Казталов ауданы, Жалпақтал ауылының қос түлегі Қазақстан Республикасының құрметті академигі Меңдеш Есқалиев пен жұбайы, білім саласында 54 жыл үздіксіз еңбек еткен оқу ағарту ісінің үздігі Рая Жалғасова туған жеріне келіп, алтын ұя мектептерінде қонақта болды.

Мәртебелі меймандарды қарсы алған Ғинаят Молдашев атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің директоры Мәншүк Жексенова мектептің көрікті жерлерін көрсетіп, қонақтар жиі бас сұғатын мектеп музейін аралатты.
Меңдеш Досмұхамбетұлы мен Рая Жалғасқызы екеуі бір сыныпта оқыған Фурманов орта мектебінің 1955 жылғы мектеп түлегі. Биыл олардың мектеп бітіргендеріне 70 жыл толып отыр.
Меңдеш ақсақал Киров атындағы Қазақ мемелкеттік институтының экономика факультетін бітіріп, Алматы автомобиль жөндеу зауытында экономист, Алматы қаласының комсомол органдарында жемісті еңбек етіп, 1971 жылы аспирантураны тәмамдап, Алматы шет тілдер педагогикалық институтында аға оқытушы болып жұмыс жасаған. 1973 жылы доцент атанып, 1990 жылы Қазан университетінен профессор атағын алған. 1970 жылдан күні бүгінге дейін Абылайхан атындағы қазақ-халықаралық университетінде еңбек етіп келеді. Ғылым докторы, академик, профессор. 2024 жылы Қазақстанның құрметті академигі атағын алған. 16 монография, 16 оқулық, 12 кітап жазған.

Ал жан жолдасы Рая Жалғасқызы 1961 жылы Орал педагогикалық институтын тамамдап, 1961-2013 жылдар аралығында мұғалім болып қызмет атқарған. Оқу-ағарту ісінің үздігі, Алтынсарин медальінің иегері. Білім саласында 54 жыл үздіксіз еңбек етіп келеді. Москва қаласындағы Республикалық балалар энсиклопедиясына еңбегі жарияланған ұстаз.
Кездесу барысында мәртебелі қонақтар еңбек жолдарынан сыр шертіп, алтын ұя мектептеріне кітаптарын сыйға тартты.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы