Бүгін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Әскери кафедра білім алушыларының әскери ант қабылдау рәсімі өтті.

Әскери кафедра бітірушілерін құттықтаған университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов бұл күннің тарихи әрі тағылымды мәні зор екенін атап өтті. – Бұл – жай ғана рәсім емес, нағыз ер азаматтың ел мен жер алдындағы серті, Отанға деген адалдығының белгісі. Ант қабылдау арқылы сіздер үлкен жауапкершілік пен сенім жүгін арқалап отырсыздар. Биылғы оқу жылында әскери кафедраны 300-ден астам студент аяқтап, олардың 200-і – запастағы сержант, ал 124-і – запастағы офицер шенін иеленді. Бұл – тек сан емес, сапалы дайындық пен темірдей тәртіптің жемісі. Олардың арасында оқу-жаттығу жиындарында тәртібі мен үлгерімі жағынан үздік деп танылған, сондай-ақ қоғамда да өзінің батылдығымен және ержүректілігімен ерекшеленген студенттер бар екенін мақтанышпен атап өткім келеді. Мысалы, Ақназар Әділқайыр әскери дайындық кезінде үздіктер қатарынан көрінсе, Есжан Сүлейманов пен Нұрислам Тәңірберген көпқабатты үйде болған өрт кезінде іште қалып қойған әйел адамды құтқарып, нағыз батырлық пен ержүректілік танытты. Бұл – біздің студенттеріміздің білім мен тәртіпте ғана емес, өмірдің сын сағатына да дайын екенін көрсететін айқын дәлел. Осындай жас буынмен Отанымыздың болашағы сенімді қолда деп нық айта аламыз, – деді Асқар Мырзахметұлы.
Салтанатты шара барысында өрт оқиғасы кезінде батылдық танытып, адам өмірін құтқарған Әскери кафедра студенттері Есжан Сүлейманов пен Нұрислам Тәңірберген университет ректорының және БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметовке ҚР Қорғаныс министрлігінің алғыс хаты табысталды.

Шараға қатысқан әскери бағыттағы «Ақжайық қырандары» жазғы балалар лагерінің демалушылары да патриоттық әндерін шырқап, кафедра студенттерімен бірге саппен жүріп өтті. – Балаларды бұл шараға алып келудегі мақсатымыз – олардың әскери өмірге деген қызығушылықтарын арттыру, патриоттық рухтарын шыңдау және әскери ант қабылдау рәсімінің қалай өтетінін көрсету, – деді аталған лагерьдің командирі Дәулет Джуртканов.
БҚАТУ медиа орталығы