру. Бизнес арқылы жұмыс орындарын ашып, мемлекетке салық төлеп, ел экономикасының дамуына үлес қосу үлкен іс. Ауыл тек мал мен егінмен шектелмеуі тиіс. Мұнда көлік жөндеу шеберханасы, шаштараз сияқты қызмет түрлері де болуы қажет. Мемлекетіміздің экономикасын тұрақтандыратын болсақ орта және шағын бизнес үлесін көбейтуіміз қажет. Сонда ғана жұрт жаппай қалаға ұмтылмайды, - деді ол.

Сапар барысында депутат Бірлік елдімекенінде орналасқан «Феррум контракт» ЖШС-нің «Su+» ауыз су өндіру цехына да барды. Аталмыш кәсіпорын тәулігіне 30 мың литрге дейін сапалы ауыз су шығарып, тек жергілікті тұрғындарды ғана емес, өңірдің басқа да елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Су өндіру және құю процестері толықтай санитарлық талаптарға сай жүргізіледі. Сонымен қатар, зауыт жергілікті халықты жұмыспен қамтып, ауыл экономикасына үлес қосуда. Депутат кәсіпорын жұмысымен жан-жақты танысып, өндірістік қуаттылығы, пайдаланылатын технологиялар мен жұмысшылардың еңбек жағдайлары жөнінде ақпарат алды. Сондай-ақ, кәсіп иесінің өнім өткізу, логистика және техникалық жаңғырту бағытындағы ұсыныстарын тыңдады.
Сапар соңында халық қалаулысы Ақтау ауылындағы «Жаукенов» жеке кәсіпкерлігінің металл бұйымдарын соғу цехына барып, өндіріс барысымен танысты. Бүгінде шеберханада түрлі қақпалар, қоршаулар, сәндік металл құрылымдар мен тұрмыстық бұйымдар қолдан жасалады. Кәсіпкер қолөнер мен шағын бизнесті дамытудағы мемлекеттік қолдау шаралары туралы пікір білдіріп, шикізат мәселесі, заманауи құрал-жабдықтар мен өнім өткізу жолдарына қатысты ұсыныстарын жеткізді. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы арқылы 2,9 миллион теңге көлемінде қаржы алдым. Бұрыннан осы іске қызығушылығым бар еді. Қолымнан келеді, бұрын аппарат болмаған кезде бәрін қолдан жасап жүрдім. Енді осы істі кеңейтіп, дамытқым келеді, - деді кәсіпкер.

Мәжіліс депутаты аудан тұрғындарының ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ асып, аталған мәселелерді республикалық деңгейде көтеретінін атап өтті.
Болат Бек,
Тасқала ауданы