11.07.2025, 16:45
Оқылды: 186

Ветеринариялық қауіпсіздік – маңызды  міндет

Өткен  жылдан  бастап  елімізде 10  шілде  күні ветеринария қызметкерлерінің кәсіби  мерекесі болып  бекітілді.  Бұл  атаулы  күннің  белгіленуі  жануарлардың  ауруларының  алдын  алу,  емдеу,  жануарлар  өнімдерінің    қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету  жолында  қызмет  етіп  отырған  ветеринар  мамандардың  еңбегіне  деген  құрмет  болып  табылады.  Осынау  мереке  күніне  орай  оқырмандар  назарына  өңіріміздегі  ветеринариялық  қызметтің  дамуы  мен  жеткен  жетістіктері  туралы облыстық  ветеринария  басқармасының  басшысы  Абзал Бралиевтің  сұхбатын ұсынуды  жөн  көрдік.

Абзал Бралиев

– Абзал Серікұлы, кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Егемендігіміз нығайып, уақыт көші алға жылжыған сайын ветеринария саласында   оң өзгерістер орнығуда  емес  пе?!

– Рақмет. Кеңес Одағы ыдырап, өткен ғасырдың 90-жылдары шаруашылықтар шатқаяқтаған тұста еліміздің ветеринария саласында да үлкен қиыншылықтар болды. Қоғамда ветеринарлардың беделі түсіп, тіпті олардың қызметін қажетсінбейтін жағдайға жеткеніміз жасырын емес.
Алайда кейін егемендігіміз нығайып, есімізді жия бастаған шақта «Медицина – адамды, ал ветеринария – бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөздің ұран емес, күнделікті тірліктегі қажеттілік екеніне көз жетті. Мемлекеттік деңгейде ауыл шаруашылығы саласына басымдық беру арқылы ветеринария саласының тамырына да қан жүгірді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің  ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шараларды қабылдау, соның ішінде сала қызметін цифрландыру, малдәрігер мамандардың еңбекақысын жоғарылату туралы тапсырма берді. Президент тапсырмасына сәйкес ветеринария жүйесін реформалау іс-шаралары аясында облысымызда ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын нығайту және кадрлық әлеуетін көтеруге  ерекше  көңіл  бөлінуде.

– Абзал Серікұлы, ғаламдық бәсекелестік заманда өсірген мал, одан өндірілетін ет, сүт өнімдерінің сапасына ерекше назар аударылуда. Осы тұста соған бақылау жүргізетін, түрлі аурудың алдын алу үшін екпе салатын, қан талдауын жасайтын, тұрғындардың малына сырға салатын да, сол жануарлардың ветеринариялық төлқұжатын жасайтын да ветеринарлар екені белгілі. Солай бола тұра, олардың жағдайы айтарлықтай жақсы емес еді. Қазіргі уақытта қандай оң нәтижелер  бар?

– Бүгінгі күні облыстың жергілікті ветеринариялық қызмет саласында  Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің ветеринария басқармасы мен оған бағынысты Орал қалалық және 12 аудандық ветеринариялық станса жұмыс істейді. Қызметіміздің басты міндеті – өңіріміздің ветеринариялық қауіпсіздігі мен эпизоотиялық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Жергілікті ветеринариялық қызмет жүйесінде 24 мемлекеттік қызметші, 600-ге жуық ветеринар маман қызмет атқарады. Биыл облыстың ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 4,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның ішінде жергілікті бюджет қаржысы 4,1 млрд теңгені немесе 89%-ды құрайды. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 28%-ға өсті. Қаражат көлемінің өсуі мал дәрігері мамандарының жалақысын көтеруге, ветеринариялық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз  етуге  мүмкіндік  берді.

Ветеринария жүйесін реформалау іс-шаралары нәтижесінде ветеринар мамандардың еңбекақылары жыл сайын кезең-кезеңімен өсіп отыр. Өткен жылдан бастап мал дәрігерлеріне патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істегені үшін 50%-ға дейін қосымша ақы және екі лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Қазір ветеринар дәрігер орташа есеппен 309-320 мың теңге, ветеринариялық фельдшер 244-256 мың, ветсанитар 190 мың  теңге  еңбекақы  алады.

