«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша Янайкин ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.

Жаңа нысанның ашылу салтанатына ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Қаналиев, мердігер компания басшылары, сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты.

- Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес шалғай ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсету – негізгі басымдықтардың бірі. Кеше ғана «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы ауданымыздың Переметный, Белес станцияларында тұрғындардарды қабылдауы соның бір айғағы. Ал бүгін Атамекен мен Янайкин ауылдарында жаңа амбулаторияның есігі ашылып отыр. Бұл – ауыл жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Бұған дейін Янайкинде жаңа мектеп бой көтерсе, енді заманауи жабдықталған медициналық мекеме пайдалануға берілді. Енді тұрғындарға сапалы медициналық көмек өз ауылдарында қолжетімді болады. Бұл игілік ауылдың дамуына серпін береді, — деді салтанатта іс-шарада алғаш сөз алған Ерлан Ерсайынұлы.

Ауыл ақсақалы Темірғали Жанболатов ақ батасын беріп, ел игілігіне берілген нысанның ауыл үшін маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол ауылішілік жол мәселесі өзекті екенін жеткізіп, алдағы уақытта ол да шешімін табарына сенім білдірді.
Мердігер мекеме өкілі Марлен Иманғалиев жаңа нысанның символық кілтін ауыл фельдшері Данагүл Нұрғалиеваға салтанатты түрде табыстап, ауыл халқына құттықтауын жеткізді.

Жаңа емдеу нысанының ашылуына ауыл тұрғындары да дән риза. Соның бірі, ауыл тұрғыны Николай Чернаков. Оның сөзінше, бұрын Янайкинде мұндай медициналық мекеме болмаған. «Мұндағы түрлі кабинеттер, ондағы заманауи медқұрылғылар ауылдастарымның сапалы медициналық көмек алуына сеп болады деп ойлаймын. Енді бұдан былай медициналық көмек алу үшін аудан орталығына сабылудың қажеті жоқтығын естіп қуанып тұрмын» деді ол.
Жаңа амбулаторияға жетекшілік жасайтын ауыл фельдшері Данагүл Темірболатқызы осы салада еңбек етіп келе жатқанына жиырма жыл болған. «Янайкин ауылына фельдшерлік қызметке келгеніме төрт айдан асты. Осыған дейін Үлкен Шаған ауылында еңбек еттім,-дейді ол.- Бұрын ФАП ретінде жұмыс істесек, енді амбулатория болып жатыр. Мұнда қабылдау, дәрігер, күндізгі стационар, физио және реабилитациялық кабинеттер, екпе және процедуралық бөлмелер, дәріхана бар. Ауыл тұрғындары көрсетілетін медициналық риза болады деп ойлаймын».


Салтанат Серікбайқызы
Бәйтерек ауданы