15.07.2025, 9:45
Оқылды: 336

Табиғаты әсем, халқы ұйымшыл Қызылжар жаңа тұрғындарын асыға күтеді

Таңмен таласып, жолға шықтық. Мақсатымыз – Теректі  ауданының  Шағатай ауылдық округіне қарасты Қызылжар ауылындағы мектептің  жалпы жағдайымен танысу, сондай-ақ жергілікті жұртпен өзге де көкейкесті мәселелерді талқылау, шешімін табуға жәрдемдесу. 

Зулфат

Күн шұғыласын шашқан шақта Шағатай ауылына жеттік. Ауыл әкімдігінде бізді Шағатай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Зүлфат Кенжеғалиева қарсылады.

DSC01683

Амандық-саулықтан соң әңгіме ауаны Қызылжар мектебіне ойысты. Осы мектептің жабылу қаупі бар екенін естігенімізді айттым. Қызылжарлықтар тоғыз жылдық білім ошағын сақтап қалу мақсатында ұйымшылдықпен ақша жинап, бір үйді сатып алыпты. Сатып алып қана қоймай, үйді жөндеп, ретке келтіріп қойған. Демек мал ұстауды, ауылды көркейтуді мақсат тұтқандарға ешқандай кедергі жоқ, ең бастысы, баспана дайын. Егер Қызылжарға бала-шағалы отбасы көшіп келсе, алдына мал салып береді екен ауылдың Атымтай жомарт азаматтары.

DSC01540

– Қызылжар ауылы «Қаладан ауылға» пилоттық жобасына енді. Үй дайын. Қоныс аударғандарға қолайлы жағдай туғызып, олардың жұмысқа орналасуына да жәрдемдесеміз. Былтыр аталған ауылға математика пәнінің мұғалімі Шынар Өтепова көшіп келді. Оның бір баласы бар. Тағы бір отбасы қаладан Қызылжарға қоныс аударған еді. Өкінішке орай, ол жанұя ауыл тірлігіне үйлесе алмай, кері көшіп кетті. Алдағы жаңа оқу жылына дейін қаладан Қызылжарға қоныс аударғысы келетін жанұялар табылады деген ойдамын. Аталған ауылдағы тұрғындардың жалпы саны – 268. Мектепте 30 маман жұмыс істейді. Оның 18-і – мұғалім. Қызылжар мектебіне 2014 жылы көгілдір отын жетті. 2019 жылы осы ауылда балаларға арналған ойын алаңы салынды. Ауылдың маңы өзенкөл, орман-тоғай, Қызылжардың табиғаты керемет!

Мойыл, бүлдірген, қарақат, жиде деген жемістеріңіз су тегін. Көшіп келген кісі мал ұстайды, балық аулайды. Қызылжар – бау-бақша салуға да керім жер. Жанға жайлы, шаруаға, тұрмыс-тіршілікке қолайлы Қызылжардай елді мекен жаңа тұрғындарын асыға күтеді, – дейді Зүлфат Кенжеғалиева.

Пакизат

Айта кетейік, Шағатай ауылдық округінің құрамында Қызылжар, Қоғалытүбек, Құтсиық секілді ауылдар бар. Қызылжар мен Қоғалытүбекте 9 жылдық мектеп жұмыс істеп тұр. Құтсиықтағы мектеп бұрындары жабылып, бұл ауылда қазіргі таңда 10 шақты жанұя ғана қалған. Олар мал шаруашылығымен айналысады екен. Ал Қоғалытүбектегі мектепте оқушы саны жеткілікті көрінеді. Осы төрт ауылда 1613 тұрғын өмір сүруде. Ал Шағатай ауылының өзінде 1009 тұрғын. Шағатайда мектеп, балабақша, мәдениет үйі, кітапхана жүйелі жұмыс істеуде. Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі, уақытша директордың міндетін атқарушы Пәкизат Мергенқызының айтуынша, мектепте жалпы саны 67 қызметкер бар. Білім ошағына химия пәнінің мұғалімі қажет. Бұл мектептің оқушылары бүгінгі таңда пәндік олимпиадалардан жүлде алып, жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Түрлі үйірме жүргізіледі. Ал Шағатай ауылдық мәдениет үйінің директоры Жанна Әубәкірованың сөзіне сүйенсек, мәдениет үйінде 10 шақты маман қызмет атқарады. Жүйелі түрде түрлі шаралар, концерттер өткізіледі. Аудан құрамындағы ауылдарға гастролдік сапарларға шығады. Тұрғындарға кинофильмдер жиі көрсетіледі.