– Иә, дұрыс болыпты. Өйткені ветеринарлардың қызметі қауіпсіз емес. Олар жұқпалы мал ауруларын зерттеуге материал алады, мал өлексесін сойып қарайды,  құтырған мал мен ит-мысықты да қарайды. Ағымдағы жылы өңірде төрт түлікті сақтау үшін қандай шаруалар тындырылды?

– Ветеринар мамандар күнделікті қызмет барысында сібір жарасы, туберкулез, аусыл, қарасан, нодулярлы дерматит, маңқа, құтыру, бруцеллез сияқты жұқпалы мал ауруларын диагностикалау және олардың алдын алу бағытында вакцинациялау жұмыстарын жүргізеді. Бұл аталған індеттердің адам денсаулығы мен өміріне қауіпті екенін көпшілік жақсы біледі. Ағымдағы жылы облыс бойынша аса қауіпті 12 ауруға қарсы 11 млн бас ауыл шаруашылығы жануарын вакцинациялау, 11 ауру түрі бойынша 2,2 млн бас малды диагностикалық тексеруден өткізу жоспарланып отыр. Бірінші жартыжылдық қорытындысымен облыста 4,7 млн бас түлік вакцинацияланды. 421,5 мың бас мүйізді ірі қара, 519,8 мың бас ұсақ мүйізді қара бруцеллез  ауруына  тексеруден  өтті.

Жыл басынан бері облыс аумағында жануарлардың арасында үш құтыру ошағы  тіркелді. (Бөкей ордасы – 2, Казталов – 1) Барлық жағдайда тиісті ветеринариялық іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізіліп, ауру ошақтары жойылды. Бүгінгі күнге облыс аумағында эпизоотиялық жағдай тұрақты, аса қауіпті  мал  аурулары  жоқ.

Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жоспарына сай облыста 512,5 мың бас жануарлар бірдейлендіріліп, есепке қойылды. Облыста бірдейлендіру іс-шараларына жүргізуге қажетті сырға бұйымдарының қоры жеткілікті. Қаңғыбас иттерді аулау және биозарарсыздандыру жұмыстары бойынша жыл басынан бері 1334 қараусыз ит-мысықтар ауланды. Соның оның 730-ы биозарарсыздандырудан өткізіліп, тіршілік ортасына жіберілді, ал қалған 604 бұралқы ит тұрғындардың өтініші негізінде жансыздандырылды. Облыс бойынша үй жануарларына арналған дерекқорда 25908 ит-мысық тіркелген, соның ішінде 6390-ның иесі  бар.

Ауылдық жерлерді мал қорымдарымен қамту – ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Облыста 260 мал қорымы бар, соның 65-і – типтік үлгіде. Соңғы үш жылда сегіз типтік үлгідегі мал қорымы салынды. Бұл күндері төрт мал қорымының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 24 жаңа қорым салынып, қолданысқа беріледі. Одан басқа сібір жарасы көмінділері орындарына цемент-бетонды қоршау орнату жұмыстарына 2024-2025 жылдары 46,7 млн теңге қаражат  бөлініп, 222  көмінді  қоршалды.

– Абзал Серікұлы, ауылдық елді мекендердегі ветеринар мамандардың жұмыс жағдайын жақсартуға көңіл бөлініп жатқаны жайында жақсы лебіздер жиі естіледі. Өйткені өңірде жыл сайын жаңа ветеринариялық пункттер салу оң үрдіске айналған. Осы  туралы  айта  кетсеңіз. 

– Қазіргі кезде облыс бойынша 147 ветеринариялық пункттің 65-і ғимараттармен қамтылған, 82-сіне ауылдық округ әкімдіктері ғимараттарынан бөлме берілді. Былтыр төрт жаңа ветеринариялық пункт – Бөкей ордасы ауданындағы Бисен, Қаратөбе ауданындағы Егіндікөл және Қоржын, Теректі ауданындағы Аңқаты ауылдарында салынып, пайдалануға берілді. Биыл кәсіби мереке қарсаңында Тасқала ауданының Мереке және Аманкелді, Сырым ауданының Қособа және Бұлдырты, Шыңғырлау ауданының Ақтау, Ардақ және Бәйтерек ауданының Январцево ауылдық округтерінде жеті жаңа ветеринариялық пункт  пайдалануға берілді. Олардың әрқайсысының құны – 15 млн теңге. Жалпы аумағы 62 шаршы метрді құрайды. Әр пунктте үш ветеринариялық қызметкер жұмыс істейді. Жыл соңына дейін жаңадан бір аудандық  ветеринариялық станса және 30-ға тарта ветеринариялық пункт ғимараттарын қолданысқа енгізу  көзделіп  отыр.

