Жәнібек ауданында кәсіпкерлік саласы, соның ішінде халыққа қызмет көрсету жылдан жылға қарқынды дамып келеді. Биыл да осындай игі істер жалғасын табуда. Бүгін аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсету бағытында ауданның жас кәсіпкері Гүлнар Жұмаева аудандық мансап орталығы арқылы жаңа бизнес идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз грант алып, тіс емханасын ашты.
Стоматологиялық тіс емханасының ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Жаннұр Ахметов: «Тіс саулығы – жалпы денсаулық негізі. Медициналық қызмет түрленінің арасынан тіс дәрігерінің еңбегі ерекше. Жаныңа батқан сәтте емін іздеуге кірісетін тіс мамандарының қызметі бүгінде сұранысқа сай.
Халқымыздың «дені саудың, жаны сау» деп айтуы да бекер емес. Сол себепті баршаңызға зор денсаулық, бас амандығын тілеймін. Ісіңіз оңынан болсын,- деп өзінің жылы лебізін білдірді.
Гүлнар Бейімбетқызының айтуынша, ауыл тұрғындарына сапалы және қолжетімді стоматологиялық көмек көрсетілетін болады. Емхана толықтай заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. Қызметтер қатарында тіс жегісін емдеу, тазалау, жұлу, пломба салу және профилактикалық тексеру бар.
Емхана лентасы қиылғаннан кейін ақ пен бауырсақтан ауыз тиген аудан халқы ішке беттеді.
Гүлзара Мәди
Жәнібек ауданы