Жанна аубакирова

– Алдағы уақытта Шағатай ауылына кіреберіс жол салынатын болады. Ауылішілік жолдарды да салу жоспарда бар. Қоғалытүбектің жастары қаржы жинап, өз ауылдарына аялдама тұрғызуда. Қызылжар ауылындағы электр желілері ауыстырылады. Шағатай мен Қоғалытүбекке ойын алаңдары салынбақ. Өз басым 2017 жылы Шағатай ауылдық әкімдігіне жетекші маман болып жұмысқа орналастым. Биылдан бастап бас маманмын. Ауылдың көркеюі үшін ерінбей-жалықпай еңбек етіп келеміз. Қызылжар ауылына бағалы-шағалы жанұялар көшіп келсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мектептің жабылмағаны жақсы, мектеп жабылмаса, баспаналар бұзылмайды, – деді Зүлфат Аманжолқызы.

DSC01516

Қызылжардағы негізгі мектепте 2024-2025 оқу жылында 29 оқушы оқыған. 2025-2026 оқу жылында аталған мектепте 27 оқушы болады деген жоспар бар. Жалпы, бұл білім ошағында 30 қызметкер жұмыс істейді. Оның 18-і – мұғалім.

Махамбет

Қызылжар негізгі мектебі шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Махамбет Абылғазиев мектепті аралатып шықты. Сыныптарда түрлі көрнекіліктер, заманауи үлгідегі орындықтар, үстелдер  бар.

Оразай

– Мен – қазіргі таңда зейнеткермін. Біраз жыл әуелі мұғалім, бертін келе директор болып Қызылжар мектебінде қызмет істедім. Тұрғындардың жағдайы жақсы.

Кез келген ата-ана кішкентай баласын интернатқа оқуға  жібергісі келмейді. «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы бойынша ауылымызға кімде-кім көшіп келетін болса, қол ұшын созатын азаматтар жетерлік. Өз басым көшіп келген жанұяға бір қой беремін, – дейді 1984-1994 жылдар аралығында он жыл бойы Қызылжар мектебінің директоры болған ардагер ұстаз Оразай  Иманбаев.

Оразай Сейілханұлының жұбайы да өз ойын ортаға салды. Ол Қызылжар мектебінде бірнеше жыл бойы ұстаздық қызмет атқарған, физика пәнінен сабақ берген.

– Біздің ауыл – сүттей ұйып отырған елді мекен. Ауылдастарымыз өте ұйымшыл. Балаларымыз осы ауылдағы мектепті бітірді. Мектептің жабылмағаны жақсы. Жол салынып жатыр, су келіп тұр, газ бар. Енді тек мектеп жабылмаса екен деп тілейміз. Мектеп жабылар болса, ауылдан біраз адам көшіп кетеді. Осы жанымызға батады. Көшіп келгендерге қолымыздағы барымызбен бөлісіп, тіпті көрпе-көпшігіне дейін түгелдеп береміз. Тек мектеп жабылмаса екен, – деді Гүлшат Иманбаева жанарына жас  үйіріле.

Осы ауылдың тұрғыны, жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек еткен Болат Ғұбайдуллин де ауылға көшіп келген балалы-шағалы жанұяларға бұрын да қолғабыс еткенін, қазір де көмектесуге дайын екенін айта келе, бір қой беретінін  тілге  тиек  етті.

*  *  *

Асылжан Сармалаев

Қызылжардың көшесінде бір балақай ойнап жүрді. Ол не ойлап жүрді... Ол мектебін ойлап жүр. Ол мектебінің жабылғанын қаламайды. Өзі солай деді. Жалғыз ғана сыныптасы бар екен. Соны қимайды. Мектеп жабылса, екеуі  екі  жаққа  кетуі  мүмкін. – Мен биыл 5-сыныпты бітірдім. Сабақтар қызықты өтеді. Мен мектептің жабылғанын қаламаймын. Ата-анамның, бауырларымның қасында болғым келеді, – дейді Асылжан Сармалаев.

