Ұялы ауылдық мәдениет үйінің өнерпаздар ұжымы «Ел бірлігі – асыл қазына» атты мерекелік концертін сайқындық көрерменге ұсынды.

Кеш шымылдығы әйгілі Хан Тәукенің тұсында дүниеге келген «Жеті жарғы» заңнамасының жазылу сәті бейнелеген сахналық қойылыммен ашылды. Ұялылық өнерпаздар ұлттық киімдерін жарастыра киіп, сахна төріне хан тағын қойып, көрерменді бір сәт өткен ғасырларға жетелеуге тырысты.

Ата Заңымыздың 30 жылдық мерейтойына арналған бұл кештің осындай тағылымды тарихи көрініспен басталуы өте орынды болды. Хан Тәуке мен билердің өнегелі диалогтары Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын» поэмасымен жалғаса түсті.

Бұл туындыны сахна төрінде Н.Сәрсенғалиев, Ә.Бекқалиева және Я.Сағын тебірене оқып берді Ұялының өнерлі ұжымы «Ақ кимешек» әжелер ансамблі де халық әндерімен кештің көркін аша түсті, келіндері де әнші әжелермен бірге тамылжыта ән шырқады. Бүгінде еліміздің әр өңіріндегі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген ұялылық студенттер де өнерден шет қалмай, сахна төрінде «Ерке сылқым» күйін орындады.

Жергілікті бишілер тобының қыздары да көрерменнің қошеметіне бөленіп, көңіл-күйді көтере түсті. Сондай-ақ Ә.Тұяққали, А.Амангелдиева, Ә.Бекқали, Ұ.Дөкеева, А.Бегішанова, Н.Сәрсенғалиев т.б өнерпаздар жарқын өнерлерімен тәнті етті.
Нұрай Таубай
Бөкей ордасы ауданы