Облыста ветеринариялық стансалардың қызметтік аутокөліктерін жаңғырту мәселесі табысты шешімін табуда. 2023-2024 жылдары жергілікті ветеринариялық ұйымдарға құны 465,5 млн теңге
құрайтын 43 бірлік көлік сатып алынды. Бүгінгі мереке күні ветеринар мамандарға 106 бірлік қызметтік аутокөліктің кілті табысталып, ветеринариялық стансалардың аутокөліктері толықтай жаңартылды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен бөлінген 827 млн теңге жұмсалды. Оған қоса, ветеринар мамандар қажетті ветеринариялық құрал-жабдықтармен, арнайы киімдермен және ветеринариялық препаратты сақтауға арналған тоңазытқыштармен қамтамасыз етілуде. Ветеринария саласына қарасты мекеме-кәсіпорындардың әлеуетін нығайту бағытындағы жұмыстар облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта  да  жалғасады  деп  білеміз.

– Қай салада болмасын, мамандардың білім-біліктілігін арттыру, кәсіби дамуын қамтамасыз ету және салаға инвестиция тарту мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Осы бағыттағы жұмыстарға  тоқтала  кетсеңіз?

– Ветеринария басқармасы  мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Жыл сайын ветеринариялық станса мамандарына арналған көшпелі облыстық ғылыми-практикалық семинарлар (2023 жылы Бөкей ордасы, 2024 жылы Қаратөбе аудандарында) оздырылды. Сондай-ақ сала қызметкерлері Біріккен Ұлттар Ұйымының азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) семинар-тренингтеріне қатысып, білімдерін жетілдіріп  жүр.

тасқала ауданындағы Мереке ауылдық округіндегі ветеринария пункті

Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Осыған орай айтар болсақ, әр маманның кәсіби дамуы мен табысты еңбегінің астарында денсаулығы, салауатты өмір салты мен рухани сергектігі жатыр. Сондықтан ветеринария саласындағы қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануына барынша жағдай жасалуда. 2024 жылдан бері Ветеринария қызметкерлері күні қарсаңында өңір ветеринарлары арасында волейболдан дәстүрлі турнир ұйымдастырылады. Сондай-ақ 2021 жылдан бастап қызметінде ерекше жетістікке жеткен, үздік деп танылған мамандарға Батыс Қазақстан облысы ветеринария қызметі қызметкерлерінің кәсіподағы ұйымы атынан Сарыағаш, Ақжайық шипажайларына жолдамалар табысталуда. Бүгінгі күнге дейін 155 қызметкер шипажайларда демалып, емдік-сауықтыру  шараларынан  өтті.

Облыстың ветеринария саласында 80 жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды. Соның ішінде 33 мал сою ұйымы, бес ветеринариялық емхана және 42 ветеринариялық дәріхана қызмет көрсетеді. Жеке кәсіпорындарда 320 ветеринар маман еңбек етеді. 2025 жылы Жаңақала және Теректі аудандарында жаңа мал сою пункттері іске қосылды. Салынған жеке инвестиция көлемі 36 млн  теңгені  құрайды.

Жалпы, 2025 жылы ветеринария саласында қызмет көрсететін кәсіпкерлер қатысымен жалпы 528 млн теңге қаражатқа кәсіпорын қызметін нығайту және кеңейту мақсатында алты жоба жүзеге асырылады. Соның ішінде жаңа мал сою нысандарын ашу, оларды жабдықтау, қызметтерін аутоматтандыру және кеңейту бағытында жұмыстар атқарылуда. Мысалға, Орал қаласында орналасқан «Зоо Doctor» ЖШС (басшысы – Максим Страмоусов) 100 млн теңге қаржысын жұмсап, ветеринариялық емханаға заманауи құрал-жабдықты  орнатады.

– Сұхбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті, бүкіл адамзатты емдейтін сала  дами  берсін
дейміз.

Гүлбаршын  Әжігереева,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале