Көшеге ілінген қарапайым жарнаманың қиындысы жеткіншек қыз баланың өміріне бағдар болады деп кім ойлаған? Бірақ дәл сол сәттен бастап ол спортқа қызығып, табандылықпен жаттыға бастайды. Қазір Әсем Меңдеш – әлем чемпионы, ел намысын халықаралық аренада қорғап жүрген спортшы.

Әсем биыл Орал қаласындағы №52 мектептің 7-сыныбын тәмамдаған. Жасы он екіде. Сабақта да, спортта да жетістікке жетуді күнделікті дағдыға айналдырған. Ол күн сайынғы уақытын нақты жоспарлап, сол кестеге бағынып, әр күніне жауапкершілікпен қарайды. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – Батыс Қазақстан облысының шинкиокушинкай каратэ федерациясы атынан республикалық әрі халықаралық жарыстарға қатысатын спортшы. Каратэге жеті жасында өз қалауымен келген. Бүгінде Азия және әлем чемпионаттарының жеңімпазы атанып үлгерген қаршадай қыз бала – спорт шеберлігіне үміткер.
– Қызым Әсем жеті жасқа толған шағында үйге қолында бір қиынды қағазбен кірді. Кәдімгі көшеден жұлып алған жарнама, аялдамада жабысып тұрған жерінен өзі байқаған екен. Қағаз бетінде бір үйірменің атауы мен телефон нөмірі ғана бар. «Каратэге барғым келеді», – деді жанары жалын атып. Қызының қалауын жерге тастамаған әкесі ертесіне-ақ оны Зашаған кентіндегі «Жекпе-жек» орталығына ертіп апарды. Қолынан ұстап, жаттығу залына бірге кірді. Алғашқы жаттығудың қалай өтетінін өзі көріп, көңіліне сенім ұялатты. Қызымыз үшін каратэмен таныстық осылай басталды. Көп ұзамай-ақ бапкері Әсемнің ынтасы мен икемін жоғары бағалап, арнайы кимоно мен жабдық керек екенін айтты. Біз де қолдан келгенше қолдадық. Содан бері қызымыз бір де бір жаттығуды қалдырған емес. Менің байқауымша, бұл зал оның өмірлік мінезі қалыптасқан ортаға айналды. Сабырлық, тәртіп, мұрат-мақсатқа табандылықпен ұмтылу – бәрі осы каратэ арқылы санасына дарып келеді. Көшеден жарнаманың қиындысын алып келген бүлдіршін қыз – бүгінде байсалды, тәртіпті, арманы айқын, ел намысын қорғайтын жасөспірім спортшы, – деп естелігімен бөлісті Әсемнің анасы Гүлдерайым.

Иә, арманы асқақ Әсемнің көздегені – каратэдан қара белбеу иегері атану. Бұған қоса, кәмелетке толғаннан кейін ол Жапонияда өтетін әлем шемпионатының татамиінде ел туын биіктен желбіретуді мақсат етіп отыр.
– Мен каратэмен 2019 жылдан бері шұғылданамын. Бірақ ең алғашқы медалім 2021 жылы Орал қаласында өткен республикалық «West Cup» турнирінде бұйырды. Бұл менің спорттағы алғашқы жеңісім еді, сол сәт әлі күнге дейін жадымда. Содан бері түрлі қалалық, облыстық, республикалық және халықаралық турнирлерге қатысып, жүлделі орындардан көрініп келемін. 2024 жылы Қырғызстанның Бішкек қаласында өткен киокушинкайрю каратэ бойынша Азия чемпионатында жеңімпаз атандым. Сол жылы киокушинкай каратэден спорт шеберлігіне үміткердің талабын орындадым. Бұл мен үшін үлкен жетістік әрі жаңа белес болды. Биылғы наурыз айында Ақтау қаласында өткен шинкиокушинкай каратэден Қазақстан Республикасының чемпионатында бірінші орын алып, ел чемпионы атандым. Осы жарыстың нәтижесінде мен әлем чемпионатына жолдама иелендім. Ал ең есте қалған жарысым – биылғы мамыр айында Германияның Лейпциг қаласында өткен IFK каратэ ұйымының әлем шемпионаты. Бұл додаға 30-дан астам елдің спортшылары қатысты. Мен төрт жекпе-жек өткіздім. Ақтық сында Израильдің мықты спортшысымен кездестім, бар күшімді салып, сол жекпе-жекте жеңіске жеттім. Бұл – менің спорттағы әзірше ең биік тұғырым, – деді Әсем Меңдеш.
Бүгінде ол аптасына бес рет жаттығады. Сабақ пен спортты қатар алып жүрудің машақаты көп екенін өзі жақсы біледі. Әсіресе оқу жылы барысында оңай болмаған екен. Күні бойы Зашағандағы мектепте отырып, кешкілік қала ішін кесіп өтіп, 6-шағын-аудандағы жаттығу залына үлгеруге тырысатын. Бұл тынымсыз тірлік – Әсем үшін үйреншікті дағды. Әсемнің айтуынша, осындай қарбаласта оның бос уақыты қалмайды. Әр күні алдын ала жоспарланады. Мектеп тапсырмаларын уақтылы орындап, жарысқа да тыңғылықты дайындалады. Қатарынан қалмау үшін көп нәрседен бас тартуға тура келген. Бірақ оған ол еш өкінбейді.
– Жарыс кезінде қобалжу мен қорқыныш сезімі әлі күнге дейін болады. Қанша рет қатыссаң да, әлгіндей сезімнен қашып құтыла алмайсың. Бірақ мен үшін ең бастысы – өз-өзіңді жеңу. Себебі кейде қарсыласыңнан бұрын, өз ішіңдегі уайыммен күресуге тура келеді. Маған ата-анам әрдайым демеу болады. Олар тек материалдық жағынан ғана емес, күн тәртібімді үйлестіріп, жаттығуға дер кезінде апарып, арнайы тамақ мәзірін дайындап, барлық жағдайымды жасап отырады. Сол үшін ата-анама дән ризамын. Жаттықтырушыларым – сенсей Сұңғат Сайынұлы мен сенсей Исхан Солонго Уәлиханқызы да менің спорт жолындағы тіректерім. Олар маған, ең алдымен, тәртіп пен дербестікке негізделген өмір дағдысын дарытты. Каратэ арқылы мен жауапкершілікті сезініп, өз бетімше шешім қабылдауды, уақытты бағалауды, сабыр сақтауды үйрендім, – дейді Әсем шынайы ризашылықпен.
Гүлдерайым апа қызының спорттағы жолын әңгімелегенде, әр сәті көз алдында қайта жанданады. Қуаныш пен күйзеліс қатар өрілген сол күндердің әрбір үзігі ана жүрегінде терең із қалдырған. Әсем жаттығудан шаршап, қол-аяғы ауырсынып, үйге кірген сәттерде сырттай сыр бермесе де, аналық жүрек іштей езілсе керек. Соған қарамастан, ол бірде-бір рет қызын бұл жолдан қайтаруға тырыспаған. Есесіне үнсіз жанашыр, шынайы тілектес бола білген.

– Қызым каратэге ден қойған соң бір жылдың ішінде жарыстарға шығып, тәжірибе жинай бастады. Әрине, алғашқы кездері жолы бола бермейтін. Жиі жеңіліп, көңілі түсіп жүрді, бірақ еш мойымады. Қайта шыдамдылықпен бәрін еңсеріп, өзін қайрай білді. 2021 жылдың жазы есімізде ерекше сақталды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген командалар қатысқан «West Cup» турнирінде Әсем жүлдегер атанды. Бұл оның алғашқы жеңісі еді. Сол сәттегі қуанышын көріп, өзіміз де балаша шаттандық. Әсемнің күнделікті өмірі кәдімгі оқушы баланың тіршілігінен мүлде өзгеше. Таңғы алтыда тұрып, саябаққа барып жүгіреді. Жаттығудан кейін шаршап үйге келеді. «Аяғым сыздап тұр» деп жиі айтатын. Осындай сәттерде қолымнан келген көмекті жасауға тырыстым, сылап-сипауды (массаж) жасауды үйреніп алдым. Әкесі екеуіміз күн тәртібін реттеп, тамағын уақтылы беріп, сабағы мен жаттығуларын үйлестіріп отыруға тырысамыз. Сол жылы қыркүйекте жаттығу кезінде қызым аяғын сындырып келді. Бір ай гипспен үйде жатты. Ана ретінде алаңдадым, бірақ ол жарақатына қарамастан, спорттан қол үзген жоқ. Үнемі бапкерімен байланыста болып, қолынан келгенше жаттығуын жалғастырды. Гипсті шешкен соң дәрігерлер біраз уақытқа дене шынықтырудан босатқан болатын. Бірақ ол жаттығуға қайта оралды. Қызымның сол кездегі қайсарлығы, табандылығы мені әрі таңғалдырды, әрі сүйсінтті. Қызым қиындыққа мойымай, өз ісіне деген ықыласын жоғалтпады. Қазір Әсем 12 жаста. Жарысқа барарда киімін өзі үтіктеп, киім-кешегі мен басқа да керек-жарағын өзі жинап алады. Мінезі байыпты, жауапкершілігі жоғары. Құрбы-құрдастарына қарағанда әлдеқайда естияр көрінеді. Қазірден бастап болашағын спортпен байланыстыруға ниетті. Ал біз үшін ең бастысы, қызымыздың арманы орындалса екен дейміз. Қай бағытты таңдаса да, әрқашан жанынан табылып, қолдау көрсетуге дайынбыз, – дейді әлем шемпионының анасы.
Әсемнің спорттағы жолы тек медаль мен марапаттардан құралмаған. Бұл – тәртіп пен төзімнің, отбасылық қолдаудың және ішкі сенімнің жемісі. Ол жас болса да, мақсаты айқын, жауапкершілігі жоғары. Ал ананың үнсіз жанашырлығы мен әкенің тұрақты қолдауы оның әр қадамына тірек, әр жеңісіне баспалдақ болып келеді. Оны алда талай белес, талай сынақ күтіп тұрғаны анық. Алайда Әсемнің өз жолынан жаңылмайтынына сенім мол. Өйткені оған ең маңызды қасиет – ерік-жігер мен табандылық тән.
Аружан Аманжол,
«Орал өңірі»