*   *   *

Қызылжар ауылында қазіргі таңда 10 үй бос тұр. Біразына газ кіргізілмеген. Тұрғындар бірігіп, арнайы ақша жинап, үй сатып алғанын айтып өттік. Сол үйді көріп, бөлмелерге жөндеу жұмыстары жүргізілгеніне көз жеткіздік. Түрлі-түсті түсқағаздарды жапсырып, жуып-тазалап қойыпты. Бұл – ауыл тұрғындарының ұйымшылдықпен атқарған жұмысы.

Осы игі шаруаның басы-қасында ауыл жастарының жетекшісі Нұрбол Іңкәров жүріпті. Біз күндіз Елтайдың Нұрболымен жолыға алмадық. Себебі ол ауылда болмады. Далада шөп шабуда екен. Оның шөп шауып жатқан жеріне де баруға болар еді. Жұмысына кедергі келтіруді жөн көрмедік. Содан ауылға енді келді-ау деген уақытта, қас қарая бастағанда Нұрболдың шаңырағына  қарай  аяңдадық.

Нурбол

– Ауыл тұрғындарынан 250 000 теңге жинап, үй сатып алдық. Ауылда жастар аз. Өзім үйленгенмін, екі балам бар. Трактормен шөп шабамын. Қыркүйекке дейін шөп шауып, оны сатамын. Қыста ірі қара бордақылаймын. Трактор бұзылған жағдайда, оны өзім оңдап аламын. Батыс Қазақстан индустриалды колледжін тәмамдадым, мамандығым – токарь. Орал қаласындағы «Зенит» зауытында жұмыс істедім. Техниканың тілін білемін. Алдағы уақытта ауылға футбол алаңын салғымыз келеді, –  дейді  Нұрбол  Іңкәров.

DSC01553

*  *  *

...Айналасын табиғи жасыл желек – орман-тоғай көмкерген, іргесінде Жезбұғадай көлі бар, екі-үш шақырым жерде ерке сылқым Ақ Жайық ағып жатқан көрікті мекен Қызылжардан біз ертеңіне жақсылық тілеп  аттандық.

Қамыстыкөлдіктер  де  мектептің жабылғанын  қаламайды

Ақжайық ауданындағы Көнеккеткен ауылдық округінің құрамындағы Қамыстыкөл ауылы да биыл «Қаладан ауылға» жобасына енген. Алайда көшіп келуге ниетті жандар табыла қалса, Қамыстыкөлде дайын тұрған үй  жоқ. Бос тұрған баспаналар болғанмен, оларда тұрмысқа қолайлы жағдай жасалмаған көрінеді. Осы іссапар барысында Көнеккеткенге де жол түсті. Көнеккеткен ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қасым Айтқалиевтің мәлімдеуінше, аталған елді мекенде бастауыш  мектеп  бар.

DSC01493

– Көнеккеткен ауылында мәдениет үйі салынуда, қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Жаңадан салынған фельдшерлік-акушерлік пункт қазіргі таңда қолданыста. Ащы өзені көпірінің құрылысы мен Құтсиық ауылынан Есенсай ауылына дейінгі жол құрылысын жүргізіп жатқан «Uniserv» ЖШС. Көнеккеткен ауылдық округінің орталығында О. Исаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп бар. Мектепте 30-ға жуық  мұғалім қызмет істейді.

DSC01468

2024-2025 оқу жылында 119 оқушы болды. Көнеккеткеде екі пәтерлі қос үй салынып жатыр. Бұл баспаналар табыс-кірісі аз жанұяларға және мүгедектігі бар жандарға берілмек. Көнеккеткен мектебінің 40 орындық интернаты бар. Оқушылардың білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ұялы байланыс бар, ғаламтор қолжетімді. Қамыстыкөлдегі мектептің жабылғанын қаламаймыз. Себебі мектеп жабылса, тұрғындардың біразы ауылдан көшіп кетуі әбден мүмкін, – дейді Қасым Жасұланұлы.

Мәрлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале